Accessibility links

Баспасөз шолуы. 04.28.2006 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстанда бүгін жарық көрген баспасөз беттеріндегі басты тақырыптар ретінде республикада Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысының қортындысы, қазақ тілі мәселесі, «Қазақстан» мемлекеттік телеарнасында басшының ауыстырылуынан туындаған даулы жағдай, сондай-ақ «құс тұмауы» жайында мақалалар беріліпті.

Күнделікті газеттерде және бірқатар апталық басылымдарда шықан мақалалар осы апатада Астанада өткен «Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» екінші отырысын қортындылапты.

«Оппозиция өкілдері тағы да қатыспаған бұл жолғы отырыста президенттің өзі болмағанымен, оның қызы Дариға Назарбаева қатысты және қортындысында 5 комиссия жұмыс істейтін болып шешілді» деп жазады «Панорама» апталығы. Ол комиссиялар - жергілікті өзін-өзі басқару, құқық қорғау саласындағы жұмыстар, азаматтық қоғамды дамыту, конституциялық даму перспективасы бағыттарында жұмыс істемек екен.

«Түркістан» апталығы осы комиссия отырысында, біріншіден, құжаттардың бәрі мемлекеттік тілде дайындалмағанын, жиының мемлекеттік тілде өтпегенін айта отырып, «Әлихан Байменов пен Ермұхамет Ертісбаев арасындағы сөз жарысын айтпағанда, маңызды ештеме көзге түспеді» деп айта келіп, «комиссия өз жұмысында Президент әкімшілігі түзген сценарийден ауытқып кетпейтін секілді» деп қортындылапты. Сондай-ақ, «Түркістан» апталығы қазақ тілі, мәдениеті, жалпы өмір туралы белгілі ақын Қасым Бегмановпен «Алматы қазақша сөлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді» деген сұхбатын жариялап, көпшілікпен мемлекетік тіл тағдыры туралы ой бөліссе, «Ана тілі» басылымы 2003 жылы арнайы заң қабылданғанына қарамай кейбір жоғарғы әскери институттар мемлекеттік тілді менсінбей отырғанын жазыпты.

Кейбір интернет беттері мен басылымдар «Қазақстан» телеарнасындағы басшылықтың ауысуы төңірегіндегі дау-дамайды одан әрі дамытып жатыр. «Навигатор» интернет-парақшасының бетінде Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев мырзаға бағытталған екі мақала басылыпты. Бірі - осы «Қазақстан» телеарнасы туралы «ол өзі (Ертісбаев мырза) қазақша білмегендіктен бұл арнаны ешқашан көрмеген, сондықтан мәселенің мұнша ушығатынын алды-ала білмесе керек» деп, министр мырзаның телеарна басшысын ауыстырғанын қателік деп бағаласа, екінші мақалада - ақпарат министрлігі белгісіз себептермен 31 жаңа басылымды тіркемей отырғанын жазыпты. Парламентте де әжептеуір әңгіменің арқауы болған «Қазақстан» телеарнасының төңірегіндегі дауға «Панорама» басылымы «Қазақстан зиялы қауым өкілдері де екіұдай көзқарас білдіріп, бұл арнаның Еуразиялық қаржы тобына берілетіні рас болса, ұлттық арна Машкевичтің дегенімен сайрамасына кім кепіл?» деп, алаңдаушылық білдіріп отырғанын жазса, «Ана тілі» басылымында телеарнаның барлық облыстық филиал басшылары «жаңа келген басшылық ұлттық мүдде бағытында жұмысты жалғастыра береді, сондықтан даурығып, алаңдаушылық білдіруге негіз жоқ» деп, оқырман көпшілікке мәлімдеме жариялапты.

Көктем келе Қазақстан жұртшылығын біраз алаңдатып отырған «құс тұмауы» мәселесі «Караван» және «Егемен Қазақстан» басылымдарында айтылыпты. Жақында Қарағанды облысындағы Красная Нива селосындағы құстардың жаппай қырылу себебі әлгі адамға қауіпті тұмаудың Н5N1 түрі емес деп қортындылайды «Караван» апталығы, Тұмауды бақылайтын Ұлттық орталық мамандарының пікіріне сүйеніп. Ал «Егемен Қазақстан» «Өзен-көлге құс келді, сақтық шаралары қалай?» деген мақалада, былтыр құс тұмауы байқалған бес облыстан арнайы репортаж беріп, «сақтансаң сау боларсың» деп қортындылапты.
XS
SM
MD
LG