Accessibility links

2007 жылдан бастап Қазақстанда интернет тарифі сағатына 0,64 цент болады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің мәліметі бойынша, қазір Қазақстанның бес пайыз халқы интернет жүйесін пайдаланады. «Электронды Үкімет» жүйесі қалыптасу үшін халықтың кем дегенде 20 пайызы интернетті пайдалану керек екен. Сондықтан да 2007 жылдан бастап интернетті пайдалану сағатына 0,64 цент, шамамен 80 теңге болады деп жоспарланып отыр. Алайда мұның өзі дамыған елдермен салыстырғанда қымбатқа түседі екен.

Үстіміздегі жылдың басында Қазақстандағы байланыс жүйесіндегі басты монополист «Қазақтелекомның» интернет тарифі сағатына шамамен 269 теңге болатын. Сәуір айынан бастап бұл көрсеткіш 217 теңге 35 тиынға төмендеді. Дегенмен интернет жүйесінің бұл тарифі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда өте қымбат болып есептеледі. Мәселен Сингапур, Қытай елдерінде үйде отырып интернетті пайдалану үшін айына 10 доллар төлейді екенсің. Ал қазақстандықтар орташа есеппен айына 50-60 доллар төлейді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Тоқтар Әубәкіров «Үкімет таяуда Қазсат жер серігін ғарышқа ұшырғалы жатыр. Қазақстандық спутниктің елдегі байланыс жүйесін арзандатуға зор мүмкіндігі бар» деген мәселе көтерді Үкімет мүшелерінің алдында. Ал «Отан» партиясының мүшесі Асқар Бейсенбаевтың айтуынша,«Қазақтелекомның» траифі халықтың табысына байланысты емес. Біздің табыспен ондай тарифті көтеру қиын болып тұр», дейді.

Бірақ Қазақстанның ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев келесі жылдан бастап интернет тарифі сағатына 0,64 цент, яғни шамамен 80 теңге болады деп отыр.

– Алдағы маусым айынан бастап интернет тарифін 25 пайызға төмендетеміз. 1-қыркүйектен бастап тағы 25 пайыз азайады. Келесі жылда 23 пайыз төмендетеміз, – дейді Асқар Жұмағалиев.

Неліктен Үкімет интернет тарифін төмендетуде 64 центке тоқталып отыр деген мәселеге Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы төмендегідей жауап береді:

– Беларуссияда халықтың 22 пайызы интернетті пайдаланады. Бірақ олардың ІЖӨ-і біздікімен салыстырғанда аз. Интернет тарифі 0,64 цент. Біз де осы бағаға тоқталмақ ойымыз бар.

Дегенмен елдегі интернет байланысының сапасы сын көтермейді деп отыр Парламент Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев:

– Интернетті қосу көп уақытт қажет етеді. Ал ақша жүріп жатыр. Қазақстанда интернетті пайдаланушылар саны жергілікті тұрғындардың бес пайызын құрайды екен. Оның өзінде қазақстандық кейбір веб-сайттарды оқырмандар аша алмайды, - дейді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша, қызмет көрсету орталығы көбінесе оппозициялық интернет парақшаларының ашылуына тосқауыл қойып қойған. Алайда бұл мәселеге ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев «бұл мәселеге біздің қатысымыз жоқ. Біз тек домендерді тіркеумен ғана айналысамыз» деп жауап берді.

Халықаралық талаптарға сәйкес, халықтың 20 пайызының компьютерлік сауаты болған жағдайда және 20 пайыз тұрғындар интернетті тұрақты пайдаланған жағдайда ғана «электронды үкімет» жүйесі қалыптасады екен. Сондықтан да ақпараттандыру және байланыс агенттігінің мәліметі бойынша, Үкімет үстіміздегі жылы 2060 компьютерлік оқу сыныптарын ашқалы отыр. Бюджет қазынасынан халықтың компьютерлік сауатын ашу үшін алдағы үш жылға 51,9 млрд. теңге қаржы бөлініпті.
XS
SM
MD
LG