Accessibility links

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіндегі 5 тұрақты мүше елдің бәрі Иранның ядролық қаруларға ие болуын қаламайды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сондай-ақ, бұл Үлкен бестік Ираннан өз уран байытуын тоқтатуы жөніндегі БҰҰ-ның талабын орындауды талап етеді. Дегенмен, Қауіпсіздік Кеңестің 2 тұрақты мүшесі, АҚШ-тың қолдауымен Иранға қарсы шешім жобасын жариялағанымен, Қытай мен Ресей көнбей отыр.

Британия мен Францияның Ирандағы ядролық бағдарламаға қарсы шешім жобасы бойынша дау-дамайға түрткі болып отырған 2 нәрсе бар.

Біріншісі, БҰҰ-ның хартиясының 7-бабы бойынша, егер Иран қойылған талаптарды орындамаса, онда оған қарсы санкция жарияланып, тіпті күш қолданылуы мүмкін. Ал Ресей мен Қытай ондай жағдайда Иранмен теке-тірес ұлғайып, дағдарысты әскери соғыс шарасымен шешуге жол ашады дейді.

Ал, екінші мәселе, соңғы шешім бойынша, Ирандағы ядролық реактор құрылысын тоқтату жөніндегі талап. Сондай-ақ, Ирандағы уран байытуды және зымыран жасау бағдарламасын тоқтату жөніндегі талап тағы бар.

Ресей мен Қытайдың қару-жарақ мәселесінде Иранмен өзара шаруасына қоса Ресей Иранда Бухешир ядролық стансасы құрылысын аяқтап, оның тағы екеуін жоспарлап отыр. Бұл арада АҚШ Иран құпия түрде ядролық қарулар жасауға кірісуде десе, Ресей мен Қытай оған дәлел жоқ дейді.

Бұл мәселеге орай, Лондондағы Королдық қызмет институтының Азия бөлімінің жетекшісі Александр Нейлдің пікірі төмендегідей:

- Меніңше, егер БҰҰ Иранға қысым жасай берсе, онда Ресей де, Қытай да өздерінің вето жариялау құқығын пайдалануы мүмкін. Ал Иран өзінің ядролық бағдарламасын бейбіт энергетикалық мақсаттары үшін пайдаланамыз деп отырғанда дау-дамайдың өзі артықтау.

Бұл орайда таза экономикалық фактор тағы бар. Ресей ғылым академиясының аға қызметкері Владимир Евсеевтің есебі бойынша, Ресейдің Бухешир ядролық стансасындағы үлесі 800 млн доллардай.

- Сондықтан, Ресейдің Иранмен өзара ынтымақтастық байланысы нәтижесінде үлкен экономикалық мүдде бар деуге келе қоймас. Себебі, екі ел арасындағы өзара жылдық сауда айналымы 2 млрд 200 млн доллар шамасында. Бұл Ресейдің жалпы саудасының 1 пайызы ғана, - дейді В.Евсеев.

Ал Қытайға келсек, Хоңкоң университетіндегі Қытай зерттеу орталығының төрағасы Джозеф Чаңның айтуынша, Қытайдың Ираннан экономикалық мүддесі баршылық.

- Қытай үшін энергетика мәселесінің маңызы зор екендігі белгілі. Сондықтан, Қытай Ирандағы мұнай-газ кеніштерін дамытуға 70 млн доллар көлемінде инвестиция енгізіп отыр, - дейді Чаң.

Дегенмен, Қауіпсіздік кеңесіндегі пікір қайшылығында геосаясаттың да орны ерекше.

- Меніңше, Ресей Таяу шығыс мәселесінде ерекше көрінбек емес. Бірақ, құбылмалы саяси ахуал орныққан аймақта Батыстық ықпал әлсірей бастаған кезде Ресей, әрине, ол жақтағы өз әсерін күшейтуді қалайтындығы табиғи жайт, - дейді Лондондық талдаушы.

Ал бірқатар талдаушылардың пікірінше, жалпы жағдайға қарағанда, Қытай мен Ресей Иранды белгілі бір дәрежеде ғана қолдауы мүмкін.

- Ресей өз айтқан кеңесіне көнгенде ғана Иранды қолдайды. Ал егер қазіргідей Иран Ресейдің көзқарасына мән бермей, өз қалағанын істей берсе, онда Ресей Батысқа қарай бет бұруы да мүмкін, - дейді В.Евсеев.

Владимир Евсеевтің болжамына сенсек, Мәскеу Иран үшін Батыспен өз байланысын нашарлатпайды, бірақ Ресей Иран дағдарысын әскери жолмен шешуді де қаламайды екен.
XS
SM
MD
LG