Accessibility links

Көк тулы Түркістанның тағы бір азаматы Азамат Алтай дүниеден өтті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Мамырдың 23-күні Қырғыз халқының ұлтжанды азаматтарының бірі, тарихшы, журналист, «Азаттық» радиосының түркі тілдес редакцияларының негізін қалаушы қайраткерлерінің бірі Азамат Алтай Нью Йорк қаласында жарық дүниеден өтті.

Азамат Алтай 2003-жылы «Азат Еуропа – Азаттық» радиосының 50 жылдық мерейтойына арнайы шақырылған кезде Қазақ бөлімі қызметкерлері онымен арнайы кездесіп, ұзақ әңгімелесіп, ғазиз ағаны бейне, дыбыс таспаларына жазып, суретке түсіріп алған болатын.

Азамат ағаның ата-анасы азан шақырып қойған өз аты - Құдайберген, әкесінің есімі - Қожамберді. Өз айтуынша, Америкада жүргенде оның 25 әріптен тұратын есімін американдықтарға атау қиын болғандықтан Азамат Алтай деп жазғызып алыпты.

Құдайберген аға 18 жасында 2-дүниежүзілік соғысқа туған жері Ыстықкөлден аттанып, кейінірек қантөгісті шайқастарда неміс фашистеріне тұтқынға түсіп, түркістандық жауынгерлермен бірнеше рет қашып көреді, бірақ фашистердің абақтысына қайта түседі. Соғыстан кейін елге қайтса кеңес диктаторы Сталиннің қаһарына кезігетінін білген олар Германияда қалып, Түркістандық ұйымдарға қосылады.

Міне сол кезде «Түркі Елі» деген журнал шығарып Азамат аға Түркістанның әнұраны - гимні ретінде Мағжан Жұмабаевтің өлеңін ұсынған екен. Кейін 1950-жылдары советтік НКВД-КГБ-ның қанды қылышына бәрібір кезігетінін білген Азамат Алтай Америкадан баспана сұрайды. Ол елде Нью Йорктағы Колумбия университетіндегі кітапхана архивінде жұмыс істейді. Орта Азия тарихын зерттеуге үлкен үлес қосады.

Америкаға Орта Азиядан, әсіресе Қазақстаннан кім келсе де, қалай болса да, ретін тауып кездесіп отырған. Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов барған кезде жазушыны өз әкесіндей көріп, қасынан бір елі қалмай тілмаштық жасап жүрген. Қазақ кинорежиссеры Шәкен Аймановқа да кездесіп сырласқан.

Ал ең маңыздысы, сонау ақтаңдақ кездерде халық жаулары атанып, атылып кеткен алаштың ардақтыларының еңбектерін, суреттерін, архив деректерін, мүмкіндігінше, келгендерден елге қарай жіберіп отырған.

Тағы бір қызықты дерек, Азамат Алтай сонау 1960-жылдары Америкаға Алматыдан барған дәрігер, қазіргі кезде көзі тірі академик Сайын Балмұқанұлына Нью-Йоркта кездесіп, Абылайханның суретін беріп жіберген. Ол суреттің елге қалай жеткені өз алдына үлкен әңгіме.

Бұл жөнінде Қазақстанда шығатын «Дала мен Қала» газетінде, мамырдың 19-ы күнгі санында қаламгер Әнуар Әуелбектің деректі мақаласы жарияланған. Азамат Алтай «Азаттық» радиосына берген бір сағаттық сұхбатында Берлин және Парижде бүкіл Түркі әлемінің рухани көсемі, аса беделді қайраткер, Түркістан елінің азаттығы, тәуелсіздігі үшін күресіп өткен әйгілі азамат Мұстафа Шоқайдың артында қалған шаңырағында көп уақытын өткізіп, Мұстафа Шоқайдың өмір жолдасы Мария Яковлевна Шоқайға рухани қолдау көрсеткен.

М.Шоқайдың мұраларын жинап, сақтауға ат салысқан. Бірақ, Азамат ағаның айтуынша, Мария Яковлевнадан кітапханадағы барлық дүниені алудың мүмкіндігі болмаған. Мария Шоқай ол кітаптарды, жазба мұраларды Париждегі зерттеу орталығына беріп, Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жарыққа шығарып, оның атын мәңгіге сақтап қалмақ болған. Бірақ Париждегі ол зерттеу орталығы өзіне қажетті кітаптарды алып қалып, қалғандарын өзге жерлерге таратып жіберген.

Азамат Алтай – Құдайберді Қожомбердиев атажұрты Алатаудан жырақта 86 жасында жарық дүниемен қоштасты.

Жатқан жеріңіз жайлы болып, иманыңыз қабыл болсын, Алаштың ардақтысы Азамат аға!
XS
SM
MD
LG