Accessibility links

Черногория халқы елдің тәуелсіз болуын қолдайды


Мамырдың 21-і күні Черногорьеде болған референдум барысында сайлаушылар Сербиямен одақтан шығуды қолдап дауыс берді. Сонымен Балқан түбегіндегі бұл ел тәуелсіздігін алды. Мұның өзі тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан, әлемдегі талай ұлттар үшін, бейбіт түрде жеңіске жетудің үлгісі болса керек еді. Сарапшылардың айтуынша, бұл үлгінің Абхазия, Днестр маңы сияқты аймақтарда жүзеге аса қоюы қиын.

Жексенбі күні Черногорьеде болған референдум демократиялық, әділ жолмен тәуелсіздікке қол жеткізудің жарқын үлгісі болды, деп Оңтүстік Осетия, Абхазия, Днестр маңы аймағы өкілдері қызу қуаттауда.

Алайда сарапшылардың айтуынша, бұрынғы Совет өкіметі құрамында болған елдердегі жағдайды Черногорьемен салыстыруға болмас. Себебі, Черногорье басшылығында кең тұрғыдағы заңдылық орныққан. Мұнда әртүрлі ұлт өкілдері достық жағдайда өмір сүруде. Сонымен бірге бұл елдегі референдум айқын тәртіппен және Еуропа одағының мықты қадағалауымен, сондай-ақ Сербияның келісімімен өтті.

Дей тұрғанмен, бұрынғы Совет кеңістігіндегі әлгі үш ел туралы бұлай айта қою қиын. Абхазия мен Оңтүтік Осетия болса Тблисимен, ал Днестр маңы аймағы болса Кишиневпен араз жағдайда өмір сүруде. Олардың үшеуіне де Ресей елі мықтап қолдау көрсетіп келеді. Осы арқылы батысшыл бағыттағы Грузия мен Молдовада өз ықпалын жүргізуді ресми Кремль ойластыруда. Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының кеңсе басшысы Карел де Гучт проблеманың шешімі жөнінде былай деп ой түйеді:

“Сіз ондай референдумды барлық жақтың келісімін алғаннан кейін ғана, сондай-ақ оның қорытындысымен барлық тарап келіскенде ғана өткізе аласыз. Сондықтан да, Халықаралық қауымдастық елшісі Мирослав Лаичактың ұсынысы, қызығушылық танытушы барлық жақтың қабылдауынан кейін ғана, аса маңызды буын болды. Ол ұсыныс бойынша Черногорьенің тәуелсіздігін қолдап, сайлаушылардың кем дегенде 55 пайызы дауыс беруі тиіс еді. Біріншіден, референдум ұйымшыл болды, екіншіден қорытындыға алдын-ала кепілдік берілген жоқ. Олай болмаған жағдайда мұның өзі пікір қайшылығын туындатар еді. Сонымен, ол шешім бойынша, барлық тараптың оны қорытынды ретінде қабылдауға келісуі мүмкін еді”.

Александр Рахр - Германияның Сыртқы істер кеңесіндегі Ресей және бұрынғы Совет одағы бойынша сарапшысы.

«Батыстағы демократиялық ұйымдардың басшылығымен Черногорьедегі референдум шынайы демократиялық жолмен өтуі мүмкін еді. Алайда, Абхазия, Оңтүстік Осетия және Днестр маңы аймағы жөнінде бұлай айта қою қиын. Себебі, ондай саяси науқандардың қорытындысын Ресей тарапы бұрмалап және өз бақылауында ұстауы мүмкін деген үрей бар», - дейді Рахр.

Черногорье үлгісін Грузия мен Молдовадағы өз қызығушылықтарына орай пайдалану Кремльге тиімді де болар еді. Алайда ресми Мәскеу бұл үлгіні өз қоластындағы, тәуелсіздігі үшін күресіп келе жатқан Шешенстан үшін қолданғысы келе қоймас, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG