Accessibility links

Иран, Өзбекстан және Сирия адам саудасы ерекше дамыған елдер қатарына қосылып отыр


Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің жылдық баяндамасында жарияланды. Сондай-ақ, арасында АҚШ-қа одақтас ел Сауд Арабиясы мемлекеті де бар, тағы да 9 ел адам саудасын тоқтата алмай отырған аймақ қатарында аталған.

Әлемдегі ондаған елде адам саудасының үдеп тұрғандығы шындық. АҚШ Конгресінің өзі бұл мәселеге арнайы назар аударып, Мемлекеттік департаментінің тікелей атсалысуымен жүйелі зерттеулер жүргізіп келеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы К.Райс ханымның өзі адам саудасы, құлдық жағдайға қарсы күресті заманымыздың үлкен моралдық рухани жауапкершілігі деп атап отыр. Райстың айтуынша, жыл сайын АҚШ-тың өзінде 800 мыңға дейін қыз-келіншек және жас балалар адам саудасының құрбаны болып, оның ащы зардабын шегеді екен.

– Дос бола ма, қас бола ма, бәрібір, кез келген елді біз адам саудасымен күресуге шақырамыз. Жыл өткен сайын адам саудасының үлкен қылмыс екенін үкіметтер түсіне бастады. Қылмыскерлермен күрес күшейіп, адам саудасының құрбаны болғандардың өмірін реттеуге көмек беріле бастады, - дейді К.Райс.

Адам саудасы мәселесін зерттеуші, аға кеңесші Джон Миллердің мәліметіне қарағанда, Ирандағы адам саудасы өткен жылмен салыстырғанда үдей түскен.

– Ирандағы жағдай бойынша дерек-мәлімет алу қиын, дегенмен адам саудасы құрбандарының азапталғандығы, тіпті өлтірілгендігі жөнінде бірқатар ақпаратқа иеміз. Бірақ, заң бойынша, саудаға түскен, зинақорлыққа жегілген, мәжбүрленген ол құрбандар жазаланбауы керек, - дейді зерттеуші.

Адам саудасымен күрес нашар жүргізіліп келе жатқан елдер қатарында Өзбекстан да аталған. Сондай-ақ, адам саудасы мәселесі бар елдер қатарында Үндістан, Мексика, Қытай және Ресей де аталған. Дегенмен жылдық баяндамада адам саудасы құрбандарын қорғауда, зерттеу жүргізуде, бейүкіметтік ұйымдармен қызметтес болудағы әрекеттеріне байланысты Ресейге мақтау айтылыпты. Бірақ, адам саудасына қарсы күрес заңының жоқтығы және сауда құрбаны болғандарға баспана берілуі нашар деңгейде болғандықтан Ресейге сын айтылады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл баяндамасындағы сыни тізімге Армения да іліккен. Армения әкімшілігі адам саудасы құрбандарына көмек беруде белсенділік таныта алмаған.

Украинада адам саудасымен күресетін 500 қызметкері бар департамент құрылыпты. Сондай-ақ, Украинада адам саудасы қылмысы үшін жазалау заңы күшейтілген. Сонымен, Украина Ауғанстан, Беларус, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан , Молдово, Тәжікстан секілді елдермен бірге 2-ші категориялы топқа еніп отыр.

Зерттеуші Джон Миллердің айтуынша, адам саудасы қылмыскерлерін тауып, заң бойынша жазалау саласында бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылыпты.

-Осыдан бірнеше жыл бұрын адам саудасымен шұғылданған жүз шақты қылмыскер ұсталса, өткен жылы 3000-дай, ал биыл 4700 адам сотталды. Бұл жаман көрсеткіш емес, - дейді зерттеуші.

Сондай-ақ, көптеген елдерде адам саудасы құрбандарына арнап баспана салына бастапты. Сонымен, К.Райстың атап өткеніндей, адам саудасымен күрес бойынша біршама жетістіктер де бар екен.
XS
SM
MD
LG