Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.10.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз беттері көне Отырар қаласы ЮНЕСКО қарауына өткелі жатқандығы және Қазақстанның алғашқы спутнигі ұшатын күн анықталғаны жайында жазады. Сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы мен «Алға» партиясы арасындағы бірлік берекелі бола ма?» деген сұрақ та журналистер назарында.

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы мен «Алға» партиясы арасындағы альянс туралы мақала «Zonakz.net» электрондық басылымында жарық көрді. «Қожахметов пен Байменов жетекші емес, жетектегілер» атты бағанамен басталатын мақалада саясаткер Сәбит Жүсіпов екі партияның бірлігін құптайтындығын айтады. Оның пікірінше, аталған партиялардың бағдарламаларындағы бастамалар халыққа керек. «Осы тұрғыдан алғанда бұл бірліктің болашағы бар» деп есептейді саясатшы. «Бұл жерде партиялар қосылады деген түсінік тумауы керек. Өйткені екі жақтың көздеген мақсаттары әрқалай. Бұл одаққа биліктің де қатысы болуы мүмкін. Қожахметов пен Байменов жетекші емес, жетектегілер. Осы сценарийді билік жасап отырған болса, «құптарлық қадам» деп айта алмас едім» дейді Сәбит Жүсіпов «Zonakz» басылымына берген сұхбатында.

«Қазақстандағы оппозиция мен билік» тақырыбы «Российская газета» басылымында кеңінен қаузалады. «Сіз үшін оппозиция қаншалықты қиын мәселе?» деген сұраққа Президент Н. Назарбаев: «Мен оппозицияны ешқашан проблема деп қарастырған емеспін, қарастырмаймын да» деп жауап берді. Мемлекет басшысының пікірінше, демократиялық қоғамда оппозиция болуы керек, және онымен қарым-қатынаста болған абзал. «Өкініштісі, қазақстандағы оппозиция – жұмысынан босап қалған бұрынғы мемлекет қызметкерлері. Барлығымыз да мақсатымыз - Қазақстанның демократиялық жарқын болашағы дегенге сенгім келеді» дейді Президент Н. Назарбаев «Российская газета» басылымына берген сұхбатында.

Ал «Аргументы и факты: Қазақстан» газеті қазақстанның алғашқы спутнигі маусымның 8-күні ұшатындығын хабарлады. «Казсат» ғарыш кемесі Байқоңыр айлағына жеткізілген. Қазір ұшу алдындағы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр» делінген мақалада. Бұл жоба Каспий және Арал аймағын ғарыштан бақылауға, жер сілкінісі болжамын мейлінше дәл жасауға, сапалы телебайланыс орнатуға мүмкіндік береді» деп жазады «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

Сонымен қатар, аталған басылымда қазақстандағы тарихи ескерткіштерді зерттеу барысы туралы мақала басылды. Онда археолог Карл Байпаков көне Отырар қаласының ЮНЕСКО қорғауына өтуі мүмкін екендігін айтады. Қазіргі таңда аталған ұйымның тізімінде қазақстанның екі ескерткіші бар: Тамғалы тас және Қожа Ахмед Яссауи кесенесі. Қазақстанды аспан астындағы мұражайға балауға болады. Біз әлі күнге дейін бұл далада қанша ескерткіш жатқандығын анық білмейміз» дейді тарихшы. Маманның айтуынша, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысы археологтардың зерттеуінен өтті. Енді Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарына кіріседі. «Бұл жұмыстың ауқымы ғасырларға жетеді» дейді тарихшы Карл Байпаков.

Ал Шымкент қаласында Қазақ хандары мен Қазақстанның алғашқы президентінің мұражайы ашылады, деп хабарлайды «Фергана.Ру» электронды басылымы. «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының төрағасы Камалитдин Дулатовтың айтуынша, жобаның құны – 6 миллион долларды шамалайды. Мұражай Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырып ашылады» делінген «Фергана.Ру» басылымында.
XS
SM
MD
LG