Accessibility links

Жақын болашақта Қазақстан халықтарының ассамблеясы туралы заң қабылданып, осы ұйымның мәртебесі көтерілетін болады. Бұл туралы Астанада 1 мамыр күні Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесінің шараларында президент Назарбаев хабарлады. Біз бәріміз бүр түбірден - Адам мен Хауа-анадан шықтық, мұны тіпті ғалымдар дәлелдеген, деді президент.

Жалпы, Қазақстанда ресми түрде танылған 8 мереке бар. Ал, жұртшылық арасында ресми мерекелердің мазмұн-сипатына басқа да қыр-сырларына байланысты әрқилы көзқарастар қалыптасқан. Мысалы, мамырдың 1-і күнгі мерекенің Қазақстан халықтарының мейрамы деген атауының өзі өрескел қателік деушілер бар. Олардың пікірінше, Қазақстанда бір-ақ халық - Қазақстан халқы ғана бар. Астананың тіл және мәдениет қоғамының төрағасы Әнуарбек Оралы да бұл пікірге қосылып отыр:

- Мысалы, Қазақстанда қазақ халқы тұрады негізі. Қалғандарының бәрі басқа ұлттың өкілдері, олардың өз тарихи отандары бар. Қазақ халқының бірлігін қазақ тілінің негізінде барлық халық сол бірлікті сақтауға тиісті.

Ал, Еуразия институтының профессоры Қадыр Ахметовтың айтуынша атауда тұрған ештеңе жоқ, бірақ, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру қажет, дейді ол:

- Әр халықтың осындағы диаспорасы болып есептелетіні анық қой. Әрине, мерекені Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі деп атаған дұрыс. Себебі, олар бір республиканың астында жақсы болып отыр. Басқа халықтардың қазақ тілін үйренуге құштары бар. Бірақ, дегенмен осы мәселеде тегеурінді саясат керек.

Қырғыз ұлттық мәдени орталығының мүшесі Қанек Шырақовтың айтуынша Қырғызстанмен салыстырғанда Қазақстандағы мемлекеттік тілге деген көзқарас жақсы:

- Қазақ тілін көтеріп жатыр жақсы ғой. Орыстар халықтың көпшілігі болған соң араластырып сөйлесе керек. Қырғызстанда шенеуніктердің көбі негізінде орысша сөйлеседі.

Ұйғыр ұлттық мәдени орталығының төрағасы Мұрат Тоқтыбакиевтың айтуынша қазақ халқына жақын елдер мемлекеттік тілді оңай үйренеді:

- Біздің халық ұйғырлар қазақ тілін жақсы біледі. Бәріміз мектепте оқимыз. Онда қазақ тілінде 2-3 сабақ береді, басқа мектептерде ондай қосымша сабақ жоқ. Біздің мектептерде 10 бітіргенде бәрі 100 пайыз үйреніп шығады, сол үшін біздің дініміз бір, діліміз бір.

Қайсібір сарапшылардың пікірінше, Қазақстаннан өзге елдерде мемлекеттік тілге деген қамқорлық әлдеқайда батыл жүргізіледі. Ал, Ақпарат министрлігінің тіл комитеті бөлімінің бастығы Спабек Айтбозымов бұл пікірмен келіспейді:

- Тілді саясатқа айналдыруға болмайды. Біздің мемлекетіміздің тірегі бірлікте. Біздің мемлекеттік тіл өзге ұлттарды біріктіретін тілге айналып келе жатыр.

Ал, терминдерді ұзақ жылдар зерттеген Астанадағы медициналық академия доценті Мұхамбедиа Ахметовтың айтуынша, тілдің аясын біртіндеп кеңейту керек:

- Бір күнде ауру жазылмайды. Ол санаға сіңіп кеткен. 100 жылдан астам орыс тілді түбір, орыс тілде ойлану кірген соң, бірден қазақшаға алып кету қиянат.

Ал, кейбір диаспора өкілдері қалай болғанда да бірлікті сақтау керек деген пікірде. Бұл пікірмен президент Назарбаевтың да мәлімдемесі ұштасып отыр. Оның айтуынша, жақын болашақта Қазақстан халықтарының ассамблеясы туралы заң қабылданып, ол ұйымның мәртебесі көтерілетін болады.

- Біз бәріміз бүр түбірден - Адам мен Хауа-анадан шықтық, мұны тіпті ғалымдар дәлелдеген, - деді президент.

Биыл Қазақстанда республикалық бюджеттен мемлекеттік тілді дамыту мақсатына 500 миллион теңгеден аса қаржы бөлінеді деп айтылып отыр.
XS
SM
MD
LG