Accessibility links

Уақытша жабылған “Айна плюс” басылымына қарсы тағы әкімшілік сот ісі қозғалды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Алматы қаласының Медеу аудандық сотында уақытша жабылған “Айна плюс” газетіне қарсы әкімшілік іс қозғалды. Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің полиция қызметкерілері бұл басылымды ар-ожданымызға тиді деп айыптап, өздеріне 7 млн теңге моральдық шығын өндіріп беруді талап етуде.

Сот шешімімен 206 мың теңге айыппұл салынып, жұмысы уақытша 3 айға тоқтатылған оппозициялық бағыттағы “Айна плюс” басылымын әкімшілік жауапқа тарту жөнінде Алматы қалалық ішкі істер департаментінің шұғыл іс-қимыл танытатын арнайы тобы командирінің орынбасары Сергей Архипов пен полиция қызметкері Алмас Шегебаев Медеу аудандық сотына шағым түсірді. Оған басылымның наурыз айының 16-сы күнгі 5 санындағы 16-шы бетінде “Қара бет” айдарымен жоғарыда аттары аталған полиция қызметкерлері суреттерінің жариялануы себеп болды. Өздерінің ар-ожданына кір келтірді деп бағалаған полиция қызметкерлері енді басылымнан біреуі 6 млн., тағы біреуі 1 млн. теңге моральдық шығын талап етіп отыр.

Қазақстан сотының шешімімен қандай да бір басылым-баспаға басшылық ету қызметімен айналысуына тиым салынғаны себепті, газеттің әр санында өзін «Айна плюс» басылымының бас оқырманы» деп атап, қол қоятын журналист Ермұрат Бапи бұл жайтқа байланысты «Азаттық» радиосына былай деді:

«Газеттің соңғы санында “Қара бет” айдарымен екі бет шыққан болатын. Онда Алматы қаласында өткен митингілерді тарату, оппозиция мүшелерін соттау, әртүрлі саяси шешімдері шығаруға қатысы бар заң орындары қызметкерлерінің суреттері жарияланған еді. Ол жерде ешкімнің аты-жөні жазылмаған. Бұл жерде Алматы қаласының полиция қызметкерлері басылымды түбірімен жоқ етуді көздеп отырған болуы керек. Өйткені, шықпай жатқан газетті сотқа берген шағым-арыздың екеуі де бір қолмен жазылған».

Ал басылымды сотқа беріп, моральдық шығын талап етіп отырған Алматы қалалық ішкі істер департаментінің полиция қызметкерінің бірі Алмас Шегебаев “Айна плюс” басылымы менің азаматтық құқығымды бұзып отыр, дейді, “Азаттық” радиосына берген сұхбатында ол:

«Басылым азаматтық кодекс бойынша газетке біздің суретімізді шығару үшін рұқсат алу керек. Жазбаша біздің келісіміміз болуы керек. Ешқандай келісімсіз “қара бет” деп шығарған. Ол қандай мағынада? Менің жеке басым үшін ол қорлау болып табылады. Өйткені, «қара бет» деген қазақта жақсы сөз емес. Қандай мағынада қара бет деп шығарды - мен соған түсінік алғым келеді. Егер сотта “Айна плюс” газеті менің қара бет екенімді дәледесе, онда айтарым жоқ. Мен ол суретте формада қызметтік міндетімді атқарып жүрген сәтім бейнеленген», - деді.

“Біз бұл жерде кінәсізбіз. Фототілші полиция қызметкерлері Сергей Архипов пен Алмас Шегебаевты кабинеттің ішінде жасырын түсіріп алса, онда кінәмізді мойындар едік. Ал бұлар жария шараны таратуға келген полицияның күштері. Митингіге жүздеген мың адам қатысады. Соларды суретке түсіргенде әрқайсынан рұқсат сұрау керек деген заң еш жерде жазылмаған”, - дейді Ермұрат Бапи.

Ал Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау жөніндегі “Әділ сөз” ұйымының қызметкері Ғалия Әженова соңғы уақытта елде оппозициялық бағыттағы басылымдарды сотқа тарту ісі көбейіп отырғанын айтады.

«Мәселен, осы төрт ай ішінде іскерлік бедел мен ар-намысты қорғауға байланысты 45 жағдай тіркелді. Оның моральдық шығын талап еткен барлық сомасын қосып есептегенде 609 млн. теңгеден асып отыр”, - дейді Ғ.Әженова.

Ал “Айна-плюс” басылымына қарсы қозғалған әкімшілік іс мамырдың 18-і күні Медеу аудандық сотында қаралатын болды.
XS
SM
MD
LG