Accessibility links

Алматыда Қазақстандық үшінші инвестициялық саммит өз жұмысын бастады


Маусымның 8-і күні Алматыда Халықаралық «Интернешнл Геральд Трибун» газеті және Қазақстан үкіметінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстанның 3-ші инвестициялық саммиті ашылды. Оған Қазақстан президенті Н.Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Алматыда ашылған үшінші саммит жұмысына дүниежүзілік ірі инвестициялық компаниялардың өкілдері, экономика саласының сарапшылары мен мамандары бар, барлығы 400-дей адам қатысып отыр. Қазақстан жағынан елдегі қаржы, экономика саласының басшылары, сондай-ақ қаржы институттарының жетекшілері қатысып отыр.

Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың айтуынша соңғы жылдары Қазақстан экономикасы даму жағдайында, яғни Қазақстан экономикасының жылдық өсімі 10 процентті құрайды. Сондай ақ, соңғы 3 жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің мөлшері 30 процентке өскен. Қазақстан экономикасының осындай даму үрдісі алдағы уақытта тіпті жоғарылайтындығы ескерілсе 2008 жылы экономика жағдайы 2000 жылғы жағдаймен салыстырғанда екі есеге таяу өспекші деген болжам бар.

Қазақстан президенті Н.Назарбаев инвестициялық саммиттің ашылуында сөйлеген сөзінде сондай ақ шетел инвестициясының соңғы 12 жылда Қазақстан экономикасына кіргізген үлесі 50 млрд долларға жеткенін атады.

- Бұл осы уақыт ішінде Орталық Азияға келген жалпы инвестицияның 80 процентін құрайды. Тек 2003 жылы 5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған болса, 2005 жылы бұл көлем 1,5 есеге өсіп 6,5 млрд долларға жетіпті. Бүгінде дүниежүзінің 60-тан астам елі өз қаржысын Қазақстан экономикасына бағыттап отыр. Қазақстанға ең көп инвестиция салушы елдерге АҚШ, Нидерланды, Италия, Ұлыбритания және Қытай секілді елдер кіріп отыр, - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан президентінің айтуынша, әлем елдері арасында Қазақстанның мұнай-газ саласы инвестиция үшін тартымды деген көзқарас пікірлер бар. Алайда бұл мұнай-газ саласы мемлекеттік бюджеттің тек 25 процентін ғана беріп отыр. Қазақстанның негізгі кірісін тау-кен өндірістері, қара және өңді металл өндіру саласы, сондай-ақ темір, хром өндіру салалары құрайды.

Екі күнге жалғасатын саммит жұмысының алғашқы күні Қазақстанның инвестициялық хал-ахуалы төңірегінде инвестициялық ірі компаниялар мен қазақстандық экономика, қаржы саласының басшылары және экономика саласының сарапшылары өз ой пікірлерімен бөлісті.

Сондай ақ, саммиттің алғашқы күні Қазақстан үкіметі басшысынң орынбасары Кәрім Мәсімов, қаржы министрі Наталья Коржова, сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың бас хатшысы Григорий Рапота және «Нью-Иорк Таймс» компаниясының вице-президенті, «Интернешнл Геральд Трибун» басылымының қожайыны Майкл Голден секілді адамдар сөз сөйледі.
XS
SM
MD
LG