Accessibility links

Қазақстанда АҚШ ақшасының бағамы арзандап, теңгенің құны арта бастады


Сәуірдің 27-күні Қазақстанның қорлар биржасында АҚШ доллары сәрсенбімен салыстырғанда 0,09 теңгеге арзандады. Сөйтіп, доллар бағамы 124,11 теңгені құрады. Қазіргі кезде мамандар алдағы уақытта теңгенің бағамы қалай өзгеретінін болжай алмай отыр. Себебі, барлығы Қазақстанның Ұлттық банкі жүргізетін саясатқа байланысты болады, дейді олар. Ал кейбір саясаткерлер мұны ресми Астананың саясатымен байланыстырады.

Қазақстанның қорлар биржасында АҚШ долларының бағамы біртіндеп өсе бастады. Өткен аптада бір доллардың бағамы 127 теңгеде 123 теңгеге, кейбір жерлерде 121 теңгеге дейін түсіп кеткен еді. Алдағы уақытты бұл бағам қалай болатынын болжау қиын, дейді Қазақстанның Қорлар биржасының Ақпарат және талдау бөлімінің бастығы Андрей Цалюк.

- Барлығы Ұлттық банктің валюталық реттеу саясатына байланысты. Егер олар қадағалап отырса, онда теңгенің бағамы бір қалыпты тұрады, ал егер ол бақылау болмаса, онда теңге қымбаттай береді. Бүгінгі таңда Ұлттық банктің валюталық реттеу саясаты анық болмай отыр. Себебі, соңғы рет жасаған мәлімдемелерінің бірінде Ұлттық банк жетекшісі бұл іске араласпаймыз дегенді айтты, бірақ сонымен қатар, доллардың тым арзандап кетуіне жол бермейміз деді. Сол себептен доллардың қаншалықты арзандап, теңгенің қаншалықты қымбаттайтыны туралы болжам жасау қиын болып тұр, - деді А.Цалюк мырза.

Мамандар теңгенің қазіргі бағамын 1999 жылдың мамырымен салыстырып отыр. Себебі, сол жылғы сәуір айының басында доллардық құны бірден жоғары көтеріліп кеткен еді. Бұл елде президенттік сайлаудың аяқталған кезі болатын дейді Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі, экономист Серікболсын Әбділдин.

- 1998 жылы басталып, 1999 жылы аяқталған президент сайлауы доллар төңірегінде көптеген өзгерістер туғызған еді. Сайлау жүріп жатқанда үкімет долларды бір деңгейде ұстап отырды да, бірақ, соңынан доллар мен теңге арасын тым алшақтатып жіберді, - дейді Әбділдин мырза.

Саясаткерлер доллардың теңгеге шаққан бағамын саясатпен байланыстырса, қаржыгерлер әлемдегі жағдаймен түсіндіреді. Қазақстандық қаржы маманы, бұрын Қазақстаның Ұлттық банк төрағасы болған Ғалым Байназаров қазіргі ақша бағамындағы өзгерістерді Ұлттық қордың жағдайымен түсіндіреді:

- Доллар өзі кейінгі екі жылда осындай тұрақсыздау болып тұр. Бұл енді Американың ішкі жағдайына байланысты, мұнайдың құны өсіп тұр қазір. Сонымен қатар, мына біздің елдегі жағдайға байланысты деп ойлаймын. Себебі, бізде мына экспорттың көлемі үлкен. Мұнайдан түскен ақшаның Ұлттық қорға түспей жатқаны да әсер етіп отыр бұған. Бірақ, бұл жағдайды Ұлттық банк бақылап отыр.

Мамандар үстіміздегі жылдың екінші жартысында жағдай біртіндеп өзгереді деген ойда. Сонда доллар бағамы 115-120 теңге аралығында болады деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG