Accessibility links

Жоғарғы сот «Алға» партиясын тіркеуден бас тартқан мемлекеттік органның шешімін дұрыс деп тапты


Сейсенбі күні Қазақстанның Жоғарғы сотында «Алға» партиясын тіркеу мәселесіне қатысты соңғы тыңдау өтті. Қортындысында, Жоғарғы сот «Алға» партиясын тіркемей қойған Әділет министрлігі Тіркеу комитетінің ісін заңды деп, бұған дейін қалалық сот қабылдаған шешімді күшінде қалдыру туралы өз ұйғарымын жариялады.

Көпшілік арасында «Алға»-ДВК атауымен танымал болған осы партияның тағдырына алаңдаушылық танытқан партия мүшелері сейсенбі күні таңертең Астанадағы Ақ орда алаңына жинала бастаған сәтте, тәртіп сақшылары оларды автокөліктерге күштеп тиеп, Астанадағы Сарыарқа және Алматы аудандық ішкі істер бөлімдеріне апарған. Ұзын саны 200-дей «Алға» партиясының жақтаушыларын рұқсат етілмеген жиын өткізгені үшін әкімшілік жазаға тартып, олардың кейбіреуіне 20 мың теңгедей айыппұл салу туралы сот шешімін шығарып та үлгерген.

Сейсенбі күні «Алға» партиясын тіркемеуге қатысты, осы ұйымының Жоғарғы сотқа берген шағымы бойынша түпкілікті сот шешімі шыққаннан кейін, партияның төрағасы Асылбек Қожахметов «Азаттық» радиосына былай деп хабарлады:

- Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі коллегиясы партияны тіркеуден бас тартып, бұрынғы соттың шешімін күшінде қалдырды. Демек – біздің партияға тіркеу жоқ деген сөз!

Маусымның 6-күні Астанада өткен Жоғарғы соттағы соңғы тыңдауға «Алғалықтар» дайындықпен келген еді, бірақ билік олардың жоспарлаған бір де бір шарасын іске асырмай тастады. Біріншіден, «Алға» партиясының өкілдері сот залына сыймайтын өздеріне тілектес жұрт «Ақ орда» алаңында тұрып, соттың қалай өтіп жатқанын тікелей трансляциядан естіп тұрсын деп, арнайы құрал-жабдықты Алматыдан әкелмек болған еді. Бірақ заң адамдары осы құрал-жабдық тиелген автокөлікті дүйсенбі күні түсініксіз себептермен Алматыдан шыға берісте ұстап, қаладан жібермей қойды. Екіншіден, сейсенбі күні осы алаңда митинг өткізуге рұқсат сұрағанымен, билік оған он күн бұрын сұрау керек еді деген сылтаумен оған да рұқсат бермей қойған. Үшіншіден, осы сотқа арнайы қолдау білдіруге бара жатқан «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестіктің мүшелері отырған автобусты Алматыдан шыға берісте ұстап, әртүрлі себептермен оларды да жібермей қойыпты. Билік «Алға» партиясының Астанадағы бюро жетекшісі Мәукен Омаровты тіпті таң азаннан ұстап әкетіпті.

- Таңертеңгі сағат 7 жарымда мені милиция ұстап, машинамды бөлек, өзімді Сарыарқа аудандық ішкі істер бөліміне қамап қойды. Ешқандай кінә таққан жоқ, қайда жүрсің, неге тұрсың мұнда - вокзалда, дегеннен өзге түк айтпады. Еш айыбым болмаса да бес сағат қамауда отырдым. Қазір Алматы аудандық ішкі істер бөлімінде 100 адам отыр, соларды шығарып алуға бара жатырмыз, - деді ол сейсенбі күні түстен кейін «Азаттық» тілшісіне телефон арқылы.

Алматыдан Астана арнайы барған «Алға» партиясының белсенділерін ұстау вокзалдан басталса керек. Солардың бірі Ольга Залученова «Азаттық» тілшісіне өз басынан кешіргенін жеткізді:

- Таңғы сағат тоғыздар шамасында вокзалдағы алаңда құрбыммен әңгімелесіп тұр едім, қасымызға екі полиция келіп, құжаттарды тексерді де, қосымша тексеріс үшін деп, бізді бөлімшеге алып кетті. Міне, содан алты сағат бойы, еш түсініксіз Астанадағы Сарыарқа аудандық ішкі істер бөлімінде отырып шықтық. Шағым берейін десем, шағым алатын бөлім жабық боп шықты, олар түске дейін ғана жұмыс істейді екен.

Бұл оқиғалар жайлы бұрындары Жоғарғы соттың коллегия мүшесі болған, ал қазір Мәукен Омаровтың жақтаушысы болып жүрген Төлеген Ихсанов былай дейді:

- Ешқандай түсінікті себебі жоқ, ақылға симайтын, заңға қонбайтын істерді істеп жатқан полиция айтады, «бізге не қыл дейсіңдер, бәрі ана жақтан, бұйрық сол жақтан болып отыр ғой, біз бұйрықты ғана орындаймыз» деп, жоғарғы жаққа қолдарын шошайтады.

«Алға» партиясының баспасөз қызметі сейсенбі күні Астанада партияға қолдау білдіріп келген 200-дей адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

- Оларға негізінен айыппұл салып жатыр. Бұрын сотталған ба, жоқ па - соған қарап, 20 ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып жатыр, - деді партия жетекшісі Асылбек Қожахметов.

Осы жайттарға байланысты Астанадағы аудандық ішкі істер бөлімдеріне адамдардың не үшін ұсталғанын сұрамақ болып, сейсенбі күні телефон шалған «Азаттық» тілшісіне полиция бөлімдегілер «жауапты адамдармен бүгін байланысу мүмкін емес, олардың бәрі сот мәжілісіне шығып кеткен» деген жауаппен шектелді.

Тіркелмеген «Алға» партиясын Қазақстанда 2005 жылы сот шешімімен жабылған, халық арасында ДВК атымен таныс болған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының бірқатар мүшелері құрған. Олардың «Алға» партиясын тіркемек болып жүргеніне бір жылдай болды. Осы уақыт ішінде олар мемлекеттік орган тарапынан бірнеше мәрте кедергіге тап болды. Ең басында Әділет министрлігінің Тіркеу комитеті партияны қолдап, 61 мыңнан астам адамның аты-жөні көрсетіліп, қолдары жиналған тізімдегі 400-дей адамның қолдары жалған деп тапқан болатын. Ол кезде сол адамдарға полиция қызметкерлері барып, әртүрлі қорқытып-үркіту әрекеттері арқылы қолдарынан бас тартуын талап еткені туралы хабарлар да тараған еді.

Қазақстанда соңғы қабылданған «Партиялар туралы» заңға сәйкес, қатарында кемінде 50 мың мүшесі бар партия ғана мемлекеттік тіркеуге алынады деген талап бар.
XS
SM
MD
LG