Accessibility links

«Алға» халықтық партиясының автокөлігін полиция ұстап әкетті

  • Досан БАЙМОЛДА

Маусымның 6-сы күні Астанада, Қазақстан Жоғарғы сотында, әлі тіркелмеген «Алға» халықтық партиясының елдің Әділет министрлігі Тіркеу комитетіне қарсы берген шағымы бойынша сот тыңдауы өтпекші. Бұған дейін Астана қалалық соты «Алға» партиясын тіркемеу жөнінде Тіркеу комитетінің қабылдаған шешімін күшінде қалдырған болатын. Онымен келіспеген «Алға» партиясы Жоғарғы сотқа аппелациялық шағым арыз түсірген болатын.

«Алға» партиясы соттың ашық өтеді деп жариялануына байланысты, сейсенбі күні Астанадағы сот тыңдауына көп адам жиналуы мүмкін екендігін ескеріп, Алматыдан дыбыс күшейткіш арнайы құрал-жабдық және шағын генераторды Астанадағы өзінің бөлімшесіне жібермек болған. Осы техниканы артып алған «Форд» автокөлігін, ішіндегі 4 адамымен, дүйсенбі, маусымның 5-күні таңертең Алматыдан Астанаға шығатын жолда полиция өкілдері тоқтатып, машинаға артылған жүк пен құжаттарды тексерген. Көліктегілер барлық тиісті құжат-қағаздарын көрсеткенімен, полиция оларды Алматы қаласына кері қайтарып, автокөлікті Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің ауласына кіргізіп қойған.

Осы болған жайт жөнінде сол күні «Азаттық» тілшісіне берген түсініктемесінде «Алға» халықтық партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов полицияның бұл ісін түсінбей отырғандарын айтты. Оның пайымдауынша, осы әрекеттен билік орындары сейсенбі күнгі болатын сот процесіне қажетті техникалық құралдарды Астанаға жеткізбеуді көздеп отырғаны байқалады.

- Сондықтан, осы орын алған оқиғаға қатысты өз наразылығымды білдірген хатты мен бүгін Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың атына жолдадым, - деді ол.

Дүйсенбі күні түс ауа хабарласқанымызда, Алматы қаласындағы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші офицері полиция бөлімінің ауласында «Форд» маркалы автокөліктің тұрғанын растады. Алайда, полиция басқармасындағылар осы жайтқа қатысты «Азаттық» тішісіне нақты жауап, мәлімет бере алмайтындықтарын айтты.

«Полицияның бұндай әрекетінен соң, Жоғарғы сотта қаралатын істің«Алға» партиясының пайдасына шешілуі күмән туғызады», дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төралқа мүшесі Әміржан Қосанов. Оппозициялық қайраткер бұл іс бойынша тиісті шешім Жоғарғы сотта емес, одан басқа жерде - президент әкімшілігінде алдын ала қабылданып қойған деген тұжырым жасайды.
XS
SM
MD
LG