Accessibility links

Чернобыль атом электр станциясында болған апаттың 20 жылдығы тұсында АҚШ пен Украинаның өкілдері оның қауіп-қатеріне баса назар аударды


Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымындағы АҚШ комиссиясының тыңдауларында қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік хатшы көмекшісінің міндетін атқарушы Стиф Рэдмэйкер және АҚШ-тағы Украина елшісі Олег Шамшур улы заттар тығындалған саркофаг-табыттың жағдайы нашарлап бара жатқанына тоқталды. Мұндағы әңгіме жарылысқа ұшыраған төртінші реактордан радиацияның таралуын тежеп, оны сыртқа өткізбейтін болат қалқан- қабаттың құрылысы туралы болып отыр.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында өткен АҚШ комиссиясының тыңдауларында сөз алған Украинаның АҚШ-ғы елшісі Олег Шамшур:

- Естеріңізге салуға рұхсат етіңіздер, 20 жыл бұрын реактордан шыққан отынның үш проценті ауаға тараған болатын. Бірақ оның жалпы Европаның қауіпсіздігіне төндіріп келе жатқан қауіп-қатерін әлі күнге дейін байқауға болады, - деді.

Украинаның АҚШ-ғы елшісі Шамшур Чернобыль апаты мұрасының салдарлары адамдардың денсаулығына ғана әсер етіп отырған жоқ, 200 тонна жоғары радиоактивті балқыған заттың да өзіндік әсері болып отыр деп атап көрсетті. Шамшурдың сөзіне қарағанда, осы реактивті заттар сыртқа шықпайтындай етіп қатырылып сақталған саркофагты тез арада конструкциялау ғана әлемді бұл радиоактивті заттардың қаупінен аман алып қала алады екен, сондықтан бұл тұрғыда шұғыл шаралар қолдану қажет дейді ол.

АҚШ мемлекеттік департаментіндегі ядролық қауіпсіздендіру бойынша аға үйлестіруші Уаррен Стирн де Шамшурдың алаңдаушылығын қостады.

- Осы жылдар бойына ең үлкен алаң тудырып келген және алда да жалғаса беретін нәрсе ол- бұл қалқан құрылысы құлап қала ма деген қауіп. Ол өте тез арада салынды және оның құрылысы жүргізілген кезде қажетті барлық компененттер қосылған жоқ,- деп атап көрсетті Стирн.

Десекте, Стирннің бастығы Рэдмэйкер болса бұл ретте мықты шаралар жүзеге асырылатынына сенімді. Ол АҚШ пен Жетілік тобының кездесуі Чернобыль аймағындағы қауіпсіздіктің нығаюына ықпал етеді және осы онжылдықтың соңына дейін бұл арада мықтырақ қалқан тұрғызылатын болады деп атап көрсетті.

- Чернобыль қалқанын жүзеге асыру жоспарының негізгі тетіктері қосымша жүйелердің құрылысымен бірге оның алдын- ала жұмыс істеуін, сондай-ақ саркофагтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, міне мұның бәрі жақын арада толықтай іске асады. Бұл жоспар өзінің ең соңғы және маңызды кезеңіне аяқ басты. Осы комплекстің жұмыс істеуі- ең басты мақсат. Жаңа қауіпсіздік қалқанын тұрғызу 2009 жылы жүзеге асуға тиіс.

Бұл аралықта құрылыстың мықты, берік болатындығын Стирн де өз кезегінде мақұлдай түскен болатын. Комиссияның төрағасы, Конгресс мүшесі Кристофер Смитс пен АҚШ-ғы Украинаның елшісі Олег Шамшур Чернобыль апатының келтірген зардаптары мен салдарлары туралы тек болашақта ғана адам баласы нақыт біле алады дегенді баса атап көрсетті.

- Чернобыль салдарлары туралы бірқатар зерттеулер біздің ол туралы білімімізді жетілдіре түскенімен, біз мұнда әлі де болса оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қаншалықты ұзақ мерзім бойына әсер ететіндігін білмейміз. Бұл тұрғыда терең зерттеулер жүргізіп, қимыл-әрекеттер жасау қажет,-десе Смитс, Украина елшісі Олег Шамшур Чернобыль апаты салдарынан болған зардаптар турасында толықтай білуге тағы бір 70 жылдай уақыт керек болады дейді. 1986 жылы болған Чернобыль апатының Украина халқы және басқа да ұлттар үшін ең үлкен салдарлары әлі алда болуы мүмкін деген ойын да жасырған жоқ.
XS
SM
MD
LG