Accessibility links

Мәжіліс депуаты Серік Әбдрахманов: «Енді Транспорт Тауэрдің авторы халық қаһарманы атағын алатын шығар»

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Ішкі істер министрлігі қылмыстық кодекске «егер абайсызда адам өліміне, денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіруге әкеп соқса, үйлерді, ғимараттарды және автомобиль жолдарын сапасыз салғаны, жөндегені үшін» қылмыстық жауаптылық көздейтін нормалар енгізуді ұсынды. Бұл Парламент Мәжілісінде толықтай мақұлданды. Дегенмен сарапшылар ондай нормалардың басқа да заңдарда бар екенін айтады. Бірақ осы уақытқа дейін сапасыз құрылыс үшін ешкім жазаға тартылған емес деп отыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Шпекбаев соңғы уақытта Қазақстанда құрылыс саласының қатты дамуына байланысты Қылмыстық кодекске төмендегідей өзгерістерді енгізуді көздеп отырмыз дейді:

– Өлімге немесе ауыр зардаптарға әкеліп соққан жағдайларда сапасыз құрылыс пен жөндеу жүргізілгені үшін қылмыстық жауапкерлішік енгізіледі. Бұл шара профилактикалық сипатта болып отыр. Себебі ол төтенше оқиғалардың алдын алуға және нысандарды қабылдауға қатысатын құрылыс компаниялары мен ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бірақ Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов басқа да заңдық құжаттарда сапасыз құрылыс салғаны үшін жауапқа тартылатын нормалардың бар екенін айтады:

– Біздің бұрынғы заңдарымызда да тәртіп бұзушылыққа жауапкершілік ескерілген. Бірақ сол жауапқа біз тарта алмаймыз. Әсіресе, тәртіпті, заңды таптап өтсе, ірі деңгейде бұзса олардың мұртын балта шаппайды.

Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Шпекбаев ондай нормалардың барын жоққа шығармайды. Бірақ, сапасыз жол немесе құрылыс салғаны үшін олар тек әкімшілік жазаға ғана тартылып келген екен. Алайда Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов сапасыз құрылыстың барлығы жемқорлықтан шығады дейді:

– Сапасыз дүние заңсыз тендерлерден шығады. Тендерді қалтасында мөрі мен қаламы барлар ұтып алады да, өзіне тиістісін қалтасына салып, байғұс қарапайым құрылысшыларды қанайды. Мысалы, жол солай салынып келді. Мысалы, Астанада жаңадан салынған мектептің төбесі құлады. Соны салған құрылысшы – Астананың ең үздік құрылысшысы болып табылып орден алды. Кеше ана «зажигалка» бұрқ ете түсіп, күлі көкке ұшты. Енді ойлаймын, мұның авторы «халық қаһарманын» алатын шығар деп.

Бүгінде Астанада салынып жатқан тұрғын үй, ғимараттардың сырты алюкобонт материалымен қапталып жатыр. Ал таяуда ғана 37 қабатты «Транспорт Тауэр» ғимаратында шыққан өрт осы алюкобонттың сіріңкедей тез жанатынын көрсетті.

- Мен Астана әкімінің орынбасары болып тұрған кезде аталған алюкобонтты Астанаға әкелуге тиым салу жөнінде мәселе көтердім. Бірақ, құрылыс компаниялары оны біз Германиядан әкелеміз, сапасы өте жоғары деп дес бермеген. Енді таяуда Германияға сұрау салдым, олардан маған соңғы он жылдан бері алюкобондты өндірмейміз деген жауап келді, – дейді Мәжіліс депутаты Төлеген Мұхамеджанов.

Ал Астанадағы 50-ден астам құрылыс нысандарын салып жатқан BI-group компаниясының директоры Айдын Арқанбаев аталған құрылыс материалы жөнінде «Азаттық» радиосына қандай да бір жауап беруден бас тартты. Бірақ ол өздері салып жатқан құрылыстың сапасының жақсы екенін айтады.
XS
SM
MD
LG