Accessibility links

«Қазақстан» телеарнасының бұрынғы қызметкерлері мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаевты сотқа бермек


Мемлекеттік "Қазақстан" телеарнасының бұрынғы қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты ар-намысымызға нұқсан келтірді деп, сотқа бермек. Сотқа шағымданып отырған 10 адам өздерінің моральдық шығындарын 1 миллиард теңгеге бағалап отыр.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының журналистері елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевқа қарсы арыз-шағымды бірден 3 мәселе бойынша беретіндігін айтып отыр. Олардың мүддесін жақтаушы заңгер Алмат Жүсіповтың сөзіне қарағанда, біріншіден, министр бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұқбатында «Қазақстан» телеарнасы журналистерінің «құқықтық саналары төмен» деп баға берген. Бұндай пікірін Е.ЕРТІСБАЕВ мырза сәуір айының 20-күні Алматыда Еуразиялық медиа-форум кезінде білдірген еді.

«Білесіз бе, біздің қоғамда жалпы қоғамдық сана мешеулеу. Ал «Қазақстан» телеарнасының кейбір қызметкерлерінің құқықтық санасы тіпті жоқ», - деп еді министр.

Екіншіден, дейді заңгер Жүсіпов, министр журналистерді «шығармашылық жағынан жетілмеген» деп кінә тақты.

«Үшіншіден, министр бұл журналистердің көздегендері халықты ыдырату, бейберекеттіктер жасау деп мәлімдеді. Шын мәнісінде, бұл мәселелер болған жоқ. Мұның бәрі жала!» - дейді заңгер Жүсіпов.

«Қазақстан» корпорациясының бұрынғы тележүргізушісі Мұрат ҚОЖАМҚҰЛОВ өздерінің министрден талап ететін моральдық шығын көлемін де белгілеп отырғандарын айтты.

«Біз осы бірнеше мәселе бойынша министр Ертісбаев лауазымды тұлға ретінде Қазақстан заңдарына сәйкес жауап беруі тиіс деп есептейміз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтқан сол сөздері үшін жариялы түрде журналистерден кешірім сұрауын талап етеміз. «Қазақстан» ТРК журналистеріне тигізген моральдық шығынын 1 миллиард теңгеге бағалаймыз. Егер біз сотта жеңетін болсақ, бұл қаржыны жетімдер үйінің біріне аударамыз!» - деді Мұрат ҚОЖАМҚҰЛОВ.

Алайда, «Қазақстан» телеарнасының бұрынғы жетекші мамандарының бірі, кезінде Ғалым Доскен басшылыққа келгенде, осы арнадан қызметтен кеткен, өз аты-жөнін айтпауды сұраған тележурналист бұл телеарна шынымен соңғы жылдары шығармашылық тоқырауда болды деп баға береді:

- Телевидениені күнде жаңартпаса, оны ешкім де көрмейді. Сондықтан, бұл телеарнаның бағдарламаларын жаңартатын уақыт келген. Сонан кейін «телевизиялық» деген талапқа жауап беруі керек. Ал «Қазақстандағы» хабарлардың көбі әдеби-музыкалық хабарлар болатын.

Ал Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы МАТАЕВ болса министрдің журналистердің атына айтқанымен келіспейді. Ол журналистердің өз құқықтарын сотта қорғамақ ниетіне қолдау танытып отыр:

- Министрдің орысша айтқан: «творчески не состоявшиеся» деуі жарамайды. Мен оларға сотқа бергенде арызды қазақша жазып, министрге сұрақтарды қазақша қойыңдар деп отырмын...

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының бұрынғы қызметкері Мұрат Қожамқұлов, министр Ермұхамет Ертісбаевтың артында былтыр «Форбс» журналындағы әлем байларының қатарына кірген Қазақстан олигархтарының бірі Александр Машкеевич басқаратын Еуразиялық өнеркәсіптік топ тұр деген пікір айтады:

- Бұл қауесет емес. Ертісбаевтың артында Еуразиялық өнеркәсіптік қаржы топтары тұрғанын біз білеміз. Бұл туралы бізде мәлімет бар. «Қазақстан» ТРК басшылығы ауысқанның ертесінде-ақ Еуразиялық банк қызметкерлері біздің корпорацияда жүрді.

Бірақ, Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев «Қазақстан» корпорациясы төңірегіндегі дауды тексеру барысында әлгіндей деректің дәлелденбегендігін айтты:

- Мен мына қоғамдық комиссияның мүшесімін ғой. Сондықтан, «Қазақстанға» барған кезде сол әңгімені дәлелдейтін ешқандай қағаз таппадық. «Машкеевичтің адамдары» телеарнада істеп жүр деп естідік, бірақ біз оларды көрмедік! Жоқ!

Бұған дейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бұрынғы қызметкерлері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған болатын. Бірақ оған әлі ешқандай жауап болған жоқ. Енді журналистер жақын күндері Астанада министр Ертісбаевқа қатысты арыздарын сотқа табыс етпекші. Ол шағымға 10 адам қол қойған. Ал 123 қызметкер Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімі бойынша «Қазақстан» телеарнасының басқарма төрағасы Ғалым Доскен орнынан алынуына наразылық ретінде өз еріктерімен қызметтен кетуге арыз берген. Жалпы, толығымен мемлекеттік меншіктегі бұл телеарнада мың жарым адам жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG