Accessibility links

Рим конференциясында құс тұмауы дерті талқыға түсті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Құс тұмауы дерті сақтық шараларына қарамастан әлем елдерінде одан әрі жалғасуда. Мысалы, бір ғана Румыния елінде соңғы кездері құстың 100 шақты ауруы тіркелген. Ал Индонезияда бұл дерттен 7 адам қаза тауып, енді бұл аурудың адамнан адамға өту қаупі мамандарды ойландыра бастады.

Рим конференциясында қандай негізгі мәселе талқыланды деген сұраққа БҰҰ-ның Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымының Рим бөлімшесінің бастығы Юген Доминик мырза:

- Негізгі мәселе – жыл құстарының сауда және өзге жағдайлармен салыстырғанда қаншалықты ауру тарататындығын анықтау. Сондай-ақ, жабайы құстар ол ауру вирусын қаншалықты ұзақ сақтай алатындығын білу, - дейді.

Ал Оңтүстік-шығыс Азиядан келетін жабайы құстардың құс тұмауын таратудағы рөлі жөнінде Доминик былай дейді:

- Оңтүстік-шығыс Азиядан, Азия, Сібір, Таяу шығыс, сондай-ақ, Шығыс, Батыс Еуропаға дейін тараған бұл ауруды жабайы құстар алып келуде. Ал фермалардағы құстардың өзі сол жабайы құстардан ауру жұққызуда.

Дегенмен, Дунай дельтасы аймағында табылған құс тұмауы мен үй құстарының ауруы арасанды бірнеше айлық үзіліс жағдайы да байқалған.

- Жабайы құстармен қатар, құс тұмауы дерті дәстүрлі немесе заңсыз сауда арқылы да тарайды. Бұл, негізінен, ел ішіндегі жағдай, - дейді дәрігер маман.

Кейбір жағдайларда құс тұмауынан деген жұрттың дұрыс хабардар болмағандығынан оны әсіре, шектен тыс даурықтырып жіберетін кездері де жоқ емес. Мұндай кезде ресми әкімшілікке қатты сын айтылып жатады.

- Кей кезде құс тұмауы жөнінде ресми әкімшілік үрей туғызып, мәліметті асыра сілтеп те жібереді. Ал мәлімет-дерек таратуда жасалатын шара шаш етектен. Бір хабармен халықтың жартысы құс еті мен жұмыртқасынан бас тартуы мүмкін. Сондықтан ауру шектеулі ғана жерде кездессе жаппай бақылау немесе карантин жариялау орынсыз болар еді, - дейді Доминик.

Батыс Еуропада үй құстарындағы вирустың тез тарамауын қадағалау мүмкіндігі бар. Себебі, құстар арнайы фермаларда жабық жағдайда ұсталады. Ал Шығыс Еуропа аймағында, мысалы, Румыния, Украина немесе Ресейде үлкен қалалардың өзінде жұрт құстарын, тауық, үйрек-қаздарын өз ауласында өсіріп, бағады. Ал олардың санитарлық жағдайын қатаң бақылап отырған әкімшілік жоқ есебі, дейді Доминик.

- Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне келсек, Батыс Еуропамен салыстырғанда, бұл аймақта ветеринарлық қызмет деңгейі бірдей емес. Дегенмен, бұл саладағы жұмыс жақсара түсуде, жедел алға жылжу байқалады. Сондықтан, Орталық және Шығыс Еуропада құс тұмауымен күресетін ұжымды көбейтіп, құс тұмауының алдын алатын шараға қаржыны молайту керек, - дейді, БҰҰ-ның Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымының Рим бөлішесінің бастығы Юген Доминик.
XS
SM
MD
LG