Accessibility links

Желтоқсандықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Мамырдың 31-і күні Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бейбіт жиын өткізді. Жиналғандар осындан 20 жыл бұрын тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, шейіт болғандарды еске алып, Республика алаңындағы желтоқсан құрбандарына арналған тақтайша алдына гүл шоқтарын қойды.

Алматы қаласының Республика алаңында өткен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиынына республиканың әр түпкірінен келген азаматтар қатысты. Олардың бәрі де саяси қуғын көргендерін айтады. Солардың бірі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан келген Халелхан Әділханұлы:

«Біз шейіт болғандарды еске алу үшін, осыдан 20 жыл бұрын осы алаңға бірге шыққан жолдастарды көрейік деп келіп тұрмыз. Егемендікке қол жеткізуімізге осы желтоқсан оқиғасының ықпалы өте үлкен. Қызыл империяның саясатына ең алғашқы болып қарсы шыққан біз. Сол желтоқсан оқиғасынан кейін мен Алматыдағы Ташкент көшесіндегі түрмеге қамалып, көрмегенді көрдім. Желтоқсан оқиғасы менің өміріне өзінің таңбасын тастап кетті. Мен бүгінде сол уақыттағы саясаттың құрбаны болдым деп айта аламын», - деді.

Халелханмен бірге келген жолдастары да 1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы алаңдағы оқиғаны еске алды.

«Желтоқсанға өз еркіммен қатыстым. Ешкім мені күштеген жоқ. Бір жарым ай бірінші Алматыдағы тұрмеде жатып шықтым. Ол уақытта ауылда спорт нұсқаушысы болып жұмыс істейтін едім. Арнайы бұйрықпен жұмыстан қуылдым. Мұның бәрі менің өміріме кері өзгерістер алып келді. Барған жерім жұмысқа қабылдамады. Кейіннен желтоқсан оқиғасына қатысушы деген құжаттарымның барлығы жоқ болып кетті. Жазықсыз жапа шеккен мен әлі күнге дейін ақталған жоқпын», - дейді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсіміне Шымкент облысынан келген Бейсенбай Құсбеков есімді азамат.

Қазақстан парламенті жанындағы саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның сарапшысы Төлеген Әлжанов желтоқсан көтерлісіде жазықсыз зардап шеккендерге үкімет тарапынан әлі күнге тиісті назардың жоқ екендігін айтады.

«Ондай азаматтар саны елде мыңдап саналады. Оларға билік нақты көмек көрсетейік деп отырған жоқ. Әлеуметтік көмектер қарастырылу керек. Олар ақталу керек», - дейді Т.Әлжанов.

Бүгінгі еске алу шарасын ұйымдастырушылардың бірі желтоқсаншы Гүлбахрам Жүніс:

«1986 жылғы желтоқсан оқиғасының мәні біздер үшін аса зор. Біріншіден, оқиғаға саяси баға берілуі керек. Өйткені, біздің қатарымыздың 30 пайызы ғана ақталды. Ал Қазақстан бойынша, алаңға шыққан халықтың көбі әлі ақталған жоқ», - дейді.

Желтоқсандықтар ел президентінен желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға ресми мәртебе беруді талап етпекші.
XS
SM
MD
LG