Accessibility links

Мұнайдың әлемдік бағасы тағы көтерілді. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша Лондонмен Нью-Йорк биржаларындағы сауда нәтижесіне сәйкес, мұнай барелінің ең жоғарғы құны 71 доллар 8 цент болды. Қазақстандық сарапшылар бюджетінінің едәуір бөлігін мұнайдан түскен табыспен толтырып отырған Қазақстан үшін бұл жағымды жаңалық, дейді. Бірақ, бұл пікірмен келіспейтіндерде бар.

Сарапшылардың пайымдауынша, бұған дейін мұнай бағасы төмендей бастаған. Өйткені ол кезде сауда қатысушылары Ирандағы жағдай шешіледі деп үміттенген. Себебі Иран президенті Махмуд Ахмадинежад АҚШ президенті Джордж Бушқа хат жазып, проблемаларды шешудің жолдарын ұсынған. 18 беттен тұратын бұл хат соңғы 27 жылда Иран басшылығынан АҚШ президентіне жіберілген тұңғыш ресми хат деп хабарланады. Бірақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс хабарлағандай, бұл хатта нақты ұсыныстар емес, тек философиялық пікірлер айтылады. Бірақ, Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының экономисі Қанат Берентаевтың пайымдауынша, мұнай бағасының көтерілуі Ирандағы жағдайға емес, доллар құнының құлдырауына байланысты. Қазақстанның энергетика министрлігінің мұнай өндірісі департаментінің өкілі Амантай Суесиновтың айтуынша мұнай бағасының көтерілгендігі көбіне тек мұнаймен айналысатын компанияларға тиімді:

- Кейбір учаскелерді алмайтын еді. Қазіргі компаниялар тендерге келіп алғысы келеді. Біз мына жіберемізғой бұрғылау, барлау жұмыстарын өткізуге деп, сондай компаниялар көбейіп кетті. Соған қарағанда баға өскені компанияның табыс табуына жақсы, бірақ, енді әрдайым бұлай өсу әрине дұрыс емес. Басқа салалар дамымайды, барлық көңіл мұнайға бөлінеді. Бағасы үлкен, табысты жылдам алады, аса көп ойланудың қажеті жоқ.

Ал, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменнің айтуынша қалай болсада мұнай құнының көтерілуі Қазақстан үшін тиімді, бірақ, базардағы жағдай өзгеше қалыптасуыда мүмкін, дейді ол:

- Бюджетке, халықтың жағдайына тікелей қазіргі уақытта мұның көп қатысы болмайды. Өйткені соңғы уақытта бюджетті жасақтау туралы заңдық өзгерістерге байланысты бірінші шілдеден бастап мұнайдан түскен дүниенің қаржының барлығы ұлттық қорға құйылады. Ал, енді мұның екінші жағы бар. Өйткені мұндағы кейбір монополистер, өндіріс жасап жатқандар ой мынау мұнай қымбаттап жатыр деп жанар-жағар майының бағасын қымбаттата беруі мүмкін:

Бақылаушылардың айтуынша, 1999-ыншы жылдан бері дүние жүзіндегі мұнай бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. Ал, биылғы жылы әлемдегі мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге жетті. Бірақ, мұнай барелінің көтерілуі Қазақстанда жұмыс істеп жатқан мұнай компанияларының табысын ұлғайтқанымен, тұрғындардың басым көпшілігі кезекті рет жанар-жағар май бағасының қымбаттауына көнуге мәжбүр болып отыр, - дейді кейбір сарапшылар. Ал, Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың сөзіне сүйенсек, мұнай құнының көтерілуі Қазақстан үшін айтарлықтай әсер етпейді:

- Биржа Америкада солай емес пе. Біздің мұнайымыз ол жерге жетіп жатқан жоқ. Сондықтанда қатынасы болсада шамалы. Екінші, әрине өзімізде мұнай бағасы көтерілсе, онда жанар-жағар май көтеріледі. Біздің 3 мұнай айыратын зауыттарымыз бар. Олар бұрыңғыдай 18 миллион тонна мұнай айыруы керек. Бірақ, оларға беріп жатқан мұнай 9 миллион тоннаның айналасында. Сондықтан баға көтірілмейдіде түспейдіде.

Осылайша, сарапшылардың бір бөлігі мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін тиімді десе, келесілері жаңа бағаның кесірі болуы мүмкін деп отыр. Ал, АҚШ-тың энергетика министрлігі Каспийде 200 миллиард баррель мұнай бар деген жорамал жасаған. Мұнай көлемі бойынша, Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында.
XS
SM
MD
LG