Accessibility links

Астанада славян жазбалары мен мәдениеті күндері өтті


Астанада мамырдың 24-күні славян жазбаларымен мәдениеті күндері басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігімен Қазақстан халықтары ассамблеясы ұйымдастырған шара халықтар қатынасын нығайту үшін өткізіледі деп хабарланады. Бірақ, кейбір қазақстандық филологтар бұл пікірмен келіспей отыр.

Мұндай «Славян жазбаларымен мәдениеті» күндері Қазақстанда 1995 жылдан бері аталып келеді. Бұған дейін өткізілген шаралардада негізгі мақсат ТМД елдерінде халықтар арасындағы ынтымақтастық және орыс тілінің мәртебесін көтеру деп хабарланған. Орыс тілін дамытуға арналған байқау жеңімпаздарына осымен бірнеше жыл бойы Ресейдің жоғарғы оқу орындарына филология және журналистика мамандығына емтихансыз түсуге мүмкіншілік беріледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тілдер комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Нұртазиннің айтуынша бұл Қазақстанға тиімді:

- Ондай байқаулар баршылық. Ресей жоғары орындарының мүмкіндігін пайдаланып, өзіміздің азаматтарымыздыда маман ретінде дайындау үшін тәжірибеде бар нәрсе.

Ал, Қостанайлық филолог Алмас Әбсадықтың айтуынша мұндай шаралардың қажеті шамалы:

- Славян жазбалары күндерін біздің Қазақстанда өткізу сондай маңызды деп мен айта алмаймын. Өйткені біз кирилицаны тастап латын қарпіне көшеміз бе деген сыңайымыз бар. Славян тілін Қазақстанда желеулетпей-ақ оның Еуразияда тарауы өте кең. Мұның астарында орыс тілінің үстемдігін жалғастыру сияқты саясаттың ізі болуы мүмкін.

Тілдер комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Нұртазиннің бұл мәселеге қатысты өзіндік көзқарасы бар:

- Латын қарпіне ауысу ауыспау терең мағыналы нәрсе, оны тон пішкендей кесіп айту қиын, ол бір. Екінші, орыс тіліне славян тіліне оны Еуразия кеңістігінде дамыған деп отыра бермеймізғой. Орыс ұлтты адам біздің азаматымыз болғандықтан біздің мемлекет атынан былайша айтқанда қамқорлық.

Астананың Тілдерді дамыту басқармасының төрайымы Оразкүл Асанқазыда бұл мәселеге қатысты өзінің пікірін білдірді:

- Енді көшіп кеткенде көреміз, бүгінгі таңда жазып жатқан тіл кирилица. Әңгіме әріпте тұрған жоқ, тарихта. Сондай болғаны рас, пайдаланып отырғанымыз рас, бұл тарих. Көшсек көреміз.

Ресей филологтарының айтуынша орыс тілі қолданысы жағынан әлем бойынша алтыншы орында. Ресми мәлімет бойынша орыс тілі Қазақстан мектептерінде міндетті түрде оқытылатын пәндер қатарына жатқызылған. Қазақстандық статистика мәліметіне сәйкес, елде тұратын орыс тұрғындар саны төрт жарым миллионнан асады. Бұл республика тұрғындарының үштен бір бөлігі. Ал, Қостанайлық филолог Алмас Әбсадықтың айтуынша олай болса, мұндай шараларды алма кезек өткізу қажет:

- Таза мәдени тұрғыдан келсек атап өткен кезде қазақстанда қарсы емеспіз, бірақ, славян мәдениетіне түркі мәдениетінің әсерін айтса жақсы болар еді. Егер мықты болса, сол славян жазуы күндерін өткізіп жүргендер орыс елдерінде түркі жазуының күндерін өткізуге мұрындық болса жақсы болар еді.

Тілдер комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Нұртазин болса осы сұраққа былай жауап берді:

- Ол түркі тілдеріне байланысты Татарстанды, Башқорстанды алсаңыз Ресей федерациясының субьектілерінде әрқашанда өткізілетін дүние. Ондай алма кезектік бар. Енді оның деңгейі ол әрине сол арада отырған ұлттық мәдени орталық қызметіне, біздің қарым-қатынасымызға байланысты.

Астананың Тілдерді дамыту басқармасының төрайымы Оразкүл Асанқазының айтуынша бұл шара тек тарихпен шектеледі:

- Қалаймыз ба қаламаймыз ба біздің сыртқы кеңістікке шыққандағы тіліміз орыс тілі. Басқа жерге барсақ бірден ағылшынша сөйлеп кетіп жатқан жоқпызғой, орысша сөйлеп жатырмыз. Ол қолданыста жүрген тілді дамыту емес, тарихын балаларына түсіндіру.

Ал, ресми мәлімет бойынша енді мұндай «Славян жазбаларымен мәдениеті» күндері Қазақстан Астанасында жылда өткізілетін болады.
XS
SM
MD
LG