Accessibility links

Қастандық құрбандарының туған-туыстары қылмыстық іс бойынша сот процесінің Алматы қаласында өтуін талап етті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Маусымның 5-і күні Алматыда осыдан 4 ай бұрын қайғылы қазаға ұшыраған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі - Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің туған-туыстары арнайы мәлімдеме жасап, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмиге талап хат жолдады. Олар өз туыстарының қазасына байланысты қозғалған қылмыстық істің Алматы облыстық сотында қаралатындығына қарсы екендіктерін айтып, Жоғарғы сот төрағасынан бұл істі Алматы қаласында ашық сотта қарауды талап етіп отыр.

Дүйсенбі күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында арнайы мәлімдеме жасаған жәбірленушілер - Рысбек Сәрсенбайұлы, Жанат Байбосын және Ольга Журавлева қылмыстық іске байланысты сот процесін Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өткізу туралы ҚР Жоғарғы сотының шығарған шешімімен өздерінің келіспейтіндерін айтты.

Мамыр айының 31-і күні Жоғарғы соттың қаулысымен ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 293-294-баптарына сәйкес, күдіктілерді айыптауға қатысты қылмыстық істі қарайтын сот айқындалып, іс Алматы облыстық сотының қарауына жолданған болатын. Қылмыстық іске байланысты айып тағылып отырғандар арасында ҚР ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы қызметінің әскери қызметкерлері болғандықтан, бұл іс әскери сотта немесе қылмыстың жасалған жеріне қарай қаралуға тиіс еді. Бірақ әлгі айыпкерлердің өздері істі әскери сотта емес, облыстық сотта қарауды сұрап, арыз берген деп хабарланды. Осыған байланысты Жоғарғы сот айыпкерлердің өтінішін қанағаттандырды. Ал қастандық құрбаны болған марқұмдардың туыстары Жоғарғы соттың шешіміне қарсы уәж айтып отыр.

«Егер заңға сүйенсек, қылмыстық істі Алматы облыстық соты емес, әскери сот қарау керек. Өйткені, қылмыс жасағандардың барлығы офицерлер, «Арыстан» тобының жасақтары. Бұл жерде биліктің көздеген бір ғана мақсаты бар. Қылмыскерлер кімдер, оларға қандай жаза беріледі деген сұрақты білгісі келетіндерді ақиқат ақпараттан құр қалдыру. Сотқа қатысқысы келетіндер өте көп. Бұл жерде көп адамның көзінше сот өзінің былығын көрсетіп алса тіпті масқараға ұшырайды. Алматыда өтіп жатқан соттарды байқап жүрсіздер ғой. Сондықтан өз сорақылықтарын жасырып, халықаралық ұйымдардан алысырақ болу үшін Талдықорғанға жіберіп отыр. Мысалы, халықаралық ұйым өкілдері мен журналистер сот 2 ай болса 2 ай бойы Талдықорғанда жатпайды ғой. Қорыта айтқанда, шындық, ақиқат ақпарат халықққа жетпесін деп, жасырын-жабық қалсын деп істеп отырған амалдары бұл», - дейді, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.

Оның сөзіне осы іс бойынша жәбірленуші саналатын өзгелер де қосылады.

«Асыраушымнан айырылған менің Талдықорғанға барып, онда қонақ үйде жатып, сотқа қатысуға жағдайым жоқ. Мен де істің Алматы қаласында қаралғандығын талап етемін”, - дейді марқұм Василий Журавлевтің зайыбы Ольга Журавлева.

Жәбірленушілер қылмыстық істі Алматы облыстық сотында қарау туралы Жоғарғы соттың шығарған шешімінің күшін жойып, істі Алматы соттарының бірінде ашық қарауды талап етіп, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмиге талап арыз жолдады.

Бұл өтініш қанағаттандырылмаған жағдайда қаза тапқандардың туыстары сот мәжілісіне қатысудан бас тартпақшы.

«Біз сот мәжілісіне қатысудан бас тарта аламыз. Заң бойынша жәбірленушілердің қатысуынсыз сот мәжілісі өткізілмейді», - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Арнайы мәлімдеме жасаған жәбірленушілер ақпан айында Алматы түбінде орын алған қанды оқиғаны – мемлекеттің жеке азаматтарына жасаған қасқөйлік, қарақшылық қылмыстық әрекеті деп бағалаған болатын.

«Біз әлі де сол ойымыздан қайтпаймыз,” - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Р.Сәрсенбайұлы қазір қамауда отырғандардың қылмыстық әрекеті сотта дәлелденетін болса, олардың барлығына өлім жазасын сұрайтындығын жеткізді.
XS
SM
MD
LG