Accessibility links

Қазақстанда жыл сайын коррупцияға жататын 700-800 қылмысты іс тіркеледі және биылғы жылдың 5 айының көрсеткіші өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 5-6 пайызға артық болды. Бұл туралы Астанада мамырдың 29 күні Қазақстан бас прокурорының орынбасары Ерғали Мырзадинов жемқорлықпен күрес шараларына арналған отырыстан кейін журналистердің сұрақтарына берген жауабында айтты.

Астаналық жеке меншік такси жүргізушілерінің бірі Ерғали Нүсіпжановтың жасы 40-тан асқан. Жұмыс болмағандықтан автокөлігін пайдаланып күн көріп жүрген адам. Бірақ ол тапқан-тергенінің бір бөлігін жол полиция қызметкерлеріне беруге мәжбүр екенін айтады.

- Бір жерде жолда жүру ережесін бұзған болмашы нәрсе болса, жол полициясы келеді. Оған не қолына ақша беру керек немесе жүргізуші куәлігіне емтиханды қайта тапсыру керек. Қазір барлық жерде сол заман, барлық жерде – ақша, ақша, ақша... – дейді Ерғали Нүсіпжанов.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда пара алып қолға түскендер саны жыл сайын көбейіп келеді. Астанадағы заң академиясының ректоры, Қазақстан Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, 2003 жылы елде жемқорлыққа жататын 807 қылмыс жасалған болса, 2004 жылы олардың саны 1367-ге дейін өсіпті. Ал биылғы жылы, атқарылып жатқан шараларға қарамастан, бұл көрсеткіш тағы да ұлғайды дейді заңгер.

- Қылмыспен күрес кезінде, қандай қылмыс болмасын, оның өсуі пайда болады. Мысалы, 2003 жыл мен 2004 жылды салыстырып қарайтын болсаңыз, өте үлкен айырмашылық барын байқасыз, өйткені, бір қалтадан алып, екіншісіне беру аса бір үлкен емес, әлгі үйреніп қалған қылмыс болды.

Ал, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, жемқорлықпен күрес шаралары жасырынып келеді:

- Бізде сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі заңның бар екені рас, президенттің жарлығы да бар, арнайы құрылымдар да бар, президенттің жанындағы мемлекеттік комиссия да бар. Бірақ, біз дүние жүзінде 200-дей ел болса, соның 107 қатарда екенбіз. Осыдан бұрынырақ мен білетінмін 90-ыншы қатарда болатынбыз, қазір көтеріліп келе жатыр.

Депутат Ә.Бәкірдің айтуынша, жемқорлыққа қатысы бар жоғары лауазымды шенеуніктер жазаланып жатқан жоқ, сондықтан «майда шабақтар тұтылып, ірі шортандар құтылып жатыр» деген сөз бекер айтылмайды, дейді ол:

- Әлде де жариялылық жетпейді, оның мәліметтерін алу өте қиын. Мысалы, тәуелсіздік кезінде ондаған министрлер, ондаған әкімдер ауысты. Ал, солардың ішінде коррупциялық қылмыс жасалған жоқ деп ешкім айта алмайды. Оны мәлімет болмаған соң айтады, бірақ, жұрттың айтуына қарағанда, өзіміздің бақылауымызға қарағанда бар. Ал, солардың бір де біреуі коррупциямен ұсталып сотталды ма?

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Ерғали Мырзадинов бұл пікірмен келіспейді.

- Енді бізде жылына 700-800 іс тіркеледі, коррупция жөнінен. Биыл 4-5 айдың ішінде парақорлыққа қатысты тіркелген істер былтырға қарағанда 5-6 пайызға көптеу. Қазіргі уақытта өзіміздің құқық органдарының өндірістерінде үлкен істер тергеліп жатыр. Оның біреуі - «Қорғас» кеден бекетіндегі жайтқа қатысты. Ол істі кіші лауазымды қызметкердің ісі деп айта алмаймын. Бір облыстың кеден басқармасының бастықтары қылмысқа тартылып жатыр.

Мырзадинов мырзаның пікірінше, мемлекет болып осы құбылыспен күресуге болады. Сөзінің дәлелі ретінде ол Израил мен Голландияны мысалға келтірді:

- Шенеуніктерге әлеуметтік жағдай мықты жасалады. Айлығы жақсы, тұрғын үйі жақсы, барлық жағынан кепілдік беріледі. Екінші жағынан ондай мемлекеттік шенеунік жаңағыдай бір жағдай жасаса, жаңағының бәрінен айырылатынын жақсы біледі, қоғамда ол қарабет болғандай болады. . Сондықтан, Израил мен Голландияда төменгі сатыдағы шененуніктер арасында жемқорлық жағдайлары жоқ дейді. Соны біз зерттеп көріп, өзіміздің Қазақстанға неге енгізбейміз?!

Штаб-пәтері Лондонда орналасақан “Transparency international” халықаралық ұйымы жемқорлыққа қатысы бар елдердің рейтингін жыл сайын жариялап тұрады. Бұл тізімге әлемдегі 145 ел енгізілген. Қазақстан болса, сол тізімде 2000-ыншы жылы 84-інші орында болатын. Ал, биыл Қазақстан тізімнің соңына жақындап қалды, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG