Accessibility links

Ресейдегі Ислам университеті зайырлы бағдарлама ұсынады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Бұрынғы Кеңес одағындағы мұсылман азаматтары әдетте діни білім алу үшін шет елдерге сапар шегетін. Ал советтік одақ тарағаннан кейін, 1998-жылы тәуелсіз Ресейде, дәлірегі, Татар республикасының астанасы Қазан қаласында алғашқы ресми Ислам университеті ашылды. Ал енді бұл діни жоғары оқу орны бағдарламасына әкімшілік жаңа зайырлы пәндерді енгізуді жоспарлап жатқан көрінеді.

Бұрынғы атеистік бағыттағы советтік аймақта бұл алғашқы Ислам университетінің ашылғанына 8 жыл болды. Ал қазіргі кезде бір ғана Татарстан республикасында мыңнан астам мешіт бар. Ел астанасы Қазандағы мешіт саны 50-ден асады. Міне, соған қоса енді Қазандағы бұл Ислам университетінде Қасиетті Құрани Кәрімді, Шарият заңдарын, Араб тілін, Ислам елдері мәдениеті, тарихы, экономикасын жоғары деңгейде оқып үйрену үшін жастар келуде екен.

Бірақ жергілікті ресми әкімшілік Ислам білімін оқытуда бақылауды күшейтіп, енді бағдарламаға зайырлы пәндерді де енгізе бастапты. Мұндағы 200-дей жас шәкіртке енді діни пәндерге қоса тарих, тіл және ғылыми саладан жаңа курстарды оқуға кіріскен.

Татарстан Ғылым академиясының мүшесі, Университеттің жаңа ректоры Илдис Захидулинның радиомызға айтуынша, бағдарламадағы бұл өзгерістер Ислам біліміне деген жаңа, заманауи көзқарастан туындап отыр екен.

- Біз діни және зайырлы білім арасындағы тепе-теңдікті ұстамақпыз. Ресейдегі орта мектептерде Исламнан дәріс оқытылмайды. Сондықтан Шарият заңы мен Қасиетті құранды оқыту үшін жаңа бөлім ашылмақ. Оларға Араб және Құран тілінен қосымша сабақ ұсынылады, - дейді университет ректоры.

Ректордың айтуынша, Ислам бойынша арнайы бөлімдегі бағдарлама сол қалпында қалмақ. Бірақ енді шәкірттер, Дін және зайырлы сала бойынша екі түрлі диплом алады екен.

Захидуллин мырзаның айтуынша, болашақ имамдар, діни мамандар қоғамдағы жаңа құбылыстардан да жеткілікті деңгейде хабардар болуы керек екен. Бірақ кейбір пікірлерге қарағанда, бұл өзгерістер Исламшыл әсірешілдікке қарсы сақтық шарасы көрінеді.

Жаңа бағдарламаға қарсы болған шәкірттер осы мамырда шеруге де шыққан. Жаңа өзгеріске байланысты өз алаңдаушылығын бір келіншек былай жеткізеді:

– Егер біз дін сабақтарын қысқартсақ, онда жастар Ислам бойынша қайдан білім алады, бұған ешкім жауап бере алмайды. Мұны үкімет те ойлануы керек. Татарстанда соңғы кездері түрлі әсірешіл діни секталар пайда болды. Ал Ислам бағдарламасының қысқартылуының салдары жақсы болмас, - дейді ол келіншек.

Ғылым Академиясымен бірлесе бұл университетті ашқан Татарстан Мұсылмандарының діни басқармасы, Ислам діни сабақтары негізгі пән болып қалуы керек дейді. Сондықтан реформаны қайта қарау қажет деп есептейді ол басқарма басшылығы.

Ал шейх Равил Гайнуддин ол өзгерістерге қарсы емес. Бірақ, Ислам университетінің басшысы діни тұлға болуы қажет дейді.

– Біз осыны талап етеміз. Егер ректор дінге сенімді, берілген адам болмаса, имансыз кісі болса, онда Ресей және әлем мұсылмандары алдындағы абыройдан жұрдай боламыз, - дейді Равил Гайнуддин.

Міне, Ресейдегі халықтың 10 пайыздан астамы – яғни 20 млн-дай мұсылманның бір діни жоғары білім беретін оқу орнындағы қазіргі ахуал жағдайы осындай. Жалпы алғанда, Шешенстандағы тәуелсіздік әрекеті, АҚШ-тың терроршылыққа қарсы күрес науқаны радикалды Исламға қарсы қорқыныш-үрейін өсіріп жібергендей.

Дегенмен, Ресей муфтилер кеңесі үкіметтен жастарға Исламнан тереңдеу білім беретін мектептер жүйесін жасауға көмек берілуін сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG