Accessibility links

Баспасөз шолуы. 06.08.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Алматы шетіндегі Бақай ауылының тұрғындары аштық жариялағандығын және оған қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің жауабын жариялады. Сонымен бірге басылымдарда парламент депутаты Серік Әбдірахмановтың Бас прокуратураны депутаттардың жеке өміріне қол сұққаны үшін айыптағандығы туралы жазылса, келесі бір газеттер елдің Әділет министрі Зағипа Балиеваның жеке меншігіндегі автокөлік қандай жолмен келгендегіне журналистік зерттеу жүргізіпті.

Алматы маңындағы Бақай ауылында қалыптасқан жағдайды баспасөз жіті қадағалап отыр. Мәселен, «Жас Алаш» газеті Бақай ықшам ауданының тұрғындары заңсыз салынған үйлерді бұзған заң органдарының өздеріне көрсеткен әлімжеттігіне наразылық ретінде аштық жариялағандығын жазды. «Аштық жариялағандардың арасында 8 баласы, 18 немересі бар 65 жастағы Айткүл Жапарқұлова да бар. «Сіздің орныңызға жастар барсын» деген ұсынысқа құлақ аспаған әжей, балаларымның орнына мен-ақ құрбан болайын, дейді. Аштық жариялағандардың саны алпысқа жуықтады» деп жазды «Жас Алаш».

Бұл уақытта «Шаңырақ және Бақай атынан Астана арнайы жіберілген адамдар ауылға депутаттардың хатын алып келді» деп жазды «Тасжарған» газеті. Бақай ауылындағы заң орындаушылардың әрекетін тоқтату туралы жазылған хатқа парламент мәжілісіндегі жетпіс жеті депутаттан қырық адам қол қойған. Сонымен қатар, аталған басылым Бақайдағы үйлерді бұзу барысында емшектегі баланың зардап шеккендігі туралы сыбыс Бақай ауылын кезіп жүргендігін жазыпты. «Бастамашыл топ ата-анасының баланы қолына ұстап, тас жолға қарай жүгіргенін көрген адамдардың айтқандарын тіркеп қойды. Ауыл ақсақалдары зардап шеккен отбасын тауып, сотқа арыз беруге үгіттеу үшін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр» деп жазды «Тасжарған». Сонымен қатар, бақайлықтар аталған басылымның тілшісіне бұл жерлерге Оңтүстік Кореяның құрылыс компаниясы қызығып отырғандығын айтқан. Жергілікті жұртшылықтың айтуларынша, Бақайдағы жерді «болашақ иегерлері» ойын-сауық орындарын салу жобасын бекітіп қойған», деп жазды «Тасжарған» газеті.

Алматының Шаңырақ және Бақай ауылдарындағы оқиғаларға қатысты қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың жауабын «Время» газеті басты. «Бақайда не болып жатыр?» деген тілші сұрағына әкім: «Заңның орындалуы ғана. Біз заңсыз үйлерді өзіміз солай қалаған соң бұзып жатқан жоқпыз, сот шешімін орындап жатырмыз», деп жауап берген. И.Тасмағамбетовтың айтуынша, Бақайдағы үйлерді бұзу барысында екі бала өліпті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. «Мұндай қауесет таратқандар өз сөзіне жауап беруі керек», дейді әкім. Ал бұзылған үйлердің тұрғындары баспанасыз қала ма деген сауалға И. Тасмағанбетов: «Шындығын айтайын: дәл қазір бұған менің жауабым жоқ» деген. Әкімнің айтуынша, Бақайдағы жерлерге бір вице-министрдің ірі компаниясы қызығып отыр екен деген әңгіме шындыққа жанаспайды. «Мәселе, ол жерлердің кімге берілетіндігінде емес, жерді басып алушылыққа қаланың қарсылығында», дейді И.Тасмағамбетов «Время» газетіне берген сұхбатында.

Аталған басылымда, сонымен қатар, мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың Бас прокуратураны депутаттардың жеке өміріне қол сұққаны үшін айыптағандығы туралы мақала басылды. Бұл сұрақтың Парламент қабырғасында көтерілуіне С.Әбдірахмановтың қолына түскен прокуратураның қызметтік хаты түрткі болған. Әскери, облыстық және Астана мен Алматы прокурорларына өткен жылы жолданған хатта: «парламенттегілермен тығыз қарым-қатынас орнату үшін прокуратура органдарының қызметкерлері мен депутаттар арасындағы туыстық және басқа да байланыстар туралы ақпаратты дайындауды сұраймын» делінген. «С.Әбдірахманов өзінің парламенттегі әріптестеріне прокуратураның депутаттардың жеке өмірі не үшін қызықтырып отырғандығын анықтауды ұсынды» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Депутаттар прокуратура хатының мәнін анықтап жатқанда, «Время» басылымы Әділет министрі Зағипа Балиеваның жеке меншігіндегі көліктің қандай жолмен келгендігі туралы зерттеу жүргізіпті. «Сәлеметсіз бе, мен Сіздің тәтеңізбін» деген тақырыппен басталатын мақалада өткен жылғы президент сайлауы қарсаңында Алматының жол полициясы ережені өрескел бұзған «Тойота Ланд Крузер-80» автокөлігін тоқтатқандығы, үкіметтік гараждың нөмірі бар мәшиненің иесі өзін Әділет министрі Зағипа Балиеваның жұбайы Мұхтар Балиев деп таныстырғандығы, артынша Астанадан соғылған телефон қоңырауынан соң ереже бұзған жүргізуші өз жолымен кете барғандығы жазылған. Осы оқиғадан соң бұл көлік жол полициясы тіркеуінен алынып тасталған және осы күнге дейін еш жерде тіркелгемен. Бұл жердегі мәселе, жол ережесінің бұзылғандығында емес, көліктің кімнің меншігі саналатындығында болып отыр. Мақала авторы Генадий Бендицкий су жаңа джип автомәшинесінің Орталық сайлау комиссиясының қажеттілігіне 1997 жылы алынғандығын анықтаған. «Сол кезде аталған комиссияны басқарған З.Балиева 2005 жылы әділет министрі қызметіне ауысатын болып, комиссия төрағасының соңғы шығарған шешімдерінің бірі өзінің атына жүктелген автокөлікті тозығы жеткен мәшине ретінде жеке қолға сату болыпты. Бұл автокөлік Алматы базарында кем дегенде 15-16 мың доллар тұрады» деп жазды «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG