Accessibility links

Жоғары лауазымды шенеунікке жала жапты деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері 1 жылға басбостандығынан айырылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Мамырдың 11-і күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтің шағымы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері Арат Нарманбетовке қарсы қозғалған қылмыстық іске үкім шықты. Сот судьясы Нора Низамиддинова Арат Нарманбетовті айыпты деп тауып, Р.Әлиевке жала жапқаны үшін оны бір жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім шығарды.

Қазақстан президентінің күйеу баласы, Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиев өзіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері Арат Нарманбетов жала жапты деп оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін наурыз айының 22-сі күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотына шағым түсірген еді. Оған Арат Нарманбетовтің “Нағыз Ақжол” партиясының интернет сайты мен оппозициялық бағыттағы “Айна плюс” газетінің 3 және 4-ші сандарында жарық көрген сұхбатында, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі көмекшісі - Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің өліміне Рахат Әлиевтің қатысы бар деп айтқан сөзі себеп болған. Осы істі бір айдан астам уақыт қараған Медеу аудандық сотының судьясы Нора Низамиддинова мамырдың 11-і күні Арат Нарманбетовті айыпты деп тауып, оны ҚР Қылмыстық істер кодексінің 129-бабының 3-інші тармағына сәйкес 1 жылға жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот үкімі күшіне енгенге дейін Арат Нарманбетовтен Алматы қаласы аумағынан ешқайда шықпау жөнінде қолхат алынды. Сот отырысында жеңіске жеткен Рахат Әлиевтің мүддесін қорғаушы Любовь Балмағанбетова тілшілерге процеске байланысты сұхбат беруден бас тартты.

Арат Нарманбетов болса өзіне кесілген үкіммен келіспейтіндігін айтты. Ол өзінің айтқан сөздерінен бас тартпайтынын да қайталады.

“Бізде сот тәуелсіз емес қой. Кеше, мамырдың 10-ы күні, осында үкім шығады деп бір сағат күттік. Содан бір сағаттан кейін соттың хатшысы келіп, соттың болмайтындығын, ертеңге қалдырылғанын айтты. Бұл нені білдіреді? Менің ойымша, мұның астарында тек саяси дағдарыс жатыр. Себебі, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевті халықаралық ұйымдардың алдында қалайда ақтап алу керек болды. Қалай айтсақ та, Рахат Әлиев пен оның жастастары жеңіп шықты,” - дейді процесті бақылаған азаматтардың бірі Нұрлан Бәкірланов.

Сот үкімімен айыпты деп танылған Арат Нарманбетов енді 15 күн ішінде қалалық сотқа қайта шағымданбақшы.
XS
SM
MD
LG