Accessibility links

Мамырдың 3-і - халықаралық баспасөз еркіндігі күні

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” қоры үстіміздегі жылдың өткен төрт айындағы сөз еркіндігінің қазіргі жағдайына жүргізген зерттеулерінің қорытындысын жария етті. Аталмыш қордың есебі бойынша осы кезеңде 3 басылым сот шешімімен жабылса, 5 журналист соққыға жығылған екен.

Сөз бостандығын қорғау жөніндегі “Әділ сөз” қорының қызметкері Ғалия Әженова елдегі баспасөз еркіндігінің жағдайы күрделі күйде екенін айтады.

“Демократиялық даму жолына түскен Қазақстанда сөз еркіндігі бар деп айту қиын. Өйткені, оған жылдан-жылға баспасөз өкілдеріне ақпарат бермеу, қысым жасау, қорқыту-үркіту сияқты келеңсіз жағдайлардың көбеюі негіз болып отыр. Мәселен, осы төрт ай ішінде 5 журналист қамауға алынған, бірнеше газет жабылды немесе олардың шығарылымы заңсыз деп табылды. Ал журналист пен басылымды жала жапты немесе сот шешімін орындамады деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартудың төрт айда 9 оқиғасы тіркелді. Іскерлік бедел мен ар-намысты қорғауға байланысты 45 жағдай тіркелді. Оның моральдық шығын талап еткен барлық сомасын қосып есептегенде 609 млн теңгеден асып отыр”, - дейді Ғ.Әженова.

Жоғарыда келтірілген деректерді баспасөз саласындағы кейбір қазақстандық қоғамдық ұйымдар да жоққа шығармайды. Алайда олар Қазақстанда сөз еркіндігі мүлде жоқ деген пікірмен келіспейді.

“Қазақстанда сөз еркіндігі бар деп те, жоқ деп те айтуға болады. Себебі, кейбір телеарналар мен басылымдарға цензура бар. Бізде сөз еркіндігін қалыптастыру үшін уақыт керек”, - дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Мұндай пікірге бірқатар журналистер де қосылады.

“Қазақстандағы сөз еркіндігі даму үстінде. Себебі, бізде оппозициялық басылымдар шығады. Кейде мемлекеттік басылымдардың өзі де ашық жазып жататын кездері болады. Бұл ақпаратты жеткізуде еркіндіктің бар екендігін білдірсе керек. Ал енді баспасөз еркіндігінің деңгейі деген болады. Сол деңгейге келетін болсақ, оның қандай шамада екендігін өзім де бағамдай алмаймын”, - дейді журналист Сержан Молдасанұлы.

Қоғам өкілдері болса, баспасөзде көтерілген қоғамдық маңызы бар ой-пікірлер биліктің тарапынан үнемі ескеріле бермейді, керісінше, биліктің саясатына сыни тұрғыда қарайтын журналистердің қуғынға түсіп жатуы да жиі кездесетінін айтады.

“Журналист төртінші билік болу керек деген сөз бар. Сол дәрежесіне жетпей тұр. Себебі, журналист жазғанымен оған құлақ асып, шара қолданып жатқан билік өкілдері жоқ. Осы басылым дұрыс айтып, шындықты жазып жатыр екен деудің орнына, оларды басып, үнін өшіріп тастауға тырысады. Сондықтан, сөз еркіндігі бар деп пікір айтудың өзі қиын”, - дейді қатардағы азамат Аманжол Жақсылықұлы.

Қазақстандағы сөз еркіндігіне баға беріп отырған “Әділ сөз” қоры мамырдың 3-і халықаралық еркін сөз күніне орай Алматы қаласындағы Оңтүстік бақта ағаштар отырғызбақшы.
XS
SM
MD
LG