Accessibility links

Журналистерді қолдау комитеті “цензурасы күшті 10 елді” атады


Совет үкіметі ыдырағалы бергі соңғы 15 жыл ішінде бұрынғы кейбір совет республикалары либералдық демократия орнатуға тырысты. Оның талаптарына сай келу оңайға соқпағандары да бар. Демократия шарттарының бірі - баспасөз бостандығы. Осыған орай Журналистерді қолдау комитеті сейсенбі күні арнайы баяндамасын жариялады. Әлемдік баспасөз күні қарсаңындағы бұл баяндама “Цензурасы күшті 10 ел” деп аталады. Олардың ішінде Түркменстан, Өзбекстан, Беларус елдері бар.

Әлемдік баспасөз күні қарсаңында жарияланған Журналистерді қолдау комитетінің биылғы жылғы баяндамасы “Цензурасы күшті 10 ел” деп аталады. Ол тізімде алғашқы бестікте - солтүстік Корея, Бирма, Түркменстан, Экватордағы Гвинея, Ливия елдері. Келесі бестікте - Эритреа, Куба, Өзбекстан, Сирия және Беларус елдері бар. Аталған комитеттің атқарушы директоры Анн Купердің телефон арқылы «Азаттық» радиосына хабарлауынша, бұл елдерде шындық хабар түрлі жолдармен басылып тасталады екен. Алайда олардың бәріне ортақ мінездер тән. Баяндамада айтылғанындай, бұл елдерде билік басында автократтар отыр. Олар ел азаматтарына мемлекеттегі тек жақсылықтар жөнінде үлкен өтіріктің насихатталып, ал жаман хабарлардың айтылмауын қадағалайды.

Мұнда барлық бұқаралық ақпарат құралдары - мемлекет қарамағында. Үкімет тіпті сырттан жаңалықтардың енгізілуіне де қарсы екен. Олар оқырмандарға өтірік ақпараттар беріп қана қоймай, сондай-ақ президент Сапармұрат Ниязовтың жеке басына табынушылыққа жетелейтін ақпарат науқанын жүргізіп келеді.

“Бұл жөніндегі Түркменстан халқының көзқарасы қандай? Ол туралы білу аса қиын. Себебі, ақпарат бұлақтары және барлық білдірілген пікірлер - қатты бақылау астында. Халық өзінің пікірін білдіруге қорқады. Олар өздерінің автократ басшылары жөнінде көзқарастарын айта алмайды. Себебі, олар ондай батылдықтың нәтижесінен қорқады”, - деді Купер ханым.

Бұл орайда Өзбекстан үкіметі советтік әдістерді қолдануда. Елдегі мұсылман оппозициясы және полицияның азаптау тәсілдерін қолданатындығы жөнінде жергілікті басылымдардың шындықты жазбауын қадағалайды. Әсіресе, 2005-ші жылдың Әндіжан оқиғаларынан кейін Каримов үкіметі шетелдік ақпарат көздеріне шындықты шығарғаны үшін талай журналистердің соңына қуғын салған болатын. Нәтижесінде олардың барлығы дерлік елден кетуге мәжбүр болды. Және «Азаттық» радиосы мен БиБиСи радио торабы, сондай-ақ Соғыс және Бейбітшілік институты сияқты халықаралық ұйымдар Ташкендегі өз бюроларын жапты.

Беларус елі Еуропадағы соңғы диктатуралық билік ретінде сипатталуда. Баяндамаға қарағанда, бұл елде сырттай қараған кісі үшін ақпарат құралдары тәуелсіз сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, олар президент Александр Лукашенконың ниетін естен шығармайды. Баспасөзді уысында ұстау үшін Лукашенко үкіметі заңдық және әкімшілік әдістерді шебер қолданып келеді. Купер ханым мысал ретінде шындықты айтатын басылымдарды баспаханалардың басудан бас тартатындығын немесе пошта жүйесінің ондай басылымдарды оқырман қолына жеткізбеуге тырысатындығын келтірген екен. Үлкенді-кішілі жағдайда цензура бұрынғы совет үкіметі елдерінің бәріне де тән, дейді Купер ханым.
XS
SM
MD
LG