Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасында тепловизорлар мен бейнебақылау құралдары орнатылады. Қазақстанның Шекара қызметі өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта шекараны бұзғандар саны көбейіп келеді, өйткені, шекара маңындағы тұрғындар ауладан аулаға өтіп әдеттеніп қалған.

Қазақстан шекарашылары ұсынған мәліметке сәйкес, тепловизорлар атты жабдықтар радиусы 3 шақырым жерді қадағалап, кез-келген тірі жанға әсер етеді. Ал, бейнебақылау жабдықтары қазірдің өзінде алынып жатыр. Бір жарым шақырым қашықтықты қамтитын бейнекамералар түнде де, күндіз де көрсетеді, дейді шекарашылар. Бұл жұмыстар неге бұған дейін өткізілмеді деген сұраққа шекарашылар, бұрын делимитация мәселесі мемлекетаралық келісімдермен рәсімделмеді деп жауап берді. Қазақстанның Шекара қызметінің инженерлік басқарма бастығы Қасен Таналиновтың айтуынша, мемлекеттік шекара сызығында тұрған үйлер әлі бар.

- Қазір жергілікті органдар жер телімдерін, үйлерді сатып алып жатыр. Өзбек жағынан да осындай жұмыс бар. Өзара тиімді болу үшін үйді үйге, бақшаны бақшаға айырбастап жатыр, - дейді Қасен Таналинов.

Ал, бұған дейін Өзбекстанда тұрған «Оралмандар одағының» төрағасы Артықбай Үкібаевтың айтуынша, шынында да екі елдің тұрғындары тығыз араласып кеткен:

- Енді ауылы аралас, қойы қоралас болған бөлініп жатқан ауылдарда болмаса, басқа тұрғындар біледі, қайтіп өтуін не жасауын.

Әйтседе, өткен жылы шекарашылар «Қапланбек» шекара бекетінен Сарыағашқа дейінгі 20 шақырым қашықтыққа шектеу орнатқан. Қазақстанның Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқарма бастығының орынбасары Роман Құрманбаевтың айтуынша, «шектеу дегеніміз - бір бірінен 5 метр қашықтықта орналасатын бағаналар, ал олардың арасында тікенекті сым темір тартылады». Бірақ, бұл - шектеудің бір бөлігі ғана деп хабарланады. Өйткені, жалпы шекара кешеніне жататын жолақтың ені 30 метр. Жоғарыда аталған шектеуден кейін, ені 10 метрлік жыртылған жолақ болады. Ол іздерді қадағалауға арналған, деп түсіндіреді шекарашылар.

Бұл жұмыс осы жылы демаркация аяқталып, бағаналар орнатылған жерлерде жүргізіледі, деп хабарлайды Роман Құрманбаев. Ал, 5-6 шақырым жерге жарық беруге шамасы жететін ірі шамдар сынақтан өткізілуде, дейді шекарашылар. Бұған тұрғындарданда түсінік бар деп хабарланады. Ал, «Оралмандар одағының» төрағасы Артықбай Үкібаевтың айтуынша бастысы екі жақ тұрғындарының араласуына кедергі болмауы шарт:

- Шекараның өз тәртібі болуы керек. Дегенмен халыққа жәбір болмауы керек, мәселе сонда. Ол екі ел, өтетін жерінен құжаты бар болса, еш кедергісіз өтіп келіп, араласып жүре беруі керек.

Әзірге шекарадан өтуде тұрғындар қиыншылықтарға тап болып жатады дейді Қазақстанның Шекара қызметінің инженерлік басқарма бастығы Қасен Таналинов. Оның айтуынша шекара маңындағы тұрғындар ауладан аулаға өтіп әдеттеніп қалған, ал, біз оларға арнайы өткізу бекеттерінен өтіңдер деп айтамыз, дейді Қасен Таналинов.

Таналиновтың айтуынша мұндай өткізу бекеттерін ашуда Қазақстан жағынан шектеу жоқ. Өзбекстан жағынан қаржы мәселесіне байланысты шектеу бар дейді ол. Ал, Қазақстандағы Өзбекстан елшісі Тұрдықұл Бутаяровтың айтуынша адамдарды өткізетін 10 бөлім жұмыс істеп жатыр.

- Бірақ, демаркациялық мәселе бар. Біріншіден, мұндай адам өткізетін бөлім орнын анықтау керек. Дегенмен 10 бөлім бар ендігі мақсат олардың адам өткізу мүмкіншіліктерін кеңінен пайдалану, ал, тағыда қосымша өткізу бөлімдерін ашу қажеттілігі болса біз қарсы емеспіз, - дейді Өзбекстан елшісі Тұрдықұл Бутаяров.

Ал, ресми мәлімет бойынша қазақ-өзбек шекарасының жалпы ұзындығы 2300 шақырымнан асады. Осы шекарадағы барлық бағаналарды орнату жұмыстары биыл аяқталуға тиіс.
XS
SM
MD
LG