Accessibility links

Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының екінші саммиті өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Маусымның 17-сі күні Алматыда, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше елдердің басшылары қатысқан жоғары дәрежелі кездесу болып өтті. Саммит өткен Алматыдағы «Анкара» қонақ үйіне шетелдік және қазақстандық журналистер мен фототілшілер жіберілмеді. Олар тек саммитті Алматы қаласының орталығында орналасқан Қазақстан халықтары ассемблеясы мекен ететін «Достық үйінде» журналистерге қызмет көрсететін баспасөз орталығына қойылған екі үлкен телеэкраннан тамашалап отырды.

Ұйымдастырушылар бұны саммитке келген меймандардың қауіпсіздігі мәселесіне байланысты болар деген пікір айтты. Расында, саммит болардан бұрын Алматы көшелері полицейлерге толып кетті. Ресми бұлақтар саммитке байланысты тәртіп сақтау үшін Алматы қаласына көршілес обылыстардан да сақшылардың әкелінгендігін, ал саммит өтетін күні қаладағы тәртіп сақшыларының жалпы саны 3 мыңға жеткенін хабарлап жатты. Саммит басталған күні «Анкара» қонақ үйінің төбесінде тікұшақтар үнемі ұшып жүрді.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының екінші саммиті сенбі күні Алматы уақытымен таңертеңгі сағат 11.00-де басталды. Бұл жолғы саммитке Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Пәкістан, Қырығызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ауғанстан президенттері қатысты. Сондай-ақ, Тайланд үкіметінің басшысы және Моңғолия, Израйл, Түркия үкіметі басшыларының орынбасарлары және Иран, Үндістанның арнайы өкілдері қатысты. Саммитті Қазақстан президенті Н.Назарбаев сөз сөйлеп ашты. Ол ұйымға жаңа мүшенің - Корея Республикасының қосылғанын хабарлады. Сонымен ұйымға мүше мемлекеттер саны 18-ге жетті. Олар: Ауғанстан, Әзірбайжан, Үндістан, Мысыр, Израил, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Тайланд және Корея елдері. Ал ұйымға бақылаушы мәртебесіне 8 мемлекет ие: Австралия, Вьетнам, Малайзия, АҚШ, Жапония, Индонезия, Украина және Ливан.

Сондай-ақ, БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Араб елдерінің лигасы секілді бірқатар халықаралық ұйымдар Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына бақылаушы мәртебесіне ие.

Қазақстан президенті Н.Назарбаев ұйымның бүгінгі әлемде орын алып отырған қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі болғанын айта келе өзара кикілжіңдерге барып, ара-тұра бір-бірімен дүрдараз болып қалатын Азия елдерін келіссөздер арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізуге шақырды. Ал Қытай төрағасы Ху Цзинтао, Азия құрылығындағы елдердің дүниежүзінде қарқынды дамып келе жатқандығын айта келе, осы аймақта тұрақтылық пен бейбітшіліктің болуы бұл осы дамудың ең маңызды алғы шарты екендігін атады.

Ал Ресей президенті В.Путин өз кезегінде әркез диалог, әңгіменің қайшылыққа барудан, кикілжіңге кіруден артық, өміршең екендігін бұл ұйым көрсете алды, ал ұйымға мүше елдер, түрлі даму жағдайында болса да, өзара ынтымақтаса алу мүмкіндігіне ие екендігін осы ұйым көрсетіп отыр деді. Ауғанстан президенті Хамид Қарзай әлемде есірткіге қарсы күрес мәселесінде бұл ұйымның иеленетін орны ерекше екендігіне тоқталды. Өзбекстан президенті И.Кәрімов ұйым Азия құрылығындағы мемлекетаралық жанжалдарға көбірек көңіл бөлсе деген пікірін білдірді.

Саммитке қатысушылар Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының хатшылығын Алматы қаласында құру туралы келісімге қол қойып, ұйымның бас хатшысы ретінде Қазақстан өкілін сайлауға бірауыздан дауыс берді.

Саммит қортындысында қабылданған декларацияға сай, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының келесі саммиті 2010 жылы өтетін болып белгіленді.
XS
SM
MD
LG