Accessibility links

Билік өкілдері Алматы маңындағы Бақай ауылында бірнеше тұрғын үйлерді қиратты

  • Досан БАЙМОЛДА

Мамырдың 31-і күні таңертең полиция күштері Алматы маңындағы Бақай ауылы тұрғындарының өздігімен салып алған баспанасын бұзуға келді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бульдозер, трактор секілді ауыр техникамен келген билік өкілдері таңертең ертемен тыныш жатқан ауылдағы бірнеше үйді күрей бастаған. Ауыл тұрғындары билік өкілдеріне қарсылық танытты.

Гүлнар Сембиева осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының Райымбек ауданынан Алматы маңындағы Бақай ауылына көшіп келіпті. Гүлнар Алматы секілді үлкен қалаға жақын отырып, бала-шағасын оқытуды мақсат еткенін айтады. Осындағы өзге жұрт секілді, Гүлнар да ауылда бос жатқан көп жердің бір бөлігін өз бетімен қоршап, «жер менікі» деген адам болмаған соң, өзіне баспана тұрғыза бастапты. 3 бөлмелі үйдің қабырғасын көтеріп те қойған екен. Бірақ, мамырдың 31-күні Бақай ауылына келген билік өкілдері үй ішіндегі заттарды далаға лақтырып, келген бульдозер Гүлнардың үйін қиратып, тас-талқанын шығарған.

«Тірнектеп жиған азын-аулақ бар ақша-қаражатымызды осы үйге салған едік, енді қайда барып күн көреміз, кімге жалынып, кімнен көмек сұрайтынымызды білмей отырмын», - деп қапаланады 4 баланың анасы Гүлнар.

Сәрсенбі күнгі арнайы операция кезінде полиция күштері ауылда барлығы 4 үйді қиратыпты, ал бесінші үйді қиратпақ болған кезде, ауыл тұрғындары оларға қарсылық танытып, бұзуға жол бермеді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, полицияның жұмыстарын жалғастырмауына әсер еткен тағы бір нәрсе - үй қирату жұмысы кезінде бірнеше сәби баланың жарақаттанғаны туралы , тіпті, қираған үйінді астында қалып өлген деген хабардың тарағандығы болған. Алайда, оқиға болған жерге жеткен Азаттық тілшісіне әлгіндей суыт хабарға байланысты ауыл тұрғындары ауыз жарытарлық нақты бір нәрсе айтып бере алмады. Біреудің 6 айлық баласы арбада жатқан кезде полиция қызметкері оны білсе де далаға лақтырыпты немесе бір баланың далада құлап қалғанын көрген әке-шешесі оны ауруханаға қарай ала жөнеліпті деген секілді мағынада алып қашпа сөздер ауыл тұрғындары арасында гу-гу әңгіме боп тарапты.

Алматы қаласындағы республикалық жедел-жәрдем ауруханасының кезекші дәрігері сәрсенбі күні Бақай ауылында болған арнайы операция кезінде осы ауруханадан арнайы дәрігерлер тобының сол ауылға барғанын, бірақ онда қандай да бір жарақатқа ұшыраған бірде бір адамның болмағанын айтып отыр.

Бақай аулындағы тұрғындардың көбі өздерінің басқа барар жер, басар таулары жоқ екендіктерін алға тартып, сол себепті осы ауылдағы бос жатқан жерлерді өздігімен басып алғандарын мойындайды. Ол жерге иелік жөнінде қолдарында ешбір құжат жоқ болса да, олар бұл жерден енді айырылмайтындарын айтып, жергілікті билік осы жерді бұлардың иеліктеріне бергенше күресуге дайынбыз деген ұстанымда отыр.

Бақай ауылының тұрғындарынан жасақталған бір топ адам ауыл тұрғындарының арыз-шағымына жоғары биліктегілердің назарын аудармақ мақсатымен қазір Астанада жүр.
XS
SM
MD
LG