Accessibility links

Оппозиция белсендісі сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды


Мамыр айының 15-күні Тараз қаласында Қазақстандық оппозиция белсендісі Әлібек Жұмабаев қалалық соттың үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған өткен президент сайлауына дайындық науқаны кезінде тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, қазіргі Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың ар-ожданына тиді деген айыптар тағылған болатын. “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының белсенділері сот “саяси астары бар заңсыз үкім шығарды” деп бағалап, арнайы мәлімдеме жасады.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Әлібек Жұмабаевқа Тараз қалалық соты ҚР қылмыстық істер кодексінің 24-бабы - «Төңкеріс жасауға шақыру», 247-бабы - «Бұзақылық жасағаны үшін» және 318-бабы – «ҚР президентінің ар-намысына тиген» деген айыптарды қарай келе, оның кінәсі бар деп тауып, оппозиция белсендісін 5 жылға бас бостандығынан айыруға және жазасын жалпы режимдегі қамау мекемесінде өтеуге үкім шығарды.

Өткен жылдың қараша айының 28-і күні қамауға алынған Әлібек Жұмабаев президенттіке үміткер болған Жармахан Тұяқбайдың сайлау алды науқан жұмыстарына белсенді араласқан. Қазан айының 23-інен 24-іне қараған түні белгісіз біреулер Тараз қаласы мен оның маңындағы елді-мекендерде президентке кандидат Н.Назарбаевтың бірнеше жарнамалық билбордын ішіне бояу салынған жұмыртқалармен атқылап бүлдірді және көрнекті жерлерге президентке қарсы ұрандар жазды. Осы іс бойынша күдіктілерді іздеуге кіріскен заң орындары, арасында Әлібек Жұмабаев бар бір топ жас жігітті қамауға алып, оларға айып тақты.

“Бұрын мен Әлібекті сырттай білетінмін. Сол сот отырыстарында өзімен сөйлесіп, қандай азамат екендігіне көзім жетті. Жаман ойдың адамы емес. Ел ішінде лаң салуға, ереуіл жасауға, шатақ шығаруға шақыратын адамдардың мінез-құлқының өзі басқаша болады. Ал Әлібектің жаратылысы олардан мүлдем бөлек. Оны қазіргі жастардың үлгі тұтарлық тұлғасы деп айтуға болады”, - дейді Тараз қалалық сотының шешімі шыққанға дейінгі бірнеше сот отырыстарына қатысып қайтқан Рысбек Сәрсенбайұлы.

Жұмабаевтың әріптестері Тараз қалалық соты оны негізсіз бас бостандығынан айырды деп бағалайды.

“Бұл сот үкімінің қитұрқы саяси астары бар. Әлібек Жұмабаевтың жауапкершілікке тартылуы - тек қана оның саяси көзқарасына байланысты. Себебі, оның көшеде тұрып, «біз көтеріліс жасауымыз керек» деген сөзі үшін, ешқандай қоғамдық тәртіп бұзылмаса да, оны 5 жылға бас бостандығынан айыру - заңсыздық болады”, - дейді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының төрағасы, республиканың бұрынғы бас прокуроры Жармахан Тұяқбай.

Ол Әлібек Жұмабаевты бостандыққа шығару үшін өздерінің түрлі шараларға баруға дайын екендерін білдірді.

“Алдымен құқықтық шараларды қолданамыз. Сот шешімін аппеляциялық жолмен бұздыруға талпынамыз. Одан түк шықпаса, Ғалымжан Жақияновты босатуға жасалған наразылық шарасынан кем болмайтын шаралар ұйымдастырамыз”, - деді Жармахан Тұяқбай.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова:

“Қазір осы сот шешіміне қоғам назарын аударып, халықаралық ұйымдарға қайырылып, шағымданамыз. Бұл болып жатқан заңсыздыққа қоғам болып, көпшілік болып қарсы тұруымыз керек”, - дейді.

Қазақстандық оппозиция белсенділері бұл сот үкімін елде билікке сыни көзқарастағы адамдарға қарсы ұйымдастырылып отырған іс-тірлік дегенді айтады.

“Қазіргі билік оппозициялық тұлғаларды оқпен де, сотпен де тұқыртып, көзін жоюды көздеп отыр. Және сол саясатты іске асырып жатыр. Бұл - өте қауіпті жағдай. Егер осы қалыпта кете беретін болса, мұның арты жақсылыққа апармайды”, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Осыдан 5 күн бұрын Алматы қаласының Медеу аудандық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері Арат Нарманбетовті Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевке жала жапты деп айыптап, оны 1 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.
XS
SM
MD
LG