Accessibility links

Оппозиция белсендісі балалар құқығын қорғау туралы жазу алып шыққаны үшін жауапқа тартылды


Маусымның 1-күні таңертең, Семей қаласын кесіп өтетін Ертіс өзеніндегі Полковничий аралында, полиция өкілдері оппозициялық «Алға» партиясының жергілікті белсендісін ұстап, әкімшілік жауапқа тартты. Бұл азамат Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне байланысты балалардың құқығын қорғау жайлы жазу алып шыққаны үшін жазықты болып отыр.

Бұған дейін оппозициялық «Алға» партиясының облыстық бөлімшесінің белсенділері маусымның 1-інде қалада Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрап, Семей қаласының әкімшілігіне өтінішін берген болатын. Бірақ жергілікті билік оны қанағаттандырмай тастады. Ал бейсенбі күні таңертең «Алға» партиясының Семейдегі кеңсесіне бір топ заң өкілдері келіп, олардың көшеге шығуы – заңсыз жиын ретінде бағаланатынын ескертті, деп хабарлады сол күні сағат 11-кезінде «Азаттық» радиосына, партияның облыстық бөлімшесінің жетекшісі Ерғазы Мұхамеджантегі.

- Біз 150-200-дей адам шақырып, балалармен бірге осы кеңседен қаладағы Әуезов даңғылына дейін баруды ниет еткен едік. Бірақ, таңертеңгі сағат 8-ден кеңсемізге қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары полковник Фахриев бастаған полиция қызметкерлері мен қалалық прокуратура өкілі келіп, бізді жібермеді. Енді Полковничий аралына барып, сол жердегі биологиялық орталық пен ядролық сынақ жарлысытарының құрбандарына орнатылған ескерткіш маңында балаларға арнап шаралар өткізбекшіміз, – деді Ерғазы Мұхамеджантегі.

Осылайша балалармен бірге Полковничий аралына барған оларды сол жерде полиция өкілі тоқтатып, Ерғазы Мұхамеджантегін заң бұзды деген айыппен алып кеткен. Оған қоса, билік өкілдері сол жерге барғандардың қолдарына ұстаған жазуларды да тәркілеген. Бұл жайында «Азаттық» радиосына Семей қалалық ішкі істер басқармасының баспасөзбен байланыс жөніндегі өкілі Елубай Оспанов мынадай түсініктеме берді:

- Әлгі жазуларды Мұхамеджантегі жазғанын оның өзі айтқаннан кейін, сол жердегі уческелік инспектор оған қарсы заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін іс қозғау жөнінде әкімшілік хаттама толтырды.

- Ал ол жазулардың мазмұны қандай?

- Онда «Балаларға жарқын болашақ!», «Балаларға тегін оқулық таратылсын!», «Балалар мен мұғалімдердің құқығы бұзылмауын талап етеміз!» деген сөздер жазылған. Бұл енді, заң тұрғысынан келгенде, осылайша ұрандар алып шығып, талаптар айту – митинг сипаттас деп тұжырымдалып отыр. Ал оның қаншалықты заңға сәйкес екенін – қалалық прокуратура мен сот шешетін болады.

«Алға» партиясының Семей қаласындағы бөлімшесінің жетекшісі Ерғазы Мұхамеджантегі соңғы 10 айдың ішінде осымен 4-ші рет әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Ал оппозициялық бағыттағы «Алға» партиясы болса өткен жылдан бері Қазақстанның әділет министрлігінен ресми тіркеуден өте алмай жүр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG