Accessibility links

Қоғамдық зерттеулер әлем алдында Американың беделі төмендеп бара жатқанын көрсетіп отыр


Бұл қортынды 15 мемлекетте жүргізілген жаңа сауалнаманың нәтижесінде пайда болып отыр. Көптеген азаматтардың пікірінше, әлемдегі бейбітшілікке қатер Ираннан емес, Құрама Штаттардың Ирақтағы әрекеттерінен келуде. Бұл жөнінде Уашингтонда орналасқан Пию зерттеу орталығы айтып отыр.

Пию зерттеу орталығының таяуда Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Африка елдерінде жүргізген сауалнамасына 17 мыңдай адам қатысқан екен. Оның барысында Құрама Штаттардың әлем алдындағы беделінің төмендегені байқалады. Мысалы, сұралған испандықтардың 25 пайызы ғана АҚШ-қа байланысты жақсы көзқараста екендіктерін білдірген. Өткен жылы ондай бағыттағы испандықтар саны 41 пайызды құраған екен. Түркияда бұл көрсеткіш өткен жылғы 23 пайыздан 12-ге түскен. Ал, Үндістанда 71 пайыздан 56 пайызға құлдилаған.

Британияның Нотингем университетінің Американың сырты істері бойынша талдаушысы, профессор Масию Джонстың пікірінше, бұл көрсеткіштер аса таң қаларлық қорытынды емес екен.

- Әсіресе, Ирақтағы соғыс, онда АҚШ әскерінің тұруы, сондай-ақ Ирақтағы көтерілістерге Американың бақылау орната алмай отырғаны және АҚШ әскерлерінің қолынан қарапайым азаматтардың қаза болып жатуы, сөз жоқ, Американың әлем алдындағы беделіне нұқсан келтіруде. Бұған қоса Гуантанамо түрмесінің әліге дейін өмір сүріп отырғаны және әл-Қайдаға қатысы бар деген күдікпен тұтқындаулардың жалғасып келе жатқандығы да бар. Мұның өзі әлемдегі Америка беделіне кері әсерін тигізіп отырған-басты проблемалар. Сондай-ақ әлгі түрменің жабылуын талап еткен үндер көбейе түсуде, - деді Джонс мырза.

Тек Құрама Штаттар, Нигерия және Үндістандық азаматтар ғана Ирақтағы соғыс әлемді қауіпсіз мекенге айналдыруда, деп жауап берген екен. Ал, ұлы Британиялықтардың 60 пайызы бұл соғыс әлемді қауіпті мекенге айналдырды десе, тек 30 пайызы ғана бұған керісінше пікір білдірген. АҚШ пен Германиядан басқа барлық елдердегі сұралғандар пікірінше, Иранның ядролық бағдарламасынан гөрі АҚШ әскерінің Ирақта тұруы әлем бейбітшілігі үшін зор қауіп болып отыр.

Дей тұрғанмен Пию орталығының бұл баяндамасында кейбір ортақ пікірлер де келтірілген екен. Өткен жылдарда Иранға байланысты алаңдаушылық көзқарас Еуропада айтарлықтай өсе түскен. Қазір Германиялық сұралғандардың жартысынан көбісі Иран мәселесін әлемге “үлкен қатер” деп біледі екен. Сауалнама жүргізілген елдегілердің көпшілігінің пікірінше, яролық қаруға ие болған Иран елі Израйльге шабуыл жасауы мүмкін. Сондай-ақ ол Құрама Штаттарына немесе Еуропа елдеріне шабуылдауы мүмкін екен. Нотингем университетінің сарапшы-профессоры Джонстың пікірінше, Иранға байланысты пікірлердің осындай біртектілігі Американың әлем алдындағы беделіне байланысты мазасызданып жүргендерге қолайлы жағдай туындатуы кәдік.
XS
SM
MD
LG