Accessibility links

“Қазақстан” телеарнасының бұрынғы қызметкерлері Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың қызметтен кетуін талап етті

  • Гүлмира ХАМЗА

Мемлекеттік меншіктегі “Қазақстан” телеарнасының бұрынғы қызметкерлері өздерінің құқығын бұзып, жала жапты деп министрді айыптап отыр. Мамырдың 3-күні парламентте сөйлеген сөзінде министр Ермұхамет Ертісбаев “Қазақстан” телеарнасында “күмәнді діни ағымның өкілдері қызмет істеген” деп айтқан болатын. Енді журналистер осы мәселе дұрыс шешілмесе, халықаралық ұйымдарға жүгінеміз дейді.

“Қазақстан” телеарнасының бұрынғы қызметкерлері Республиканың Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев атқарып отырған қызметіне сай келмейді деген уәж айтады.

- Министр Е.Ертісбаев депутаттар алдында қоғамдық комиссияның қортындысымен танысып, өзінің есебін берді, сұрақтарға жауап қайтарды. Сол кезде министр Е.Ертісбаев біздің атымызға әртүрлі жала жапты, өтірік айтты. Ең бастысы, Е.Ертісбаев бізге Конституция бойынша кепілдік етілген “сенім бостандығы” деген мәселеге нұқсан келтіріп, бізді қандай да бір “күмәнді діни ағымның өкілдері екен” деп, ешқандай дәлелі жоқ, нақты айтар сөзі жоқ, нақты дерегі жоқ сөзбен бізді айыптады, - деді “Қазақстан” телерадиокорпорациясының бұрынғы қызметкері Қасым Аманжол.

Ал республиканың Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев бұл мәселе бойынша өз айтқан сөздерін дәлелдейтін деректердің бар екенін айтады.

- Егер министр мәлімдеме жасаса, онда оның мәлімдемесінің негізінде көптеген факті бар деген сөз. Мен парламентте сөйлегенде айттым ғой – менде осы айтқандарды дәлелдейтін бейнеқұжаттар бар. Сол себепті, егер олар менімен соттасамын десе соттассын, мен өзімде бар дәлелімді көрсетемін, - деді министр Е.Ертісбаев бейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында.

Ал министрмен соттасуды көздеген журналистер өздерінің қандай дінді ұстанатындарын жария етуге ықылас білдірмеді. Себебі, бұл кез-келген азаматтың құқығы болғандықтан, олар бір-біріне мұндай сұрақ қоймайтындықтарын жеткізді. Олар бұдан бұрын ақпарат министрінің үстінен сотқа шағымданып, Ертісбаев мырзадан бір миллиард теңге өндіріп алуды талап еткен болатын.

- Қазақстан республикасы Конституциясының 14-ші және 22-ші бабтарында адамның сенім бостандығына еркіндік, толық кепілдік берілген. Яғни, сіздің дінге сенуіңізге де болады, оны уағыздауға да болады, уағыздамауғада болады. Ал бірақ оған қол сұғуға, тіпті министр болсын, кім болсын, бұл мәселеге араласуға және күдікпен сол адамды айыптауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл әрекеті арқылы министр Ертісбаев Қазақстан беделіне нұқсан келтіреді, -дейді телеарнаның бұрынғы қызметкері Қасым Аманжол.

Сонымен қатар “Қазақстан” телеарнасының бұрынғы қызметкерлері дін мәселесін көтергенде жан-жақты болуға тырысқанын айтады.

- Біз негізінен, плюралистік бағытты ұстандық десек болады. Себебі, бізде әртүрлі пікір тоғысады. Дін мәселесін көтергенде біз Қазақстанның Діни басқарма өкілдерінің және танымал теолог Мұртаза Бұлытайдан сұхбат алғанбыз, - дейді «Қазақстан» телеарнасындағы “Түнгі қонақ” бағдарламасын жүргізген журналист Назира Бердалы.

Ал Мәдениет және ақпарат министр Ертісбаев мырза, Құранды жан-жақта талқылау қоғамға өте қауіпті деп санайды.

- Бізде мемлекет діннен бөлек, осыны ұмытпау қажет. Ал, мемлекеттік телеарна діннен мүлдем бөлек - бұл министрліктің ұстанымы, - дейді министр.

Сәуір айының ортасында, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен мемлекеттік меншіктегі «Қазақстан» телеарнасы басшылығы ауысқанына наразылық ретінде осы арнада жұмыс істеп келген бір топ журналист өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Олар өздерінің пікірімен санаспай, министр телерадиокорпорация жетекшісін ауыстырғанына қарсы екендерін мәлімдеді. Кейіннен олар республиканың Мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев ар-ожданымызға нұқсан келтірді деп, министрді сотқа берді.
XS
SM
MD
LG