Accessibility links

Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда СПИД дертімен күрес саласында қандай нәтижелер бар?


БҰҰ-ның СПИД бойынша бірлескен бағдарламасының атқарушы директоры Питер Пайоттың айтуынша, Украина мен Ресейде вич вирусының таралуын бәсеңдету жолында біршама игі нәтижелер байқалады екен. Дегенмен, бұл екі елде жастар арасында СПИД дертінің тарауы жиілей бастаған. Ал діни консерватизм басымдау Орта Азия елдерінегі жағдай қалай?

Мәскеу сапарынан қайтқан доктор Питер Пайот Ресейдегі ВИЧ/СПИД жағдайына қатысты былай дейді:

- Мемлекеттік кеңестің мәжілісін басқарған президент Путин СПИД-ке қарсы күрeс шараларының жетекшілігін өз қолына алған. Алдымен қаржы мәселесі шешіліп, арнайы жоспар жасалған.

Дегенмен, СПИД-тің Ресей және көршілес елдердегі эволюциясына әлі де болса жеткілікті назар аударылмай отырғандығына доктор Пайот алаңдаулы. Оның айтуынша, ВИЧ вирусы Ресей, Украина және Орта Азия елдерінде тез тарауда.

Мамандардың айтуынша, ең әуелі, наркотик дәрілерін қолданушыларының арасында бір инеден бірнеше адамның пайдалануы нәтижесінде ол қауіпті вирус өзгелерге тарап отырады.

Ал енді, өткен 10 жылмен салыстырғанда Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда ВИЧ вирусын жұқтырғандарға қандай дәрігерлік көмек беріле бастағанына келер болсақ, осыдан он жыл бұрын бұл дертке кезіккен тек қана бай, дәулеттілердің ғана Батыс елдеріне барып ем алуға мүмкіндігі болған. Қазірдің өзінде олардың оннан бірі ғана ондай мүмкіндікке ие екен. Оның үстіне Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда наркомандарға қауым өгей баладай көзқараста болып, неге біз олар үшін бас қатыруымыз керек деген сыңайда болған. Ең қауіптісі - бұл аймақта ВИЧ дертін жастардың жұқтыруы жиілей бастаған. Бір ғана Ресейде жыл сайын СПИД-тен 800 мыңдай адам қайтыс болады екен.

Бұрынғы советтік елдерде, салыстырып қарағанда, ВИЧ/СПИД дертінің тарауында аймақтық өзгешеліктер де байқалады. Украина мен Ресейде ВИЧ вирусы айтарлықтай көп тараған. Мысалы, Ресейде 1 млн-дай адамда ВИЧ вирусы бар екен. Украинада ол вирус 60 адамның бірінде кездесетін көрінеді. Сондай-ақ, бұрын ол вирус ине арқылы жұқса, енді жыныстық қатынас арқылы берілуі көбірек байқала бастаған.

Орталық Азия елдерінде бұл эпидемия өзінің алғашқы тарау сатысында. Оған түрткі болып отырған негізгі жағдай - Ауған жерінен келіп, бұл аймақпен өзге елдерге өтіп жатқан героин болып тұр екен. Бірақ, бұл мұсылмандар басым аймақта жыныстық қатынаспен жұғатын дерт көлемін әзірше анықтау мүмкін болмай тұр дейді мамандар.

Ал енді СПИД вирусын жұқтырғандарға орай жұрттың көзқарасына келсек, доктор Пайоттың айтуынша, бұрынғы кеңестік Шығыс Еуропа мен Орта Азияда ол науқастарға халықтың көзқарасы өте нашар секілді. Ал Орта Азияда тіпті көп адам СПИД туралы ештеме білмейді екен.

Мысалы, АҚШ-тың өзінде 1980-жылдары СПИД жөнінде айтпауға тырысқан. Президент Рейганның өзі қызметінің соңғы кезегіне дейін СПИД жөнінде жақ ашпаған. Батыс Еуропада да солай болған. Пайоттың айтуынша, Украинада бұл орайда СПИД-ке кезіккендерге орай төзімділік сезімі пайда бола бастағандай. Мектептерден бастап ол дертке ұшырағандар да өзгелер секілді тең құқықты азамат дейтін түсінік беріле барстаған. Бірақ Ресейдегі жағдай мүшкілдеу екен. Дегенмен ол елде де соңғы кездері кейбір игілікті шаралар іске аса бастапты.

БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі бас қосуының алдында СПИД-пен күрес шарасына Ресей мен Украинаның дайындығы сөз болды.

- Меніңше, 2010-жылға дейін бұл екі елде СПИД дертімен күрес жаппай қолға алынып, ол дертке кезіккендердің бәрі түгел тиісті ем қабылдауына мүмкіндік туады. Яғни, науқастардың ол дерт жөніндегі білім деңгейі өсіп, оларды емдеу үшін қаражат бөлінетін болады. Мысалы, Ресейде ол үшін бюджеттен еселенген қаржы бөлуді жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ, СПИД-пен күресетін арнайы Ұлттық кеңес құрылмақ, - дейді доктор Пайот.

Алда атқарылар жұмыс көп, дегенмен сең қозғалды, пойыз жолға шықты, дейді БҰҰ-ның СПИД бойынша бірлескен бағдарламасының атқарушы директоры. Ал енді СПИД дертіне қарсы күресте Орталық Азия елдерінің дайындығы туралы маман төмендегідей пікір білдірді.

- Арасында Қазақстан да бар Орта Азия елдері мұнай-газға бай мекен. Бірақ, ол елдердегі негізгі халық кедейшілікте өмір сүріп келеді. Сондықтан СПИД-ке қарсы күрес үшін бұл аймақ елдеріне сырттан, өзге дәулетті елдерден көмек қажет болады. Өкінішке орай, халықаралық қауымдастық СПИД-пен күрес шараларында Орта Азия аймағына әзірше жеткілікті назар аударып отырған жоқ,- дейді доктор Питер Пайот.
XS
SM
MD
LG