Accessibility links

Темекінің зардабын шеккен қазақстандық азамат темекі компанияларын сотқа берді

  • Гүлмира ХАМЗА

Қарағанды сотында азамат Евгений Никитиннің арызы қаралып жатыр. Арыз иесі соңғы 10 жылдан бері өзінің темекіге тәуелді болып қалғанына, никотиннің адамды өзіне тәуелді ететіндігі жайында ескертпегені үшін темекі компанияларын кінәлап, олардан 1 млрд теңге өтемақы төлеуді талап етіп отыр.

Күніне кем дегенде 1 қорап темекі шегетін қарағандылық азамат Евгений Никитин секілді темекіге тәуелді адам қатары Қазақстанда жыл сайын артып келеді дейді қазақстандық денсаулық сақтау саласының мамандары. Олардың деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда ел халқының 23 пайызы - темекіге құмар жандар екен. Бұл әуестік көп жағдайда өкпенің қатерлі ісігі секілді ауыр дертке ұрындырады, дейді Қазақстанның салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары жөніндегі орталық директоры Қазбек Төлебаев.

Мамандар темекіден денсаулығына зардап келген азаматтардың өз құқығын қорғап, темекі компанияларын жауапқа тартпақ болған қадамдарын қолдаса да, оның қандай да бір нәтижеге қол жеткізетініне күмәнмен қарайды.

“Өйткені, бізде бұрын-сонды мұндай оқиға болған емес, оның үстіне, біздің заңдар бұл талапқа сай болуы тиіс,”- дейді «Алматыны темекіден азат ету» коолициясының атқарушы директоры Талапқали Ізмұхамедов.

«Алматыны темекіден азат ету» коолициясы темекінің зияны жайлы ақпарат таратуды көздейтін насихат жұмыстарымен шұғылданып келеді. Мамандардың дерегі бойынша, егер 1991 жылы Қазақстанда 10 миллиард дана темекі шегілген болса, 2004 жылы бұл көрсеткіш 25 миллиардқа дейін өскен. Бұл - елде темекі шегушілердің саны көбейіп отырғанын білдіреді дейді мамандар.

Темекіге тәуелді жандардың бірі Айгүл Оспанова өзінің темекі тартып жүргеніне биыл 11 жыл толатынын айтады. Темекіге құмарлық себебі туралы Айгүлдің өзі былай деп түсіндіреді:

- Мен жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде, телеарналарда темекінің жарнамасы жақсы жүретін қазіргідей, онда түрлі әдемі қыздардың шылым шегіп отырғанын көріп, қызықтым, негізінде, осы жарнама әсер етті десем, артық болмайды.

Темекі шегушілердің санын азайту үшін қазақстандық мамандар түрлі шараларды іске асырып, салауатты өмір салтын насихаттап жүр. Олар егде жасқа келгендердің арасында шылым шегушілер қатары азайғанын айтады. Бірақ, жас буын арасында әлі көп жұмыстар атқару керек, дейді Қазақстанның салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары жөніндегі ұлттық орталық директоры Қазбек Төлебаев:

- Жарнама, әсіресе жастарға қатты әсер етеді, сонымен қатар темекіге салынатын салықтың мөлшері аз болғандықтан темекі бізде арзан бағамен сатылады. Ал бұл жастардың шылым шегуіне қолайлы жағдай. Бұл жайында біз үкіметке де айттық, бірақ, әзірге ауыз толтырып айтар нәрсе - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы қабылдаған арнайы конвенциясы ғана. Егер осы конвенцияны Қазақстан бекітсе, көптеген мәселені шешуге болар еді.

Ал біз сауалнама жүргізген жастар болса көп жағдайда темекі жарнамасына өздерінің назар аудармайтындарын айтады:

- Адамның өзіне байланысты – темекі шегемін десе, оған жарнама да, түрлі насихат жұмыстары да әсер етпейді.

- Менің пікірімше, бұл әр адамның қасындағы достарына, ортасына байланысты, мәселен, маған әсер етпеді, себебі мен спортпен шұғылданғандықтан салауатты өмір салтын ұстанамын.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда темекі шегетіндердің арасында өкпе ісігі дертіне шалдыққандар қатары өте көп. Қазақстандықтар жиі ауыратын аурулардың ішінде қазіргі кезде үшінші орында бейдауа (онкологиялық) аурулар тұр.
XS
SM
MD
LG