Accessibility links

Мюнхен көшелері Әлем чемпионаты қарсаңында жандана түсті


Жұма күні басталатын футбол чемпионатын тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен адамдар Германияға жиналуда.

Мюнхенде әдеттегі кешкілік уақыт. Әлем чемпионаты деп жазылған жалаулардан басқа бұл қалада ерекше бір нәрсе болып жатыр деп айтуға да келмейтін шығар. Дүкен аралап жүргендер мен студенттер бір фонтанның жанында демалып, әңгімелесіп отыр. Ал осы фонтаннан бірнеше метрдей жерде скрипканың дыбысы шығып жатыр.

Скрипкада ойнап жатқан 74-жастағы сыған Адольф Лакатос Словакиядан келіпті. Мюнхендегі шетелдік қонақтарға Әлем чемпионатын тамашалау өте қызық болуы мүмкін, бірақ скрипкашы Лакатос Германияға ақша табу үшін келдім дейді.

«Мен бұл жерге бірнеше күн бұрын келдім. Біз жақта жұмыс жоқ, балаларым ұлғайып қалды. Сол үшін мен осы жерге келдім. 3-4 күннен кейін үйіме қайтамын», - деді Локатос.

Мюнхенде Лакатос сияқты бірнеше күннен кейін үйіне қайтқысы келетін адамдар көп емес, өйткені бұл елде көпшілік асыға күткен футбол чемпионаты төрт апта бойы жалғаспақ. Сондықтан Германияға қазір адамдар әлемнің әр түкпірінен ағылып келіп жатыр. Мюнхен көшелері шетелдіктермен толған.

Бразилиядан келген жанкүйерлер тобы елінің туын көтеріп алып билеп жатыр. Олар “Бразилия ойыншылары ең мықты” деп мақтанып жүр, Бразилия командасының әрдайымдағыдай жеңіске жетуіне қатты сенеді.

Осы жолғы футбол чемпионатында да Бразилия командасы жеңеді деп ойласыз ба? - деген сұраққа жанкүйерлер былай жауап берді:

- Әрине, Бразилия командасы жеңеді!

- Кака, Рональдино, Адриано, Роберто Карлос, Кафу сияқты мықты ойыншыларымыз тұрғанда, әрине Бразилия жеңіске жетеді!

- Рональдино әлемдегі ең керемет, мықты ойыншы! Бразилия - әлем чемпионы!

Дегенменде, әр елден келген жанкүйерлер өз командасының жеңіске жетуін қалайды емес пе? Бірақ кімнің жеңетінін, кімнің жеңілетінін уақыт көрсете жатар.

Ал жалпы Мюнхенде соңғы кездері ауа-райы салқындап кеткен болатын. Бірақ чемпионат жақындаған сайын қала көшелері туристер мен жанкүйерлерге толуда.
XS
SM
MD
LG