Accessibility links

Қырғызстанда былтыр демократиялық революция жасалып, жаңа үкімет экономикалық реформаларды бастады. Алайда, реформаның алғашқы жылы нәтиже бермеді. Жергілікті кәсіпкерлер парақорлық пен сергелдең әлі жойылатын емес деп шағым айтады. Шетел инвесторлары Қырғызстанда саяси тұрақсыздық тоқтайтын емес дейді. Үкімет болса он жылдан аса күшейіп тұрған жаппай коррупцияны бір жылда жою мүмкін болмады, көш жүре түзеледі дейді.

Қырғызстан жалпы ішкі өнімі 2005 жылы 1,4 пайызға өсті. Салыстыру үшін айтайық, 2004 жылғы мәлімет 7,5 пайыз болған. Ресми дерекке қарағанда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жалпы ішкі өнім 2,4 пайызға өсті. "Азаттық" радиосына сұхбат берген экономистер шетел бизнесмендер мен жергілікті бизнесмендерді тұрақсыздық алаңдатады, саясат және экономика салаларына қылмыс топтарының араласа бастағаны алаңдатады дейді. Лондонда орналасқан "Экономист интелледжинс юнит" институның сарапшысы Дафни Тер-Сакарян Қырғызстан жаңа үкіметі тұрақтылық орната алмады, экономикалық реформаларды іске асыра алмай отыр дейді:

- Mұндағы мәселе – тұрақты реформа бағдарламасы болмай отыр. Есесіне меншік иелігіне қатысты қарамақайшылық көп, шетел инвесторларына қатысты саясатта қарамақайшылық көп. Үкімет экономикалық саясатында көп прогресс жасамады. Бұл экономикаға кері әсерін тигізіп отыр.

2005 жылы наурызда болған демократиялық революциядан кейін жаңа үкімет биліктен қуылған президент Асқар Ақаев пен оның әулетінің қарамағында болған компанияларды кері қайтаруға әрекет қылды. Алайда, революция жасалғалы бері бір жыл екі ай өтті, Ақаевтардың меншігі табылыпты, мемлекетке қайтарылыпты деген сөз жоқ. Қырғызстан оппозициясының белсендісі, "Қырғызстан кәсіпкерлері одағының" президенті Өмірбек Әбдірахманов сияқты адамдар Ақаевтардың меншігі, керісінше, президент Құрманбек Бақиевтың әулетіне өтіп жатыр дейді. Нақты айтқанда, Ақаевтың ұлы Айдардың үлкен бизнестегі орнын енді Бақиевтың ұлы Максим басып жатыр, - дейді Қырғызстан оппозициясының белсендісі Өмірбек Әбдірахманов:

- Революциядан кейін бұрынғы президент пен оның айналасының қолында болған мүлік жайында көп әңгіме айттық. Көптеген компания жайында сөз болды. Алайда, оның бірде бірі Ақаевтың меншігі болды деп белгіленіп, мемлекетке қайтарылған жоқ. Бұл меншік жаңа үкімет пен оның төңірегіндегілерге біртіндеп өтіп кетті. Көңіл қалдырып отырған жайт осы.

Үкімет басшылары мұндай сынды қабылдамайды. Президент Бақиев ел экономикасы Ақаевтың тұсында бірнеше жыл қатарынан тозып жатты, бір жыл ішінде тұйықтан шығу мүмкін емес дейді. Сәүір айының 26-да сөйлеген сөзінде президент Бақиев ел экономикасына шетел инвестициялары тартылып жатыр, реформа жүргізу мүмкіншіліктері кеңейіп жатыр деді.

Қырғызстан экономикасына ең үлкен табысты алтын өндірісі кіргізеді. Қырғызстан-Канада бірлескен "Құмтор голд" компаниясы жалпы ішкі өнімнің он пайызын беріп отыр. Бірақ, "Құмтордың" өндіріс көлемі жылдам қарқынмен азайып келеді. Алтын өндірісі биылғы жылдың бірінші тоқсанында 13,6 пайызға қысқарды. Үкімет адамдары Жерой және Талдыбұлақ сияқты басқа алтын кеңорындарын іске қосуды көздейді. Ақаевтың үкіметі Жерой кеңорнын игеруге лицензияны британиялық "Оксас голд" компаниясына берген болатын. Бақиевтың үкіметі келісім Қырғызстанның ұлттық мүддесіне қайшы деп, лицензияны қайтарды. Жерой кеңорнын игеру келісімі австриялық "Глобал голд" компаниясымен жасалды. "Оксас голд" компаниясы сотқа шағымдануға әрекет жасап жатыр. Қырғызстан экономикасының тағы бір үлкен саласы – көмір өнеркәсібінде меншік иелігі жөнінде дау жүріп жатыр. Үкіметтің алдында тұрған ең үлкен мәселенің бірі – жұмыссыздық. Ресми мәліметке қарағанда, жұмысқа қабілеті бар адамдардың он пайызы жұмыссыз.
XS
SM
MD
LG