Accessibility links

Әндіжандағы қырғынға бір жыл болды: қантөгісті оқиғаларға орай халықаралық көзқарас қай бағытта өзгерді?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Өткен жылғы мамырдың 13-күні Әндіжандағы саяси теке-тіресте әкімшілік ғимаратына кіріп алған әндіжандық әділет іздеушілер ол кездегі ресмилермен өзара дауға Ресей араағайындық жасар деген үмітте болған еді. Бірақ, Мәскеу «бұл - өзбектердің ішкі ісі» деп, оған араласудан бас тартты. Ресей Сыртқы істер министрі Лавров тіпті сол көтерілісте шетелдік терроршылардың қолы бар деп, президент Кәрімовке қолдау көрсетті.

Ал АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбек ресмилерінің сол кездегі іс-әрекетін сынап жатты.

- Біз жұма күні Әндіжандағы шерушілерге Өзбек ресмилерінің бұйрығымен оқ жаудырылғандығына өте алаңдаулымыз. Біз бейбіт азаматтарға күш көрсетілгендігін және ондағы кісі өлімін, әрине, айыптаймыз. Біз Өзбек үкіметіне зорлық-зомбылықпен тұрақтылық орнатуға болмайтындығын қайталап айтып келеміз, - деген болатын АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Баучер.

Әндіжан қантөгісіне ЕуроОдақ та бірден өз алаңдаушылығын айтты. Ал сол кездегі Британия сыртқы істер министрі Джек Стро Өзбекстанда адам құқықтары аяқ асты болды деп, ойын ашық білдіріп, Әндіжанға халықаралық комиссия жіберу керек деген мәселе қойды. Президент Ислам Кәрімовтің бақылауымен қырғыннан кейін араға 4 күн салып Әндіжанға шетелдік дипломаттардың бір жарым сағаттық сапары ұйымдастырылды.

АҚШ сенаторлары Грахам және Сунуну мен сол күні Әндіжанға барған сенатор Джон МкКейн өкіметтік ресмилер берген мәлімет, көрсетілген фотосуреттерден бірер ақиқатты дерек ала алмадық деді.

Ол қырғыннан кейін көп өтпей-ақ, президент Кәрімов өз сыртқы саясатын өзге бағытқа бұра бастады. Әндіжан қырғыны бойынша халықаралық тергеуге тікелей қарсы болды. Кәрімов Шанхай ұйымындағы әріптестерінің қолдауына сүйеніп, Ханабаттағы АҚШ әскери базасының жабылатындығын жариялап жіберді.

Қыркүйекте ЕуроОдақ Өзбекстанға қарсы қару-жарақ эмбаргосын жариялады. Өзбекстандық 12 ресми ЕуроОдақ елдеріне кіре алмайтын болды. Бірақ, Германия қара тізімнің басында тұрған ішкі істер министрі Зокир Алматовтың емделіп қайтуына рұхсат берді.

Бұл арада Өзбекстан қолдауға үміттеніп, өз бетін түгелдей Ресейге қарай бұрды. Ал бұл жұмада, сол Әндіжан қырғынының бір жылдығы қарсаңында, президенттер В.Путин мен И.Кәрімов Сочиде тағы да кезекті мәрте кездесті. В.Путин ынтымақтастық жөнінде айта келе, «Орта Азия - өз үйіміз» деуге дейін барды. Ал бұл арада батыс елдері Әндіжан қантөгісі бойынша түбегейлі тергеу жүргізу қажет деп отыр. АҚШ сенаторлары МкКейн мен Смит Орта Азиядағы демократия бойынша жаңа заң қабылдау қажет дейді. Британия бас министрі Тони Блэр мамырдың 10-күні адам құқтары бойынша Өзбекстанға тисті талаптарды қойып, егер ол орындалмаса қажетті шараларға барамыз деп ескертті.

Дегенмен, батыс елдері президент Кәрімовтің авторитарлық қатаң режиміне қарсы қандай да бір ықпалды, бірізді шараларға кірісе алмай отыр. Бұл мәселеге орай өткен жылғы Әндіжандағы қантөгісті оқиғалардың тікелей куәсі болған журналист Бағила Бұхарбаева «Азаттық» радиосына былай деді:

- Біз - өзбекстандықтар, батысқа мұнайы мен газымыз үшін ғана керекпіз. Мысалы, Германияға Өзбекстанның Термез қаласындағы әуе базасы қажет. Сондықтан, батыста айтылатын адам құқықтары және демократия жөніндегі сөздер шын мәніндегі іспен сәйкес келмейді. Міне, енді қазіргі кезде газдың бағасы жүздеген адамның, тіпті Әндіжандағы мыңдаған азаматтың өмірінен де қымбат болып тұр.
XS
SM
MD
LG