Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.27.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылым беттерінде 2006 жылы Қазақстанда қалалар мен аудандардың 30 пайызында әкімдер сайлауы өтетіндігі жайлы мақалаларға орын берілсе, бірқатар басылымдар Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты мақалалар жариялапты.

«Айқын» газетінде жарияланған «Сәбеттер мен пірсілдәтілдер қайта келіп, әкімдер құриды» деген мақалада биылғы жылдан бастап елдегі әкім атаулының жоғалатындығы жазылған. Автор журналист Айхан Шәріп бұдан былай «ауыл әкімі» деген лауазым «ауылнай», «болыс» сияқты көнерген ұғымдардың қатарына барып қосылмақ, оның орнына Қазақстанның барлық түкпіріндегі елді мекендерде «кеңестер» өз үкіметін «құруға кіріседі» деп жазады. Сондай-ақ, мақалада мемлекеттік комиссия мүшелері, Үкіметке биыл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің заңнамалық тұғырын қарастыру керектігін ұсынып отыр. Заң жобасын бұрынғы Демократияландыру жөніндегі Ұлттық комиссия әзірлеген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын негізге ала отырып, ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов дайындаған екен. Заң жобасында жергілікті жұртшылық құпия дауыс беру арқылы «кеңес» мүшелерін сайлайтыны жазылыпты. Кеңесті төраға басқарса, оны да тұрғындар таңдап қояды делінген. Жергілікті өзін-өзі басқару органының жеке бюджеті де болмақшы. Мемлекеттік комиссиясының қалған ұсыныстары бойынша, ел басшылығы маслихаттардың рөлін, қала мен аудан бюджетінің жұмсалуын қадағалай алатындай етіп арттыру, есеп комитетінің құзырын «жоғарғы қаржылық бақылау» органы мәртебесіне жеткізу деп жазады «Айқын» газеті.

Ал «Литер» газетінде астаналық тілші Жазира Букинаның «Тапсырма орындалды» атты мақаласы 10-шы маусымға дейін қала мен ауыл әкімдерін сайлаудың нақтыланған, жан-жақты зерттеліп, зерделенген механизмі ұсынылмағы айтылады. Журналистің жазуынша, мемлекеттік комиссияның үшінші отырысында тыңдалатын Үкіметтің баяндамасында айтылған ұсыныстарды Парламентке жолданатын болады.

«Казахстанская правда» газеті мемлекеттік комиссияның сәрсенбі күнгі отырысына «Отан», «Асар», «Ақ Жол» партияларының өкілдері қатысқандығын жазады. Отырыста «Патриоттар» партиясының жетекшісі Ғани Қасымов саяси құрылымды бірінші кезекке қойса, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева БАҚ туралы жаңа заңның жобасын парламентке 2006-жылдың маусым айында енгізуді ұсынғаны айтылады. Елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев Қазақстандағы БАҚ өкілдері қарқынды жұмыс істеуде деген баға беріпті. Оның айтуынша, мемлекеттік комиссияның бірінші отырысынан кейін, 216 ақпараттық және сараптамалық мақалалар, 90-ға жуық материалдар электрондық ақпарат арқылы таратылыпты.

«Жас Алаш» газетінде жарық көрген «Дариға Назарбаева эмоцияға беріліп, жаңсақ кеткен көрінеді» деген мақалада «Рейтер» агенттігінің хабарына сілтеме жасалыпты. Онда Дариға Назарбаева кісі қолынан қаза болған оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты қозғалған іс бойынша тергеушілердің алдында жауап бергендігі айтылады. Сонымен бірге, тергеу кезінде Дариға Назарбаева бұған дейін осы қазаға байланысты мерзімді басылымда өзі жазған мақалада айтылған пікірлерден бас тартып, онда «эмоцияға беріліп, жаңсақ кеткендігін» айтыпты деген ақпаратты «Рейтер» агенттігі таратқанын «Жас Алаш» газеті көшіріп басыпты.

Алайда, бейсенбі күні «Mizinov.net» Интернет басылымында «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева осыған дейін «Караван» газетінде өзі жазған «Дежа-вю» атты мақалада өз ойын білдіргендігін растапты. Ал, бірқатар ақпарат құралдарында «Назарбаева ол мақаласында айтқанынан енді бас тартыпты» деген ақпаратқа қатысы Дариға Назарбаева: «бұл журналистердің кезекті қауесеті» деп жауап бергені жазылыпты.
XS
SM
MD
LG