Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер біріккен әскери жаттығулар өткізбек

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер осы жылдың соңына қарай Тәжікстанда біріккен әскери жаттығулар өткізбекші. Сондай-ақ 2007-ші жылға Ресейде лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес жаттығуларын өткізу жоспарлануда. Осылайша Шанхай бестігі одан әрі кеңейе түспекші. Бұл жөнінде Қорғаныс министрлерінің Бежіндегі бүгінгі басқосуында айтылды. Бұдан 10 жыл бұрын аталған ұйым құрылған еді.

ТМД елдерімен Қытай шекарасында өзара сенімділікті бекіте түсу мақсатында, 1996-шы жылы Шанхайда Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері кездескен болатын. Шанхай бестік тобы осы басқосу барысында құрылды. Өзара келісім бойынша ортақ шекара маңайындағы әскери күштерді азайтуға уағдаластық жасалған болатын. Олардың келісімі кейінірек жаңа ынтымақтастық даңғылдарына бастап шыққан еді. 1990-шы жылдардың соңына қарай бұл топ экономика саласындағы әріптестік жайын талқылай бастаған болатын. Джейнс тобының сарапшысы Алекс Ватанканың пікірінше, “Ұйғыр жікшілдері, Исламшылдық және этникалық жікшілдік сауалдары Қытайды өте мазасыздандырған болатын. Мұндай жағдайда өз шекарасының келесі жағындағы- өзімен бірге жұмыс атқара алады деген көзқараспен- Қазақстан, Қырғызстан сияқты елдерге көз салуы- Қытай үшін жалғыз табиғи қадам еді. Олар солай істеді де. Мұның өзі Шанхай ұйымының құрылуы болды”, дейді сарапшы.

Ал, Ресей үшін Шешен жікшілдері, сондай-ақ Орта Азия мемлекеттері үшін өз ішіндегі Ислам қауымдастығымен байланыстар едәуір сауалға айналған болатын.

Өзбекстан Ислам қозғалысы 1999-дың жазында пайда болды. 2000-шы жылы олар елге оралып, Өзбек үкіметін құлатып, Ислам халифатын орнатпаққа әрекеттер жасады. Сонымен осындай әрекеттерден жасқанған ресми Ташкент келер жылы Шанхай ұйымына мүшелікке ұмтылды. Лондонда орналасқан Соғыс және Бейбітшілік институтының сарапшысы Джон Мклеодтың айтуынша, “Мұнда 2001-ші жылы аса маңызды өзгеріс болды. Өзбекстанның қосылуымен ұйым Шанхай алтылығын немесе қазіргі құрамын жасақтады”, дейді МкЛеод мырза.

2001-ші жылғы 11-қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ-тың бастауындағы коалиция күштері Қырғыз, Тәжік және Өзбек жерлеріне орналаса бастады. Осының нәтижесінде Орта Азиядағы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының маңыздылығы төмендей түскендей еді. Ал, 2005-ші жылы Әндіжан оқиғасы орын алды. Қарапайым шерушілерге оқ жаудырған Өзбек үкіметіне Құрама Штаттар мен Еуропа одағы бірден сын айтты. Жағдайдың халықаралық дәрежеде зерттелуіне шақырды. Өзбек үкіметі ондай шақыруларды қабылдамай тастаған.

Ал, 2005-ші жылдың шілде айындағы Шанхай ұйымының саммитінде оның басшылары Құрама Штаттарының Орта Азиядағы әскери базаларын көшіру кестесін жасауына шақырды. Сонымен, АҚШ күштері Өзбекстанның Ханабад базасынан сол жылдың соңында шықты. Ұйымның 10 жылдығы қарсаңында мүшелікке ұмтылушылар саны арта түсуде. Ұйымда қазір Монғолия, Иран, Пәкістан, Үндістан елдері бақылаушы ретінде қатысуда. Ауғанстан да қатысып отыр.
XS
SM
MD
LG