Accessibility links

Грузия елінің болашаққа бағыт-бағдары қалай өрбімек?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Грузия президентінің эстониялық кеңесшісі Грузия болашақта тұрақтылықты сақтай алады деген сенімде

Грузия президентінің кеңесшілігіне келгелі бергі бір айдай уақыттағы жұмысы жөнінде Эстонияның бұрынғы бас министрі Март Лаар былай дейді:

- Меніңше, бұл жұмысты қолға алу үшін мен Грузиядағы жағдаймен жақсы танысып үлгірдім. Бұл жердегі тіршілік маған Эстониядағы 1993-94 жылдардағы ахуалды есіме түсіреді. Көп ұқсастық, сондай-ақ, әрине, үлкен айырмашылық та бар.

Март Лаардың пікірінше, оның алдында үкіметтік экономикалық жұмыстарды өзара үйлестіретіндей үлкен міндет тұр. Бірақ саяси мәселені грузиндердің өзіне қалдырған жөн, дейді ол. Грузия мен Эстония арасындағы 1993-жылғы өзара ұқсастықтар жөнінде Лаар:

- Екі елде де экономика күйреді, өндіріс өнімдерінің сапасы төмен еді. Сондықтан, ол кезде шығыстық базардан батыстағы сапалы заттар шығаратын өндіріске қарай бет бұру қажет болды. Сондай-ақ, ол жоспарымызға қарсы болған Ресей қазіргі Грузиядағыдай Эстонияны да экономикалық қыспаққа алуға тырысқан болатын, - дейді.

Лаардың айтуынша, бұл ұқсастық бойынша жұмыс істеу нәтижелі болады.

- Грузия үкіметінің саясаты, мұндағы жас ресми қызметкерлердің әрекеті маған 90-жылдардағы өз елімдегі тіршілік-өмірді еске түсіреді, - дейді Лаар.

Бірақ оның пікірінше, Грузиядағы жағдай қиындау, күрделеніп кеткен. Өткен 15 жылдық кезеңде экономикалық инфрақұрылым барынша бұзылған.

- Ал бұл арада, 1993-95 жылғы кезбен салыстырғанда, Ресейдің байлық күш-құдіреті өркендеп, ол кездегі Эстониямен салыстырғанда қазір Грузияға жасап отырған өктемдігі әлде қайда күштірек, - дейді Лаар.

Кеңесшінің пікірінше, Грузия экономикасында алға жылжу байқалады, бірақ шетелдік үлкен инвестиция көмегінсіз табысқа жету өте қиын. Ол үшін Грузияға Еуропа одағының, тіпті бүкіл батыс елдерінің көмек-қолдауы қажет, дейді Лаар. Ол үшін Грузия ЕуроОдаққа жедел кіруі қажет пе деген сұраққа, Март Лаар:

– Жоқ, ЕуроОдаққа мүшелік мәселесі бұл - әзірше утопия, жай ғана қиял . Оны қаншалықты қалағанмен, ол жақын арада іске аса қоймас, - дейді

Ал, Солтүстік Атлантикалық әскери одаққа кіру мәселесіне келгенде, Лаардің пікірінше, ЕуроОдаққа қарағанда, Грузияның НАТО-ға қабылдану мүмкіндігі басымдау.

- Бұл менің тікелей міндетіме кірмейді, дегенмен, бұл мәселе де оңай шаруа емес. Барлық нәрсе Грузияның өзіне тікелей байланысты, - дейді Март Лаар.

Ол үшін алдымен саяси, экономикалық, әлеуметтік, әскери реформалар қажет, сонда ғана НАТО-ға мүшелік жөнінде айтуға болады, дейді кеңесші.

Дегенмен, тағы бір саяси мәселе, Грузия АҚШ-тан қолдау дәметкенімен Германия, Франция секілді елдер Ресеймен өзара мәмілені бұзбау жағында болмас па екен деген сұраққа, Мартин Лаари:

– Ия, реформалық өзгерістер алдында Грузияның Батыспен де өзара тіл табысуы үлкен бір маңызды мәселе, - дейді.

Сонымен, Грузия президентінің эстониялық кеңесшісінің мойындауынша, оның алдында реформалық жаңа бағдарламаны ойдағыдай іске асыру үшін Грузиядағы түрлі әкімшіліктің, тіпті бірнеше министрліктің жұмысын өзара нәтижелі үйлестіретіндей міндетті өз мойнына алуға тура келеді екен.
XS
SM
MD
LG