Accessibility links

Ауғаныстан АҚШ пен Иран арасында араағайын болуға ниет білдірді


Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Уашингтон мен Техран арасында қалыптасып отырған теке-тіресті азайтуда Ауғанстан ара ағайындық рөл атқаруға әзір. Бұл жөнінде Ауғанстанның жаңа Сыртқы істер министрі Рангин Дадфар Спанта дүйсенбі күні айтты. Бұл ойларын ол «Азат Ауғанстан» радиосына берген сұхбатында білдірген еді.

Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Рангин Дадфар Спанта Иранның яролық бағдарламасына байланысты дау-дамайдың дипломатиялық жолмен шешілгендігін Ауғанстан қалайды, деді.

“Құрама Штаттары мен Иран арасындағы келіспеушіліктің азайып, халықаралық заңдар аясында және Халықаралық Атом энергиялық агенттігі шарттарына орай шешілуін қалаймыз. Осыған орай Ауған елі ол теке-тірестерді азайтуда ара ағайындық рөл атқаруға әзір”, - деді Спанта.

Алайда, ондай ара ағайындық рөлді атқару жөнінде өздеріне ұсыныс жасалмағандығын да ол атап өтті.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай келесі айда жоғарғы дәрежедегі арнайы сапармен Иранға бармақшы. Бұл сапарда Спанта мырза да болады. Оның айтуынша, сапар барысында, теміржол қатынасын қосып айтқанда, бірнеше салалар бойынша екі ел арасындағы әріптестік жайы талқыланбақшы.

“Ядролық дағдарыс сауалы кездесу күн тәртібінде тікелей болмайды. Дей тұрғанмен бұл мәселенің Иран мен Батыс арасында мүмкіндігінше тез арада шешілетіндігіне біз сенеміз. Аймақтағы кез-келген теке-тірестер Ауғанстанның экономикалық дамуына, бейбітшілік жағдайына әсер ететін болады”, - деді Спанта.

Екі ел арасында жақсы достық қарым-қатынас қалыптасқан. Ол байланыстар әріптестік пен өзара сенімге құрылған, деді Спанта мырза.

Өз сөзінде Спанта мырза Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы кейбір түсініспестікті бұл екі мемлекеттің орайымен шешетіндігіне сенетіндігін айтты. Нақтылай түспесе де министр мырза Талибандықтарды ұстауда Пәкістан тарапы жеткілікті жұмыс жүргізбей отыр, деді.

“Мен мына мәселені баса айтқым келеді. Пәкістан жағы әл-Қайда басшыларының бірнешеуін ұстады. Алайда Талибан басшыларын ұстауға деген ешқандай құлық байқалмайды”, - деді Спанта «Азат Ауғанстан» радиосына берген сұхбатында.

Германия газетіне берген сұхбатында Спанта мырза: “Осама бин-Ладен Пәкістанның Ауғанстанмен шекарасына жақын маңайында тұрып жатыр. Алайда оны ұстауға Пәкістан тарапы толық құлшынып отырған жоқ”, деді.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында министр мырза “халықаралық ұйымдар өкілдерінің айтуынша, Ауған жеріндегі лаңкестердің белсенді әрекет етулері сырттағы күштерге байланысты болып отыр екен”, деді. Ауған Сыртқы істер министрі Пәкістандық әріптесін, екі жаққа ортақ мәселелерді талқылау үшін еліне шақырғандығын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG