Accessibility links

Судья Л.Мерекенов сотқа қатысушы екі жақтың да сот ісін Алматыда қарауды сұраған өтініштерін қанағаттандырмай тастады


15-ші маусымда Талдықорған қаласында, белгілі қоғам қайраткері , әрі оппозицияның көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деген күдікпен қамалған Ержан Өтембаев, Рустам Ибрагимов, Виталий Мирошников және осы қылмысқа қатысы бар деп қамауға алынған өзге де азаматтарды - барлығы 10 адамның үстінен сәрсенбі күні басталған сот ісі жәбір көруші жақтың қатысуынсыз жалғасты. Бейсенбідегі сот отырысының негізгі қортындылары –сотқа қатысушы екі жақтың да «сот ісі Алматыда қаралсын» деген өтініштері қанағаттандырылмады. Бірақ сот ісі Талдықорғанда өтетін болып шешілгенімен, қажет деп табылған жағдайда, кейбір отырыстарды Алматыға барып өткізу мүмкіндігі де жоққа шығарылмады. Сонымен қатар, сот қамауға алынғандарды оларға тағылған айыппен таныстырды. Бірақ қамаудағылардың бәрі дерлік өздеріне тағылып отырған айыпты мойындаудан бас тартты.

15-ші маусымда қайта жалғасқан сот отырысы жәбір көруші жақтың қатысуынсыз өтті. Прокурор сотқа тартылған 10 адамға тағылып отырған, бірнеше баптан тұратын айыппен таныстырды. Ол айыптарды бұған дейін елдің ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов осы қылмыстық іске қатысты өткізген брифингтерде жариялап та қойған. Бірақ, негізгі айыпкерлер оларға тағылған бұл айыптармен келіспейтіндіктерін мәлімдеді.

- Мен айыппен келіспеймін және тағылып отырған айыпқа қатысты көзқарасымды жазбаша білдіремін, - деді, тергеу ісінде А.Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші ретінде қарастырылатын Ержан Өтембаев.

Ал, қылмысты ұйымдастырушы деп айыпталып отырған Рустам Ибрагимов:

- Мен өз жауабымды жәбір көрушілердің көзінше айтамын, - деді.

Сондай-ақ, осы қылмыстық іске қатысты деп ұсталып, сотқа тартылған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы тобының бұрынғы әскери қызметкерлері де өз айыптарын жартылай ғана мойындады. Атап айтқанда, олар Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің еркін жүріп-тұруын шектегендерін ғана мойындады.

Ал, А.Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Василий Журавлевтің өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған Алымжан Газиевтың қорғаушысы оның психикалық денсаулығының соңғы кезде нашарлағанын алға тартып, психиатриялық сараптаудан өткізу туралы сот төрағасына өтініш білдірді. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып , оны дүйсенбі күнге дейін тиісті сараптаудан өткізуді мойнына алды.

Сот төрағасы Лұхмат Мерекенов жәбір көруші жақ, яғни Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарының сотқа қатысу ниеті барлығын, ол үшін олар жақтаушы іздеп жатқандығы себепті сот ісін 19-шы маусымға қалдырылуын сұраған жеделхатымен таныстырды. Алайда бұл өтінішті прокурор Кириенко негізсіз деп тауып, судья онымен келіскенімен, артынша айыпталушы Газиевтың психикалық денсаулығы туралы өтініш түскен соң, сот ісінде дүйсенбі – маусымның 19-ына дейін үзіліс жарияланды. Сот төрағасы Л.Мерекенов Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанаттың соттағы өкілі Серікқали Мусин арқылы жәбірленуші жақтың соттың дүйсенбідегі жалғасына шақырылатыны, оларға барлық жағдай жасалатыны туралы сәлемдемесін жолдады.

15-ші маусымдағы сот ісі ұзақ уақыт соттың қайда өтуі керектігі туралы пікірталастың төңірегінде өрбіді. Заң бойынша сот ісі қылмыс орын алған және қылмыскерлерді тергеген жерде өтуі керек деген Серікқали Мусиннің талабы да, «Талдықорғанда жақтаушыларға жағдай жоқ, тіпті кейде электр жарығы, су болмай қалады, сондықтан сот ертерек, әрі тиімді өтсін десеңіз - Алматыда өтуі керек» деп шағымданған, 10 айыпталушының жақтаушыларының да уәжіне, сот төрағасы Л.Мерекенов, бұл сот Талдықорғанда өтуі керек деген Жоғарғы соттың шешімін алға тартып, ескерусіз қалдырды. Тағы бір ескерусіз қалғаны – адвокат Серікқали Мусин жәбір көрушілер тізіміне Алтынбек Сәрсенбайұлының барлық ағайындарын қосу керек және жәбір көруші деп заңды тұлға «Нағыз Ақ жол» саяси партиясын тану керек деген өтініші болды.
XS
SM
MD
LG