Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.13.2006 жыл


Сенбілік баспасөз Қазақстан Үкіметінің экономикамен бірге мәдениетті де бәсекеге қабілетті ету бастамасы мен мәдени ғимарат ретінде салынған Ғалымдар үйінің бұлыңғыр болашағы туралы жазды. Халық арасында қай басшының беделі зор екендігі және жоғарыдан түскен тапсырманы төмендегілер қалай орындайтындығы да журналистер назарына алыныпты.

Қазақстан қоғамы 16 облыс әкімінің екеуіне ғана жоғары баға беретіндігі туралы мәлімет «Жас Алаш» газетінде басылды. «Қазрейтинг» агенттігінің жүргізген зерттеуі негізінде дайындалған мақалада: «Рейтинг түзушілер ең алдымен орталықтың шешім қабылдауына кімнің ықпалы қаншалық екендігін таразыға тартқан екен. Бұл арада әдеттегідей президент әкімшілігі жетекшісінің аты озып тұр» делінген. «Екінші орын экс-жетекші Нұртай Әбіқаевтың пешенесіне бұйырыпты. Үкімет басшысы Даниял Ахметовтің де ықпалы осал емес көрінеді. Одан кейінгі орындарды Марат Тәжин мен Мәулен Әшімбаев бөлісті. Кеңесші кезінде мұндай рейтингтерден орын бұйыра бермейтін Ермұхамет Ертісбаев алғашқы ондықты қорытындылапты», деп жазады «Жас Алаш» газеті. Рейтинг бойынша, елдегі аты ең көп аталатын саясаткерлердің көшін Даниял Ахметов бастапты. Сұрауға қатысқандар Астана және Алматы қалаларының әкімдері орталықтың шешіміне көп ықпал жасайды деп есептейді. Халықтың пікірінше, он алты облыс әкімінің ішінен екеуі ғана жоғарғы баға ие, деп жазады «Жас Алаш».

Орталықтың шешіміне ықпал етушілердің рейтингі осылай шықса, орталықтан түсетін тапсырмаларды одан кейінгілердің орындауы қандай екендігі туралы аталған газеттің «Жамбылда жапон тыңшысы» атты мақалада сөз болады. Бұл жердегі әңгіменің төркіні жоғары жақтың шенеуніктерден той тойлаумен әуестеніп кетпеуін сұраған ескертпесі туралы болып отыр. «Президент той мәселесіне «тойтарыс» бергелі бері әкімдердің таңдайынан «той үстіндегі тәтті күндердің» дәмі кетпей жүргені анық» деп бастайды сөзін Оралхан Дәуіт. «Мемлекет қызметкерлері тойға барудан қалды» дей келе, мақала авторы әрі қарай «жасыратыны жоқ, соңғы жылдары шенеуніктердің той мәселесінде тіптен «менменсіп» кеткені рас. Шен алса да, ешкісіне ен салса да той» деп сабақтайды. Автордың айтпағы бұл емес, мәселе көтеріп мақала жазуына облыс газетінде басылған хабарландыру түрткі болыпты. Онда жергілікті тәртіп кеңесі облыс тұрғындарынан мемлекеттік қызметкерлердің тойларда қатысқандығын көргендер болса, тиісті телефондарға хабарлауын өтінген. «Тәртіптік кеңес мәселені «тарс» еткізіп, ендігі жерде елді бір-біріне аңдытып қояды ма, қайтеді. Президент тойды мүлдем тыйыңдар деген жоқ қой. Бүйте берсе жақын арада Жамбылда «жапон тыңшысы» ұсталмайды деп кім айтты?!» деп түйіндейді «Жас Алаш» журналисті Оралхан Дәуіт.

Жоғарыда дайындалған тағы бір тапсырма - «ел межесі - елулік» туралы болса, оны жүзеге асыруға міндетті Үкіметтің экономикамен қатар мәдениетті де бәсекеге қабілетті қылу ниеті жөнінде баяндалатын мақала «Егемен Қазақстан» газетінде басылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа отырысында сөйлеген сөзінде Ермұхамет Ертісбаев: «мәдениетті де, ақпаратты да Қазақстанның барынша қабілетті елу елдің қатарына енуіне жұмылдыруымыз керек» деп мәлімдеді. Ол үшін шығармашылық еріктілік пен сапалы ақпарат қажет дегенді айтады министр. «Алқа мәжілісіне қатысушылардың ортақ ойы мынаған сайды: министрлік, оның жаңа басшылығы мәдениет пен ақпарат саласында игілікті өзгерістер жасауға кірісті. Оның алғашқы нәтижесі – осы жиын» деген түйінмен аяқталады бұл мақала.

Үкімет бәсекені арттыруға күш салып жатқанда, жұртшылықты мәдени ғимарат ретінде салынған Ғалымдар үйінің бұлыңғыр болашағы алаңдататындығы «Егемен Қазақстан» газетінің «Қаржы министрлігі не іздейді?» атты мақаласында айтылады. Оны жазған депутат Амалбек Тшан: «қоғамдық ұйымға айналып, әбден берекесі кеткен, ғылымдық ізденістер емес, қалай күн көреміз деп отырған Ғылым академиясы отырған үйлерінен де айырылып қалатын түрі бар» деген пікір айтады. Автор, Ғалымдар үйінде кеңсеге жарайтын бөлмелер жоқ екендігін келтіре отырып, «мүмкін қаржы министрлігі тарихи ғимаратты тас талқан етіп, өздеріне икемдеп алатын шығар?» деген күмәнді ойын жасырмайды. «Рухани аштық болмау үшін осы ғимаратты алып қалу керек» деп аяқтайды Амангелді Тшан, «Егемен Қазақстан» газетіне басылған мақаласын.
XS
SM
MD
LG