Accessibility links

Сочиде өтетін Еуроодақ-Ресей басқосуында Шешенстандағы жағдай жөнінде сөз бола ма?


Жылына екі рет болатын кезекті Еуроодақ-Ресей басқосуы бейсенбіде Сочиде өтеді. Бұл жолғы басқосуда талқыланатын ең негізгі мәселелердің бірі энергия саудасы болмақ. Еуропа Одағы Ресейдің газ бен мұнайының келешекте Еуропаға үздіксіз тасымалданатындығына кепілдік алғысы келеді.

Брюссельдегі ресми өкілдердің айтуынша, Еуропа Одағы Ресейдің энергия көздеріне мұқтаж, ал Ресей үшін Еуропаның экспорт базарлары маңызды. Сейсенбі күні Еуропа комиссиясының баспасөз хатшысы Эмма Удуин Еуроодақ энергия саласында Ресеймен тығызырақ қарым-қатынас жасағысы келеді деді. Бірақ ол үшін Ресей шарттары Еуропаның энергия саудасындағы коммерциялық талаптарына сай келуі керек, яғни Ресей энергетикалық секторын ашық және айқын етуі тиіс, және өз базарларында бәсекелестікке жол ашып беуі керек, деді Удуин ханым. Оның сөзіне қарағанда, осы реформалардың жүзеге асырылуына ынталандыратын Еуропа Одағының мықты сауда келісім-шарттары бар.

“Ресейдің Еуроодақ үшін өте маңызды қамтамасыз етушісі екендігі рас. Газ бен мұнайымыздың шамамен 25 пайызын Ресей жеткізеді. Бірақ біз Ресей үшін жай ғана тұтынушы емеспіз, біз олардың негізгі клиентіміз. Бүгінгі таңда Еуропаға тасымалданатын газ Ресей газ экспортының шамамен 65-пайызын құрайды. Сондықтан бұл екі-жақты ынтымақтастық”, - деді Удуин.

Таяуда Ресейдің “Газпром” компаниясы егер Еуроодақ біздің даму жоспарымызға кедергі жасаса, онда жаңа базарларды қарастыратын боламыз деген еді. Бұған қоса Мәскеу энергия мәселесіне қатысты Еуропалық құжатты мақұлдаудан бас тартып отыр. Бұл халықаралық келісім бойынша Мәскеу батыстың инвестициялық талаптарын орындап, “Газпромның” монополиясын тоқтатуы керек болады.

Осы мәселеге қатысты Еуроодақ келесі жылы келіссөз өткізбекші, бірақ Сочидегі басқосуда айтарлықтай алға жылжу болады деп ойламаймын, деп атап көрсетті Удуин.

Оның айтуынша, Еуроодақ 1997-ші жылы қол қойылған ынтымақтастық келісімін жаңарту керек деп ойлайды, сол үшін басқосу барысында осы мәселе де талқыланады.

Ресей Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болғысы келеді. Егер ол мүшелікке қол жеткізсе, Еуроодақ пен Ресей арасында еркін сауда аймағы болады. Удуиннің айтуынша, басқосуда осы мәселе де қаралмақшы. Сонымен қатар, Иран, Таяу Шығыс секілді халықаралық мәселелер де талықаланатын болады, деді Удуин. Бұған қоса, виза, иммиграция мәселесі, Беларус және тағы басқа көршілес елдер туралы да сөз болады.

Ал Шешенстан немесе Ресейдегі адам хұқтары жағдайы сияқты күрделі мәселелер көтерілмейтін сияқты. Бірақ Удуиннің айтуына қарағанда, бұл мәселелерді көтеру мақсатында Еуропа Одағы кез келген мүмкіндікті пайдаланады.

“Біз баспасөз бостандығы, адам хұқтары жағдайы, және Шешенстан мәселесіне байланысты әрине алаңдаушылығымызды білдіреміз,” - деді Удуин.

Бірақ, Еуроодақ өз алаңдаушылығы жөнінде Сочидегі басқосуында айта ма жоқ па белгісіз, деді Удуин.
XS
SM
MD
LG