Accessibility links

Өзбек президенті Ислам Каримов Пәкістанда ресми сапармен болды


Бұл 14 жылдан бергі аралықтағы алғашқы сапар еді. “Өзбекстан Ислам қозғалысының кейбір мүшелері Пәкістан жерінде жасырынуда, ал ресми Исламабад оларды жою үшін тиісінше күрес жүргізбей отыр” деп сенетін Каримов пен Пәкістан үкіметі қарым-қатынастары біраз ширыға түскен болатын. Бұл сапар барысында бірнеше іскерлік және сауда келісімдеріне қол қойылды.

Ауғанстанда Талибан билігі құлатылғалы бері Өзбекстан Ислам қозғалысының бірнеше жүздеген мүшелері Пәкістанның Вазеристан аймағында жасырынып жүр деген жорамал бар. Ал, Өзбекстан президенті Ислам Каримов үшін бұл қозғалыс өзбек қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Әл-Қайда жауынгерлеріне қарсы күрес ашқан Пәкістан қауіпсіздік күштері болса, Өзбекстан Ислам қозғалысына мүше жауынгерлердің біразын өлтіріп немесе қолға түсірген болатын. Олардың денесін немесе тұтқын күйінде өздерін бере қоймады деп Өзбек билігі өкпелі қалуда. Тіпті ол қозғалысқа бүйрегі бұратындардың біразын Өзбек жағына тапсырған да еді. Алайда, қозғалыс басшысы Тахир Юлдашев әлі тірі және Пәкістан жерінде жасырынып жүр деген ой бар өзбек жағында.

Арада 14 жыл өткеннен кейін Өзбек билігі тарапынан жасалып отырған бұл сапар барысында қос ел президенттері сейсенбі күні қауіпсіздік мәселелерін талқыласып, лаңкестк әрекеттерге қарсы күрес жайын ақылдасты. Пәкістанда орын тепкен Орта Азия және лаңкестікке қарсы күрес атты ұйымның сарапшысы Ахмед Рашидтің пікірінше, Үндістан үкімет басшысы Манмохан Сиңхпен сөйлесулерден кейін, араға бір апта салып бұл сапардың жүзеге асып отырғаны да маңызды. Сарапшының пікірінше Каримовке үнді құпия қызметі лаңкестікке қарсы күреске байланысты талай мәлімет берген болуы мүмкін. Себебі, Ауғанстан мен Орта Азия елдеріне ықпал үшін Пәкістан және Үндістан арасында едәуір тартыстар жүріп жатыр, дейді сарапшы. Орта Азия елдерінің барлығымен дерлік Үндістанның тығыз байланыстары бар. Мысалы, Үнді жағы Тәжікстанда әуе базасын ашатын болады. Ол сондай-ақ Орта Азиядан мұнай, газ сатып алуда. Ал, Пәкістанның Орта Азиямен байланысы өте нашар. Сондықтан Мушараф мырза бұл байланысты жақсартуға өте мүдделі, дейді сарапшы Рашид.

Әндіжан оқиғасынан кейін Батыспен арасының суынып кеткендігі өзін әлсірете алмады дегенді көрсетуге Каримов те ұмтылып бағуда. Еуропа одағы Өзбекстанға қару сатуға тиым жариялап, сондай-ақ Өзбекстанның 12 ресми өкіліне виза бермеуге шешім шығарған болатын. Содан бергі аралықта Каримов сапаршыл болып кетті. Өткен жылы ол Қытайға барды. Таяу арада Қазақстанда, Ресейде және Оңтүстік Кореяда болды. Сәуір айында Үнді үкімет басшысын Ташкентте қонақ етті. Сәрсенбі күнгі басқосудан кейін Пәкістан президенті Первез Мушараф:

“Екі жақты сауда саласында біз сауда, коммерциялық және экономикалық байланыстарымызды күшейте түсу жөніндегі өзара ықыласымызды көрсеттік. Қазіргі кезде бұл көрсеткіштер - өте төмен. Екі ел арасындағы барыс-келісті автожолдар және теміржолдар арқылы дамытуға өзара ниетімізді білдірдік. Өзбекстан саудасы және оның әлеммен байланысына мүмкіндік жасау үшін Гвадар және Карачидегі жағажайларымызды, сондай-ақ Пәкістан байланыс жүйелерін пайдалануды біз ашық түрде ұсындық”, - деді.

Хабарларға қарағанда екі жақ 9 келісім-шартқа қол қойған. Оның ішінде екі жақты сауда, кіші және орташа бизнес және ауыл шаруашылық салалары да бар.
XS
SM
MD
LG