Accessibility links

Халықаралық еңбек ұйымы әлемде ауыр жағдайда жұмыс істейтін бала саны азайғанын жариялады


Соңғы жылдары әлемде қауіпті жағдайда жұмыс істейтін балалар саны 26 пайызға дейін кеміді деп жариялады Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері сәрсенбі күні Алматыда. Алайда, балалар мәселесімен айналысатын бірқатар қазақстандық қоғамдық ұйым өкілдері Қазақстандағы, сондай-ақ Орталық Азияның өзге де елдерінде балалар еңбегіне қатысты жағдайдың ауыр екендігін жеткізіп отыр.

9 жастағы Арман күн ұзақ Алматыдағы орталық базарға жақын көшеде алдына орындық қойып алып, жеміс-жидек сатып, әке-шешесіне жәрдемдеседі:

- Банан сатамын. Кәрістерге балық апарып беремін. Сөйтіп, күн көремін.

- Күніне қанша табасың?

- 500 теңге.

10 жасар Алмат та анасы сатушы болып істейтін дүкенді тазалауды толықтай өз мойынына алған:

- Мысалы, еден жуамын. Күл-қоқыстарды шығарамын, сыпырамын. Қарным қанша ашса да, анама көмектесуім керек!

Әлемде әрбір жетінші бала жұмысқа жегілген. Ал Халықаралық еңбек ұйымының 1973-жылы қабылданған конвенция талабы бойынша жұмысқа қабылданатын жұмысшының жасы 15-тен, дамушы елдерде 14 жастан кем болмауы тиіс. Алайда, балаларды жұмысқа алу заңсыз болғандықтан, оларды анықтау да қиын, дейді Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы жобасының үйлестірушісі София АН:

- Сондықтан, балалардың ең нашар жұмыс түрлері туралы деректер алу өте қиын. Бірақ 2004-шы жылы Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығында істейтін балалар еңбегі туралы Қоғамдық пікірді анықтау орталығы зерттеу жүргізді. Сонда елдегі балалар еңбегіне қатысты жағдайдың айтарлықтай ауыр екендігі белгілі болды. Балалар заңмен рұқсат етілген уақыттан артық және денсаулыққа зиянды жағдайда жұмыс істейді, - дейді халықаралық еңбек ұйымының өкілі.

Ал жақында балалар еңбегі бойынша мониториг жүргізіген «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Зухра Тұрғанбай Қазақстанда еңбекке жегілген балаларды бірнеше топқа бөлуге болады дейді:

- Көбіне, күн көрісі нашар немесе ата-аналары ішкілікке, нашақорлыққа салынған, толық емес отбасынан шыққан балалар еңбек етуге мәжбүр болады. Ондай балалар оқуда жоқ, әрі кетсе 5-6 сынып қана оқиды, қалғандары мектепке мүлдем бармайды. Ал күн көріс қамамымен келген мигранттардың балалары ше? Тәжікстан, Қырғызстаннан келгендердің балалары мүлдем сабақ оқымайды...

Қырғызстандық 11 жасар Ахмет пен 15 жасар Мұрат нәзік дене бітімдеріне қарамастан, базарда ауыр жүк тиелген арба тасиды.

- Мен әкеме көмектесемін. Мектепте оқиымын. Оқығым да келеді. Бірақ кейде барғым келмей қалады. Бүгін барғым келген жоқ, міне, барған жоқпын, - дейді Ахмет.

- Бүгін жұмыс істейсің ғой...

- Иә, жұмыс істеймін. Тачка тартамын.

- Үлкен болғанда кім боласың?

- Шоң болғанда көреміз де. Университетте оқиымыз ба?Оны көреміз ғой не болатынын!

- Өзіңнің жұмысың туралы айтып берші...

Мұрат:

- Көріп тұрсыз ғой, тачка сүйрейміз. Ха-ха-ха!

- Жасың қаншада?

- 15-те.

- Оқуға баруға үлегересің бе?

- Тастап кеттім. 1 жыл болды.

- Мектепке мүлдем бармайсың ба?

- Жоқ. Оқығым да келмейді.

- Не үшін жұмыс істейсің?

- Ақша керек болса, ата-анаңнан сұрап отырмайсың. Өзіңе керек болса, өзің тауып аласың. Өзім табамын, өзім жұмсаймын!

Әзірге Орталық Азия елдерінде балалар еңбегі туралы нақты дерек жоқ.

- Бірақ, Қырғызстан мен Өзбекстанда бала еңбегі жаппай белең алған. Бұл осы елдердегі кедейшілік пен ауыр экономикалық жағдайға байланысты. Ал Қазақстанда 90-шы жылдармен салыстырғанда бала еңбегінің жаппай көрініс беруі азайған,- дейді Халықаралық еңбек ұйымының өкілі София Ан.

Қазақстанда ғана емес, әлемде бала еңбегіне қатысты жағдайдың оңалғандығын хабарлады, сәрсенбі күні Алматыда, Халықаралық еңбек ұйымының Орталық Азиядағы жобасының бас техникалық кеңесшісі Ларс Йохансен:

- Халықаралық еңбек ұйымының жаңадан жарияланған баяндамасынан шығатын бір қорытынды: әлемде бала еңбегін пайдалану көлемі азайған. Мысалы, 2004-ші жылғы бағалау бойынша 5 пен 17 жас аралағындағы қатерлі салаларда жұмыс істейтіндер саны 26 пайызға кемісе, 5 пен 14 жастағы ауыр жұмыс істейтіндер 33 пайызға азайған, - дейді Халықаралық еңбек ұйымының өкілі.

Алайда, Біріккен ұлттар ұйымы ЮНИСЕФ балалар қорының мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда әлемде жылына 1 миллионнан астам бала жезөкшелікке, қайыр сұраушылыққа салынып, шахталар мен құрылыста қара жұмысқа жегіледі екен.
XS
SM
MD
LG