Accessibility links

Халықаралық «Freedom hous» ұйымы сөз бостандығы бойынша Қазақстанды тағы да «еркін ел емес» деп таныды


Халықаралық «Freedom hous» ұйымы баспасөз еркіндігі жөнінде 2005-ші жыл бойынша әзірленген жылдық есебін жария етті. Онда әлемдегі 194 ел кірген рейтингте Қазақстан 165-ші орын алып, баспасөзі «еркін емес ел» ретінде танылды. Бұған негізі үш фактор әсер етіп отыр деді «Freedom hous» ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Антонио СТАНГО «Азаттық» радиосына. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда БАҚ-дарына заңдық, саяси-экономикалық тұрғыда шектеулер қойылып отыр.

Егер Орталық және Шығыс Еуропа мен бұрынғы совет елдерін алатын болсақ, Қазақстан 2005-ші жылы сөз бостандығы бойынша 27 елдің арасында 23-інші орынды алды, ал әлемдегі 194 елдің арасында 165-ші орынды иемденді. Сөз бостандығы бойынша бұл елде былтыр кері кету байқалды деді Халықаралық «Freedom hous» ұйымының жетекшісі Антонио Станго сәрсенбі күн.

- Бұл жағдай әсіресе президент сайлауы барысында көрініс берді. Осы ретте баспасөзге қатысты бірнеше теріс бағаның берілгенін білесіздер. Сондықтан, мен үлкен өкінішке орай, Қазақстанда 2005-ші жылы ешқандай алға жылжу болмағанын мәлімдеймін, - деді Антонио Станго.

Ол «Азаттық» радиосына берген сұқбатында Қазақстанда сөз бостандығына қатысты жағдайдың осыншалық нашар қалыптасуына үш фактордың әсер етіп отырғанын атады.

- Себебі, Қазақстан заңдарында көп шектеулер бар. Жала жабу бойынша әкімшілік істер қылмыстық істер ретінде қаралады. Әсіресе, президент пен оның отбасына қатысты жемқорлық оқиғалары бойынша журналистік зерттеу жүргізу мүмкін емес. Сондай-ақ, саяси салада да шектеулер бар. Себебі, үкіметтің БАҚ-тарын жабу тенденциясы мәлім. Сонымен бірге экономикалық шектеулер жөнінде де айтуға болады. Өйткені, Қазақстандағы БАҚ-ының бір қолдарда көп шоғырланғандығы белгілі, - дейді «Freedom hous» ұйымының өкілі Антонио Станго.

Алматыда орналасқан «Media-net» журналистика орталығының директоры Әділ Жалеловті халықаралық «Freedom hous» ұйымының қорытындысы еш таңдандырмайды. Ол Қазақстандағы сөз бостандығына қатысты қазіргі жағдай осыдан 3 жыл бұрын да, 5 жыл бұрын да тап осындай болатын деп баға береді. Әділ Жәлелов бұл орайда, осы жағдайды түзеу жолы да құпия еместігін айтады.

- Оның көптеген жолдары бар. Солардың бірі - Шығыс Еуропада қолданылатын тәсіл – елдегі медиа-базарды либералдандыру. Яғни, бұл базардағы шетелдіктердің үлесін 20 пайыздан 50-100 пайызға дейін арттыру. Сонымен бірге журналистердің өз құқықтарын қорғауларына үйрету керек. Осы сияқты сөз бостандығын сапалы деңгейде қамтамасыз етудің басқа жолдарын да іздестіруге болады. Елдегі сөз бостандығына қатысты айта беруден гөрі қазір оны түзетудің нақты шараларын қолға алған жөн, - дейді «Media-net» журналистика орталығының директоры Әділ Жалелов.

Бұл уақытта Қазақстандағы оппозциялық басылымдар саны кеми түсуде. Мәселен, биылғы жылдың өзінде 2 тәуелсіз басылымның қызметі уақытша тоқтатылды. Тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай қазіргі таңда Қазақстандағы ақпарат құралдарының басым бөлігін тек билікке жақын басылымдар құрап отырғандығын айтады.

- Мемлекеттік басылымдар, президенттің өзі айтқандай, Қазақстандағы БАҚ-тардың 20-25 пайызын құрайды. Ал қалған 70-75 пайызы билікпен байланысып жатқан олигархтардың қолында. Ал оппозицялық басылымдар 1-1,5 пайыздан аспайды, - дейді журналист Ш.Құрақбай.

Ал мұндай пікірге қарсы полиция полковнигі Әлихан Бектасов уәж айтып, Қазақстанда оппозициялық басылымдар еркін жарық көріп жатыр дегенді алға тартады:

- Оппозиционерлер сөз бостандығы жоқ деп дабыра көтереді. Бұл дұрыс емес. Оппозицияның Алматыда ғана көптеген басылымдары шығады.

Дегенмен, халықаралық «Freedom hous» ұйымы Қазақстанды баспасөз еркіндігі жөнінен «еркін емес ел» деп танып отыр. Ал, Орталық Азиядағы басқа елдер, мәселен, Өзбекстан мен Түркіменстан халықаралық ұйымның бұл тізімінде Қазақстаннан да төмен түсіп, әлем елдері арасында ең соңғы орындарға жайғасқан. Қырғызстан 27 позиция бойынша Қазақстаннан алда тұр.
XS
SM
MD
LG