Accessibility links

Орта Азиялық елдердің ресми үкіметі тәуелсіз журналистерді қатты қысым астына алуда

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Тәуелсіз журналистердің қызметі Орта Азия республикаларында ең қиын мамандықтың бірі деп есептеледі. Бұл елдердегі халықтар ақиқат шындыққа зәру болып отырған кезде үкіметтер елдегі жағдай жөнінде барынша бұрмаланған, ақиқаттан жырақ хабарлар таратып жатады. Ал ел өміріндегі шындықты айтамын, жазамын деген журналистер қудаланып, әділетсіз жазаларға кезігеді.

Күн сайын «Азаттық» радиосына Орта Азия аймағынан жетіп жатқан хабарларға қарағанда, әйтеуір кемінде бір журналистің қиындыққа душар болып жатқандығы айтылады. Тіпті, олардың ақиқат іздеймін деп жүріп, түрмеге түсетіндері де сирек емес.

Адам құқықтарымен шұғылданатын халықаралық ұйым «Хьюман Райтс Уачтың» Еуропа және Орта Азия бөлімі директорының орынбасары Рейчал Денбер журналистерге жасалып жатқан кейбір қысым жөнінде атап көрсетеді.

- Орта Азиядағы журналистер адам құқығын қорғаушылар секілді өте қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі, ол аймақтағы үкіметтер өз саясаты жөніндегі шындықтан халықты жырақ ұстауға, үкіметтік үдеріс, бюджет жағдайын елге білдірмеске күш салады. Себебі, ақиқаттан халықты алыс ұстау оларды жауапкершіліктен құтқарады. Сондықтан журналистер қажетті дерек-мәліметтерді ала алмайды. Ал ол елдердегі журналистер құқық, ереже қағидаларымен дерек жинамақ болса қандай мәселеге кезігетінін жақсы біледі. Сондықтан, цензура деген қиямет-қайымға душар болады, - дейді Денбер.

Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстандағы жағдайдың өз ерекшелігі бар. Бірақ, бір кездері 5 елдің бәрі бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жариялағаны шындық. Тәжікстандағы тәуелсіз баспасөз ұлттық ассоциациясының директоры Қаршыбаев былай дейді:

- Біздің ұйымның 7 жылдық қызметі кезінен байқағаным – сайлау жақындаса болды үкімет баспасөз құралдарына қатаң бақылауға кіріседі. Ол арада талай заң бұзылады.

Бірақ, ондай бақылау тек қанаТәжікстанға тән емес. Брюсселдегі журналистердің халықаралық федерациясының директоры Оливер Мани Керл бұл орайда өткен жылы Қазақстанда өткен президенттік сайлауды еске алады.

- Дәл осындай сайлау кезінде баспасөз саясатымен тәуелсіз баспасөзге нағыз қудалау, қысым басталады. Осы кезде журналистер ресми үкіметтің назарына тез ілігеді. Ал шетелдік үкіметтер де осы арада қызыға түседі, - дейді брюссселдік талдаушы.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы сайлауды бақылауға халықаралық ұйымдардан өкілдер келіп тұрады. Бірақ, бақылаушыларға Түрікменстанның есігі жабық. Ал Қырғызстандағы сайлау ерекше өткендігімен белгілі. Тәжікстанда президенттік сайлау алдағы қарашада өтеді. Сондықтан, Тәуелсіз баспасөз ұйымынан директор Қаршыбаевтің айтуынша:

- Қазірдің өзінде тәуелсіз ақпарат құралдары түрлі қарсылық пен қысымға ұшырай бастаған. Газеттерді мемлекеттік баспаханаларда басуға рұхсат жоқ. Ал жекеше баспаханалар жұмысынан айырылып, қаржыдан қағыламыз деп қорқады.

Ал енді Өзбекстанда, өткен жылғы мамыр айында, Әндіжан қаласында болған қырғын көптеген елді елең еткізді. Өзбек үкіметі бүлікшіл, террористер елде төңкеріс жасамақ болды деп, үкіметтік күштердің 187 адамды атып өлтірген ісі үшін ақталмақ болды. Ал сол арада болып, қырғын өз көзімен көргендер, ол жерде бейбіт шеру болған еді, ал қырылған адамның саны ресмилердің есебінен әлдеқайда көп дейді.

Соғыс және Бейбітшілік институтынан Ғалима Бұхарбаева Әндіжандағы сол қырғынға тікелей куә болып, бүкіл әлемге хабарлар таратты. Кейін Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болды.

- Өзбекстанда ресмилермен қызметтес болуға мүмкін болмай қалды. Әндіжан секілді бүкіл бір қала жұртын қырып жіберген ол әкімшілік, енді қырғын жөнінде шындықты жазған журналистерге шабуыл жасауы анық еді, - дейді Ғалима Бұхарбаева.

Өзбекстан ресмилері Әндіжан қырғынынан кейін «Азаттық», ВВС, «Дойче Велла» радиосының қызметкерлеріне осы елде жұмыс істеулеріне рұхсат бермей қойды.

- Өзбекстанда тәуелсіз журналистке жұмыс істеу мүмкін болмай қалды, - дейді Ғалима Бұхарбаева.

Ал Тәжікстандағы 1992-1997 жылғы азамат соғысы кезінде тек қана үкіметшіл ақпарат құралдары жұмыс істеді. Ол соғыс кезінде Тәжікстанда кемінде 70 журналист өлтірілген болатын.
XS
SM
MD
LG